Назарбаев: Ниязымбетов пен Левитті Олимпиада чемпиондары деп есептеу керек
Бүгін Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ жазғы олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдап, салтанатты шара өткізілді. Бұл туралы BNews.kz хабарлайды.
Фото: Қазақпарат
“Риодағы олимпиялық тұғырда еліміздің әнұраны үш рет шырқалып, туымыз қалықтағаны үшін біз мақтанамыз. Бұл ретте боксшы Данияр Елеусінов, ауыр атлет Ниджат Рахимов және еліміздің жүзу спорты тарихында олимпиада алтынын алған Дмитрий Баландиннің жеңістері көпке үлгі. Енді елімізде көптеген балалар жүзу спортымен айналыса бастайды деп ойлаймын”, – деді президент.
Нұрсұлтан Назарбаев 5 күміс, 9 қола еншілеген біздің спортшылар да ел мерейін тасытты деп атап өтті. Бұл Қазақстанның алған бағыты айқын екенін көрсетеді деді мемлекет басшысы. “Әрбір күмісті болашақтағы алтын деп есептеу қажет” дейді президент.
“Дзюдошы Елдос Сметов пен Отгонцэцег Галбадрах Олимпиаданың алғашқы күндерінде-ақ жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл эстафетаны әрі қарай боксшыларымыз сәтті жалғады. Олимпиаданың вице-чемпиондары Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левиттің де еңбегі орасан. Біз сіздерді бәрібір Олимпиада чемпионы деп есептейміз. Сол себепті мен сіздерді алтын медаль алған спортшылармен бір қатарда марапаттаймын”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, президент өткен олимпиаданың чемпиондарын неліктен бұл жолы қатыстырмағанының себебі белгісіз екенін айтты. “Спорт болғандықтан әркез жаттығу жасап, дайындалу керек. Барлығы келесі олимпиадаға дайындалады. Ешкім бір орында тұрып қалмайды”, – деді мемлекет басшысы.
Бүгін Астанада олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері қатысқан авто шеру болып өтті. Чемпиондар кортежі “Қазақстан” концерт залына қарай бағыт алып, мемлекет басшысының құттықтауын қабылдаған болатын.
Еске сала кетсек, Василий Левит Рио олимпиадасының күміс жүлдегері атанған еді. Ол финалда ресейлік Евгений Тищенкомен кездесіп, қазылар шешімімен 3:0 есебімен жеңілген. Левиттің жекпе-жек бойына басым болып, қарсыласының соққының астына ала тұра жеңілуі жанкүйерлер мен спорт мамандарының ашуын тудырған.
AIBA ережесі бойынша, ел федерациясы жекпе-жек нәтижесіне қатысты шағым түсіре алмайды. Кейінірек аталмыш кездесуге қазылық жасағантөрешілердің спорттық шаралардан шеттетілгені мәлім болды.
Оқи отырыңыз:
Әділбек Ниязымбетов: Өзім таңдаған аруым бар
Ниязымбетов: Қиянатқа қалай шыдауға болады, айтыңдаршы…
Егор Мехонцов: Әділбекті ұтқан кубалықтың өнері бокс емес порнография