"Үшінші тарапқа неге қозғау салмаймыз": Оқу-ағарту министрі ата-аналардың жауапкершілігі ұмыт қалғанын сынға алды
Фото: Видеодан скриншот
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру жүйесіндегі қазіргі мәселелерді көтеріп, ата-аналар да, қоғам да бала тәрбиесіндегі бар жауапкершілікті мектепке артып қойғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Qogam News бағдарламасына берген сұхбатында министр Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде болған жағдайды сөз етіп, бұл жағдайдағы өз ұстанымын білдірді.
"Білім беру жүйесі нәзік жүйе екенін түсінуіміз керек. Кейде хайп қуғыштар отқа май құйғанды жақсы көреді. Бұл жағдайда мұғалімді де, баланы да айыптамай, бұл тақырыпты бүкіл қоғамға сабақ ретінде қарастырумыз керек. Сонда ұтарымыз көп болады, қоғам балаға да, ұстазға да құрметпен және жауапкершілікпен қарайтын болады. Бұл жағдай жалпы қоғамға, әр адамға тағы да барынша жауапты болу керек екенін ұғындыруы керек. Мен министр ретінде мұғалімді де, баланы да қорғауым керек. Бұл жағдайда қоғамға не істеуге болмайтынын көрсеттік", – дейді Бейсембаев.
Бұл ретте оқу-ағарту саласына жауапты министр ата-анаға артылар жауапкершілік жүгі зор екенін атап өтті.
"Ата-аналар ата-ананың да жауапкершілігі зор екенін түсінуі керек. Мұғалімдер туралы, бала туралы айтты, ал ата-ана қайда қалды? Неге үшінші тарапқа да қозғау салмаймыз? Үнемі ата-ананың жауапкершілігін ұмыт қалдырамыз. Ата-ана жауапкершілігі туралы шынайы сөз қозғамасақ бұл жайт ешкімге сабақ болмайды. Қоғам бұл жағдайдан шынайы сабақ алғысы келсе, мектеп, мұғалім және бала тақырыбынан ата-ана тақырыбына ойысуымыз керек. Мұндай жағдайда ата-аналар өз-өзін қалай ұстайтынына көбірек назар аударуымыз қажет", – дейді ол.
Осы тұста министр "мектепке телефонын алып, басқыншылардай баса-көктеп баратын ата-аналардың" әркетін сынға алды.
"Өткен жылы көктемде ата-аналар қауымдастығымен кездескеде кейде әлеуметтік желілерден ата-аналардың мектепке басқыншылардай баса-көктеп кіретінін байқап қалатынымды айтты. Телефонын алып, мектепке баса-көктеп кіреді. Бұлай істеуге болмайды. Мұғалімдер білім берумен айналысады, оқушыларға қамқор болады, мектепте олардың ойы бөлінбеуі керек, баламен жұмыс істеуі керек. Ата-аналар келіп, (видеоға – ред.) түсіріп, буллинг көрсетіп кетсе, ол мұғалімнің, білім беру ұйымы басшысының өз-өзіне келуіне қаншама уақыт кетеді. Ата-аналардың мектепке баса-көктеп кіріп, мектеп директорына, мектеп әкімшілігіне қысым көрсеткенін көрдім. Әріптестеріме педагогикалық мәдениетті еске отырып, осындай қысымға төтеп беруге тура келеді. Сондықтан мұғалімдерді қорқытып-үркітуге, педагог қызметін атқаруына кедергі келтіруге болмайды ", – деп Бейсенбаев мұндай әрекеттерді бұзақылық ретінде бағалап, жаппай жауапқа тарта бастау керек екенін алға тартты.
Сондай-ақ оқу-ағарту министрлігі басшысы республикалық ата-аналар комитетін құру арқылы осы бағытта біраз жұмыс атқаруды жоспарлап отырғанын айтып өтті.
"Ата-аналар өз міндетін әрдайым лайықты атқара бермейтінін, оның салдары ауыр болатынын түсініп отырсыздар. Назарбаев зияткерлік мектебінде болған жағдайдың өзі де ата-аналардың білім беру ұйымдарына, атап айтқанда, мұғалімге сенімсіздік танытанын көрсетті. Балаларымыз сапалы білім алсын десек, білім беру ұйымына, соның ішінде сол ұйымдарда жұмыс істейтін қызметкерлерге сенім білдіруден бастауымыз керек. Халықаралықты тәжірбиені сөз еткенді жақсы көреміз. Жапония туралы айтып, "Неге Финляндияның тәжірбиесін енгізбейміз?" дейміз. Алайда көпшілік білім беру сапасы феномені туралы финдердің өзі не дейтінін біле бермейді. Олар ең басты феномен ретінде қоғамның білім беру жүйесіне сенім артатынын алға тартады. Олар білім беру жүйесіне араласпайды. Ал бізде әрбір ата-ана қалай оқыту керек екенін біледі. Әрбір ата-ана баланы қалай тәрбиелеу керек екенін біледі, бірақ неге екенін тәрбиелемейді, үйретпейді", – деді министр.
Ол елімізде ата-ана да, қоғам да бар жауапкершілікті мектепке артып қоятын тенденция белең алып келе жатқанын атап өтті.
"Соңғы кезде қоғам да, ата-аналар да, өкінішке қарай, әкімдіктер де, тіпті кейбір мемлекеттік органдар да қоғамда болып жатқан бар жауапкершілікті педагогикалық қауымдастыққа артып қою тенденциясы белең ала бастады. Елде қандай да бір жағдай болса, тәрбие жұмысын сөз етіп, білім беру ұйымдарына қандай да бір пәнді енгізу мәселесін көтереді. Маған балалар қатыгез екенін айтады. Алайда мектепте ата-аналар бір-бірімен төбелесіп жатады. Өткен жылы ата-аналар жиналысында екі ана бір-бірімен төбелескен. Осыны көрген бала өзін қалай ұстауы керек? Балалар – ересектердің айнасы. Біз қандай болсақ, балалар да сондай. Сондықтан, ең алдымен, дереу ойланып, өзіміздің іс-әрекетімізді бағамдауымыз керек", – деді ол.
Назарбаев мектебінде болған жағдайда Мұрат Әбенов, Ирина Смирнова сияқты депуттатар оқушыға барынша жақтасқан еді. Министр осы тұрғыда пікірін білдіріп, мұғалімді қолдайтынын айтты.
"Шынымдай айтсам, ештеңе айта алмаймын. Біріншіден, ол адамдарды жақсы танимын. Бәлкім олар баланы қорғап, дұрыс істеп жатырмыз деген ойлаған шығар, бір жағынан бұл да дұрыс. Негізі қоғам да баланы қорғайды. Ешкім баланы қорғауға болмайды деп отырған жоқ. Баланы қорғау керек. Алайда бұл жерде субъект тұрғысынан емес, болған жағдай тұрғысынан қарауымыз керек. Егер бұл жағдайда ары қарай субъект негізінде шешім қабылдайтын болсақ, мұның түбі жақсылаққа апармайды. Әріптестеріме ешқашан кінә артпаймын. Өйткені әр адам сөзі мен ісіне толық жауапты болуы керек. Бұл жағдайда мұғалімдерді қолдаймын. Жағдайды айтыптап, мұғалімді қорғаймын", – деп түйіндеді сөзін Бейсембаев.