"Назарбаев пен Мәсімовтің есімдері IPI-дегі қазақ қызы": Атышулы Эпштейн ісінде Қазақстан туралы қандай деректер жарияланған

АҚШ Әділет министрлігі қаңтар айында Джеффри Эпштейн ісі бойынша 3,5 миллион жаңа құжаттарды жариялады. Онда 400 реттей Қазақстан туралы айтылған. Сонымен қатар, осы іс ішінде жоғары лауазымды шенеуніктер Назарбаев пен Мәсімовтің есімдері, Алматы мен Астанаға сапарлар, сондай-ақ И. есімді жұмбақ қыз айтылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Джеффри Эпштейн кім?
Джеффри Эпштейн – америкалық миллиардер, қаржыгер. Ол бай адамдардың қаржысын басқарған, саясаткерлермен, бизнес элитамен, корольдік әулет өкілдерімен араласқан. Ұзақ уақыт бойы ықпалды байланыстарының арқасында жабық өмір сүріп келген.
Эпштейн кәмелетке толмаған қыздарды алдап, ақша беріп, оларды жыныстық сипаттағы қанауға тартты деп айыпталды. Тергеу нұсқасы бойынша, ол мұны жүйелі түрде, бірнеше жыл бойы жасаған және арнайы желі құрған.
Негізгі айыптар:
- кәмелетке толмағандарды жыныстық қанау;
- адам саудасына байланысты қылмыстар;
- жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық.
Джеффри Эпштейн 2008 жылы алғаш рет сотталып, жеңіл жаза алған, бұл шешім қоғам тарапынан қатты сынға ұшырады. 2019 жылы ол қайтадан қамауға алынып, өзіне ауыр айыптар тағылды. Сол жылы Эпштейннің Нью-Йорктегі түрмеде денесі табылды. Ал ресми нұсқа бойынша оның өлімі өз-өзіне қол жұмсау ретінде тіркелген. Алайда бұл жағдайға байланысты көптеген күмән мен жауапсыз сұрақтар әлі күнге дейін сақталып отыр.
Неге іс әлі де талқыланып жатыр? Себебі:
- ықпалды адамдармен байланысы болған;
- құжаттарында саясаткерлер, шенеуніктер, бизнесмендер аталады;
- оның желісіне қатысы болуы мүмкін адамдардың бәрі әлі толық жауапқа тартылған жоқ.
- Сондықтан АҚШ билігі құжаттарды кезең-кезеңімен жариялап жатыр.
31 қаңтарда АҚШ Әділет министрлігі Джеффри Эпштейн ісіне қатысты 3 миллион бет құжат, 180 мың фото және 2 мың видео жариялады.
“Нью-Йоркте керемет уақыт өткіздік": Назарбаев пен Мәсімовтің Эпштейнмен қандай байланысы бар
Белгілі болғандай, Эпштейннің хат алмасуында болған аналитикалық материалдардың ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі аталады. Мысалы, Назарбаевтың Сауд Арабиясының ханзадасы Әл-Уалид бин Талалмен кездесуі туралы мәлімет келтіріледі. Файлдарда оның байланыс ортасы, соның ішінде Орталық Азия саясаткерлері арасындағы қарым-қатынастары туралы айтылады. Алайда кездесулердің сипаты мен талқыланған мәселелер жөнінде нақты ақпарат берілмеген. Қазақстанның тұңғыш президентінің есімі анықтамалық сипатта ғана көрсетілген.
Сонымен қатар жарияланған файлдарда ҚР-ның бұрынғы премьер-министрі әрі ҰҚК-нің экс-төрағасы Карім Мәсімовтың да есімі кездеседі. Атап айтқанда, бұл – электрондық хаттар, олардың ішінде қандай да бір заңсыз әрекеттер туралы мәлімет жоқ. Бұл материалдар 2011–2015 жылдарға жатады. Мысалы, Эпштейнге жолданған бір хатта белгісіз жіберуші Қазақстанда Мәсімовпен көрші тұратынын айтып, оның Эпштейнге таныс-таныс еместігін сұрайды. Басқа бір хат алмасуда жіберуші Эпштейнге Мәсәмовке "сәлем жолдағанын" жазған. Онда ол "К.-ны менің атымнан құшақтай сал. Біз Нью-Йоркте керемет уақыт өткіздік" деген. Материалдарда "Келімбетов" тегі де бірнеше рет аталады.
Сондай-ақ АҚШ Әділет министрлігі жариялаған нұсқадағы мазмұнына қарағанда, саяси тұрғыдан аса маңызды деп бағаланбайтын өзге де хат алмасулар бар.
Файлдарда Карім Мәсімовтың Джеффри Эпштейнмен жеке кездесулері туралы ешқандай ақпарат жоқ.
Қазақстанға тұрақты сапарлар: Белгісіз генералмен кездесу
Құжаттар Қазақстанға сапарлардың алдын ала жоспарланып, егжей-тегжейлі талқыланғанын көрсетеді. 2014 жылғы 7 наурыздағы хат алмасу сапар мен кездесулерді жоспарлаудан басталады. Хаттарда кесте мен жол жүру бағытының нақты тұстары талқыланған.
Хат алмасуда 2014 жылғы наурыз айына жоспарланған кездесулер мен сапарлар талқыланады. Белгісіз адам Д. мен С.-ға жазған хатында Джеффри және америкалық бизнесмен Т. М.-мен кездесу 14 наурыз, жұма күні сағат 16:00-де өтетінін хабарлайды. Ол бұл уақыттың Л. үшін ыңғайлы-ыңғайсыз екенін сұрап, Қазақстанға бару мәселесін Джеффримен әлі талқылайтынын айтады. Сондай-ақ виза қажет екені туралы ескерткені үшін алғыс білдіреді.
Жауапта Л.-ның 13 наурыз күні Нью-Йоркте іс-шарасы бар екені, бірақ сабақтан кейін сағат 14:00-де ұшып, шамамен 16:00-де кездесуге үлгеретіні жазылған. Ол кешкі 18:00-дегі баяндамасына дейін уақыт таба алады. Сонымен қатар тараптар 19 наурызда Қазақстанға кешкі рейспен барып, бірнеше күн болуды алдын ала келіскені айтылады.
Бірнеше күннен кейін, 12 наурыз 2014 жылы, хат алмасуға қатысушылардың бірі Эпштейнге жолда екенін хабарлап, кейін:
"Алматыға жаңа ғана қондым!" – деп жазады.
Құжаттарда сондай-ақ сапарлардың жеке ұшақпен жүзеге асқаны көрсетілген. Ұшу бағыттары ретінде Алматы мен Астана нақты белгіленген.
Бұдан бөлек, маршрутта Мәскеу, Рига, Вильнюс және Минск қалалары арқылы транзиттік аялдамалар болғаны, ұшу уақыты мен жанармай құю қажеттілігі де егжей-тегжейлі жазылған.
Тағы бір сапар туралы 2019 жылғы мамырда жазылған хаттарда айтылады. Онда хат жазған адам Қазақстаннан жаңа ғана оралғанын хабарлайды.
Кейін одан сапар қалай өткенін сұрайды. Жауабында ол мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты бір генералмен кездескенін, онымен ұзақ сөйлескенін айтады және оны "өте жақсы адам" деп сипаттайды.
Алайда бұл генералдың нақты кім екені белгісіз, өйткені құжаттарда көптеген есімдер әдейі өшірілген.
"IPI-дегі қазақ қызы арзан қонақүй ұсынуды сұрады”
Құжаттарда International Peace Institute (IPI) ұйымында жұмыс істеген И. А. есімді әйел бірнеше рет аталады. Хат алмасуларда Эпштейннің адамдары оны "the Kazakh girl from the IPI", "IPI-дегі қазақ қызы" деп атайды.
Материалдарға қарағанда, И. Эпштейннің кездесулерін ұйымдастыруға қатысқан және оның қызметкерлерінен көмек сұраған. Мысалы, бір хатта ол екі түнге арзан баспана ұсынуды өтінеді.
"И. (IPI-дегі қазақ қызы) меннен екі түнге (3–4 қазан) арзан қонақүй ұсынуды сұрады. Оған апартамент берейік пе?"
2015 жылғы 9 шілдедегі хатта Эпштейннің бұрынғы офис-ассистенті Л. Г. И.-мен байланысып, Джеффри Эпштейннің келу уақытын келесі күнге ауыстырады:
"Құдай-ай! Джеффри ұшудан әбден шаршаған және кездесуді ертең деп ойлапты! Мен И.-мен сөйлестім, Джеффри ертең 12:30-да келеді! Барлығы дұрыс", — деп жазады Г.
Жарияланған құжаттарда "қазақ қызы И." деген есім кемінде 38 рет кездеседі.
“Оларға жылына 3–5 миллион деп айт": Эпштейнге Қазақстан туралы аналитикалық жазба жіберілген
Құжаттарда Эпштейнмен байланысы болуы мүмкін құрылымдармен Қазақстанның бір мемлекеттік мекемесі арасындағы келісімшарт та аталады. Оған сәйкес, 2014 жылғы қаңтарда бұл мекеме International Peace Institute-пен жылына 400 мың доллар көлеміндегі келісім жасасқан. Келісім валюталық саясат пен резервтерді басқару мәселелері бойынша төрт кездесуді қарастырған.
Сонымен қатар хат алмасулардың бірінде АҚШ-тың бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірі Қазақстан тақырыбына тұрақты қызығушылық танытып, Эпштейнге Kazakhstan деген тақырыппен хаттар жолдап отырғаны көрінеді.
2015 жылғы мамырда делдал Эпштейнге Қазақстан жөніндегі аналитикалық жазбаны жіберген. Құжатта елдің экономикалық және геосаяси сын-қатерлері сипатталған. Эпштейн оған қысқа нұсқау береді:
"Оларға жылына 3–5 миллион деп айт"
Бұл соманың кімге және қандай мақсатта қажет болғаны нақтыланбаған.
АҚШ Әділет министрлігі сайтындағы іздеу жүйесінің мәліметінше, жарияланған материалдарда:
- "Астана" сөзі – 198 рет,
- "Алматы" – 74 рет,
- "Қазақстан" – 417 рет кездеседі.
"TikTok арқылы жарын жолықтырып, заңгерден әншілікке өткен": Желіде танымал болған қазақстандықтар қалай жетістікке жеткенін айтып берді