Назарбаев кезінде билікте болған шенеуніктер қазір қайда жүр
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен соң, оның тұсында түрлі министрлік тізгінін ұстаған шенеуніктердің тағдыры әрқилы болды. Бірі әлі саясат сахнасында жүрсе, бірі бизнеске бет бұрды, енді бірі жемқорлықпен сотталды. Stan.kz бұрынғы президент тұсында қызмет еткен шенеуніктердің қазір немен айналысып жүргенін анықтап көрді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі кезіндегі соңғы Үкімет 2019 жылдың ақпан айында бекітілді. Сол кездегі үкіметтің құрамында:
– Премьер-министр – Асқар Мамин;
– Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі – Әлихан Смайылов;
– Премьер-министрдің орынбасары – Жеңіс Қасымбек;
– Премьер-министрдің орынбасары – Гүлшара Әбдіқалықова;
– Сыртқы істер министрі – Бейбіт Атамқұлов;
– Қорғаныс министрі – Нұрлан Ермекбаев;
– Ішкі істер министрі – Ерлан Тұрғымбаев;
– Ақпарат және әлеуметтік даму министрі – Дәурен Абаев;
– Әділет министрі – Марат Бекетаев;
– Денсаулық сақтау министрі – Елжан Біртанов;
– Мәдениет және спорт министрі – Арыстанбек Мұхамедиұлы;
Осыдан кейін 2019 жылдың 19 наурызында Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттілігін тоқтату туралы шешім қабылдады. Десе де Үкімет жыл басында жасақталған құрамын сақтап қалды.
Асқар Мамин қайда жүр?
Асқар Мамин институтты бітірген соң үш жыл ішкі істер органдарында қызмет етті. Кейін бірден басшылық лауазымға — Қазақстан инновациялық кәсіпорындар одағының бас директорының орынбасары болып тағайындалды. 1996 жылы ол Ақмола әкіміне бірінші орынбасар болды. Содан бері Мамин вице-министр, министр, Астана әкімі сынды басшылық қызметтерді атқарды. Ал 2008 жылы ол "Қазақстан темір жолын" басқаруға кетті. Онда сегіз жыл президент, екі жыл басқарма төрағасы болды.
Мамин Қазақстан Темір жолы басшылығынан тікелей Үкімет басшысының бірінші орынбасарына өтті. Оның құзыретіне экономикадан бастап көлік, логистика, құрылыс, әскери өнеркәсіп, төтенше жағдайлар, энергетика, геология, мұнай-химия және тіпті ЕАЭО аясындағы ынтымақтастық кірді. Ал 2019 жылдың ақпан айында ол сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен премьер-министр қызметіне келді. Дегенмен 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан соң Қазақстан Үкіметі Асқар Маминнің басшылығымен отставкаға кетті.
Осыдан кейін Асқар Мамин ұшты-күйлі жоқ болды. Тек 2022 жылдың қыркүйек айында әлдекімдер оны Нұрлан Нығматулин және Әділбек Жақсыбековпен бірге мейрамханада көріп қалған. Сол кезде Мамин желіде тараған ақпаратты растап, Астанадағы мейрамханалардың бірінде жақын туыстарының "Сырға салу" рәсімі өткенін мәлімдеген.
Осыдан кейін Мамин араға бір жыл салып Түркияда көзге түсті. Ел тұрғындарының бірі оны 2023 жылы Түркияда өткен Чемпиондар лигасының финалдық ойынында көріп қалған. Сол кезде Мамин мен бұрынғы мемлекеттік кеңесші Әділбек Жақсыбековті әлдебіреулер стадионның жанындағы қалың жұртшылықтың арасынан байқап қалған. Олар кезекте тұрған.
Осылайша Мамин 2024 жылы ақпан айында Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті қызметіне тағайындалды. Ол қысқы спорт түрлері бойынша вице-президент қызметіне кіріскен. Бұл Маминнің қаңтар оқиғасынан кейін кіріскен алғашқы қызметі болды. Экс-премьер осы қызметіне кіріскен соң тағы да үнсіз кетті.
Маминнің қазір қандай қызметте екенін анықтау үшін Stan.kz тілшісі Ұлттық Олимпиада комитетіне ресми сауал жолдады. Олардың мәліметінше, Асқар Мамин қазір
“Қазір Асқар Ұзақбайұлы Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті лауазымында қызмет атқармайды және Атқарушы комитетінің құрамына кірмейді. Ұлттық олимпиада комитеті Атқарушы комитет мүшелері, оның ішінде вице-президенттер, өз қызметін қоғамдық негізде атқарады. Сол себепті еңбекақы төленбейді. Сонымен қатар, Ұлттық олимпиада комитетінің ресми сайтында Маминнің вице-президент ретінде көрсетілгені туралы мәлімет жоқ”, – делінген хабарламада.
Әлихан Смайылов
Асқар Мамин 2022 жылы премьер-министр қызметінен кетіп, ол Әлихан Смайыловтың ізашары атанды. Маминнің бірінші орынбасары әрі Қаржы министрі қызметінде жүрген ол 2022 жылы 11 қаңтарда Үкімет басшысы қызметіне келді.
Смайылов 2000 жылдардың басынан бері атқарушы билікте түрлі қызмет атқарды. Ол Сыртқы істер министрінің орынбасары, қаржы министрінің орынбасары, Қазақстанның Статистика агенттігін басқарды, Назарбаевтың көмекшісі болды және Қанды Қаңтарға дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Наразылықтың қызған шағында, 2022 жылы 5 қаңтарда ол премьер-министрдің міндетін атқарушы болып тағайындалды. Ал толқулар басылған соң, Смайылов толыққанды премьер-министр ретінде бекітілді.
2022–2024 жылдары Қазақстанның Премьер-министрі болды. 2024 жылы 5 ақпанда оның үкіметі отставкаға кетіп, орнына Олжас Бектенов келді. Ал Әлихан Смайылов 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы қызметіне кірісіп, өзі басшылық етіп тұрған тұстағы үкімет былықтарын ашып келеді.
Назарбаев билік еткен тұста премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған Жеңіс Қасымбек бұрынғы президент кеңсесінің бастығы Махмұд Қасымбековтің ұлы.
Антимонополиялық саясат комитетінде, көлік және коммуникациялар министрлігінде, инвестициялар және даму министрліктерінде қызмет атқарған. Ал 2019 жылы 25 ақпаннан бастап премьер-министрдің орынбасары қызметіне кіріскен. Ал сол жылдың қыркүйек айынан, 2022 жылдың 8 желтоқсанына дейін Қарағанды облысының әкімі қызметін атқарады.
2022 жылы 8 желтоқсанда Тоқаев Жеңіс Қасымбекті Астана қаласының әкімі қызметіне тағайындады. Ол әлі күнге дейін осы қызметті атқарып келеді.
Алғашқы әйел әкім ретінде тарихқа енген Әбдіхалықова қазір қайда?
Сол кезде үкіметте вице-премьер қызметінде Гүлшара Әбдіхалықова да болды. Ол 2019 жылдың ақпанынан тамызына дейін Қазақстан премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарды. Одан кейін тамыз айынан 2020 жылдың наурызына дейін Мәжіліс депутаты болды. Ал 2020 жылдың наурызынан 2022 жылдың сәуіріне дейін Қызылорда облысының әкімі болды. Өңір басшысы қызметінде жүрген тұста Әбдіхалықова Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барған. Сол кезде полицейлер әкім келеді деп жолды жауып, басқа көліктерді жүргізбей қойған. Бұл жағдайға ашуланған қызылордалық тұрғын аудан аралап жүрген өңір басшысына барып "Жолды жабатын ханның қызысыз ба?" деп шүйліккен.
Бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыланған еді. Әбдіхалықова халықтың сынына жауап беріп, аудан әкімі де, өзі де Жаңақорған мен Шиелі жолдарын жабу туралы бұйрық бермегенін жеткізді.
Алғашқы әйел әкім ретінде тарихқа енген Гүлшара Әбдіқалықова 2022 жылдың 7 сәуірінде қызметінен кеткен. Содан бері ол ешқандай үлкен саяси қызмет атқарған жоқ. Соңғы мәліметке сәйкес, ол 2022 жылы 6 маусымда "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы АҚ адам ресурстарын басқару жөніндегі бизнес-серіктесі қызметіне кірісті. Осыдан кейін БАҚ беттерінде ол туралы бірде бір ақпарат жоқ. Ұлттық компанияның баспасөз қызметіне сұрау салып, Әбдіхалықованың қайда жүргенін білгіміз келді. Алайда жауап ала алмадық.
Нұрсұлтан Назарбаев билігі тұсындағы маңызды кадрлардың бірі Бейбіт Атамқұлов. Ол 2018– 2019 жылдары сыртқы істер министрі қызметін атқарған. Ал 2019 жылы қыркүйек айынан бастап Мемлекет басшысының Жарлығымен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі жұмысына кірісті.
2022 жылы 31 қазанда президент жарлығымыен еліміздің Өзбекстан республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды. Одан бері бұл министрден де хабар жоқ.
Екі жарылысқа жол берген бұрынғы Қорғаныс министрі қазір немен айналысып жүр?
Нұрлан Ермекбаевты да экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктес әрі замандасы десек те болады. Себебі ол Назарбаевтың тұсында басшылық, министрліктегі қызметтерді атқарды. Ермекбаев 2018 жылы 7 тамыздан 2021 жылы 31 тамызға дейін Қорғаныс министрі қызметінде болды.
Осы жылдар аралығында елде екі жарылыс болды. Оның бірі 2019 жылы Түркістан облысы Арыс қаласында әскери қоймада болған жарылыс. Апат салдарынан төрт адам қайтыс болып, ондаған адам жарақаттанған. Сондай-ақ ондаған мың адам үйін тастап, босып кеткен.
Ал екінші жағдай, Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөлімі аумағында болды. Апатқа оқ-дәрі сақталатын қоймада болған жарылыс себеп. Осы оқиғадан кейін қорғаныс министрі отставкаға кетуді ұйғарды.
Осыдан кейін ол 2023 жылы 1 қаңтардан 2024 жылы 31 желтоқсанға дейін – Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарды. Ал 2024 жылы 4 шілдеде Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінде Нұрлан Ермекбаев ұйымның 2025–2027 жылдарға Бас хатшысы болып бекітілді. Ол 2025 жылы 1 қаңтардан бастап Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысы міндетіне кірісті.
Дәурен Абаев саяси ортада өзінің ықпалы бар тұлғалардың қатарынан. Түрлі министрлікте, Президент әкімшілігінде қызмет еткен ол 2019 жылы Үкімет құрамы жасақталған кезде Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметіне тағайындалған. Сосын араға бір жыл салып 2020 жылы Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болды. Бұл қызметке екі жыл отырған ол мәдениет және спорт министрі болып тағайындалды. Ал 2023 жылы наурыз–шілде – ТМД Бас хатшысының орынбасары, 2023 жылы 3 шілдеден бастап бүгінге дейін Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметінде.
Бұған дейін де БАҚ беттерінде есімі үзілмеген ол жақында тағы бір мәлімдемесімен көптің сынына ұшырады. Абаев ол кезде "Қазақстанның 95%-ы орыс тілінде сөйлейді. Біз мұны мықты тұсымыз деп есептейміз" деді. Алайда оның пікірі желіде қызу талқыға түсіп, дау туғызды.
Бауыржан Байбек қазір немен айналысып жүр?
Алматының экс-әкімі әрі "Нұр Отан" партиясы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары қазір немен айналысып жүргенін қарындасы айтты. Айгүл Байбектің айтуынша, ол Біріккен Араб әмірліктерінде оқып, жұмыс істеді.
"Мемлекеттік және қоғамдық қызметтен бос адам ретінде ол екі жылдан астам уақыт Біріккен Араб Әмірліктерінде оқып, жұмыс істеді. Сол жерде Қазақстандағы жобаларға шетелдік инвестиция тартумен айналысты. Соңғы бір жарым жылда ол Жапонияда еңбек етіп жүр. Ол жерде жапон капиталы мен ноу-хауын елімізге тарту үшін инновациялық жобаларды дамытып жатыр”, – деді оның қарындасы.
Сондай-ақ Бауыржан Байбек 2022 жылдың наурыз айынан бастап "онлайн" режимінде жұмыс істеген. Ол Ақмола облысында ең озық неміс технологиясын қолданып, сала құрайтын өңдеуші өндірісті құруға инвестиция салып жатқан Qazaq Kaolin компаниясының кеңесшісі қызметінде болыпты.
Сотқа тартылған шенеуніктер
Назарбаев тұсындағы маңызды шенеуніктердің бірі Елжан Біртанов болды. Ол 2017-2020 жылдар аралығында денсаулық сақтау министрі қызметін атқарды. Оның сотты болуына осы салаға қатысты іс себепкер болды.
2020 жылы Біртанов пен Әбішев денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айыпталды.
Қаржы мониторингі агенттігінің (AFM) бағалауы бойынша, орындалмаған жұмыстардың құны 4,1 миллион доллар немесе 1,5 миллиард теңге болды. Сондай-ақ Біртановқа "2020 жылдың маусым айында санитарлық авиацияның ұшағын жеке мақсатта пайдаланған кезде" өкілеттігін асыра пайдаланды" деген айып тағылған. Оған сәйкес, экс-министр бес жылға, ал оның орынбасары төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.
Ал биыл Конституцияның 30 жылдығына арналған "Рақымшылық жасау туралы" заңы қабылданды. Оған бас бостандығынан шектеу жазасын өтеп жатқан Елжан Біртанов та өтініш білдірген. Алайда оның өтініші қабылданбаған. Бұған қатысты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов желіде пікір білдірді.
"Мен де қарызбын, рас, бірақ тура 100 есе аз сомаға, әрі ол да Олжас Әбішев екеумізге ортақ. Бірақ сот қарыздың өтелмегеніне байланысты менің шартты түрде мерзімінен бұрын босау туралы өтінішімді қарауға да тұрған жоқ. Айтпақшы, біз, кейбіреулердей өзгенің ақшасын мүлде ұрлаған жоқпыз. Әрине, банкирлер үшін бөлек сот бар сияқты", – деп жазды Біртанов.
Оның бұлай пікір білдіруіне 2020 жылдың қарашасында Bank RBK-дан 144 миллиард теңге жымқырғаны үшін 11 жылға сотталған банкир Жомарт Ертаевтың рақымшылыққа ілігіп, бостандыққа шығуы себеп болған.
Арыстанбек Мұхамедиұлы
Арыстанбек Мұхамедиұлы да Назарбаев тұсында басшы, министр қызметтерін атқарды. Ол 2014–2019 жылдары мәдениет және спорт министрі, ал 2019 жылы 10 шілдеден бастап Ұлттық музей директоры болды. Оның сотты болуы осы музеймен тікелей байланысты.
2022 жылдың мамырында Антикор қызметкерлері Астанадағы Қазақстан Ұлттық музейінің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу бастағанын хабарлады. Музей басшылығы "Әлем музейлеріндегі Алтын адамның шеруі" көрмесін өткізу барысында 146 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. 2022 жылы мамыр айының соңында Арыстанбек Мұхамедиұлы ұсталып, екі айға қамауға алынды.
Оған және тағы бірнеше адамға қатысты сот процесі 2023 жылғы сәуірде Астанада басталды.
Айыптау тарабының мәліметінше, Мұхамедиұлы адамдар тобымен бірге Үндістандағы Алтын адам көрмесіне 350 миллион теңгені жалған түрде жұмсады деген күдікке ілінген. Прокурорлардың айтуынша, көрме іс жүзінде өткізілмеген.
Прокурорлар Мұхамедиұлына 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Сот оған 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Кейін оның адвокаты апелляциялық шағым түсірді. Артынша оған "Дипломат" қонақүйін рейдерлік жолмен тартып алды деген қосымша айып тағылды. Миллиардтаған қаржы жымқырып, жекеменшік мектепті заңсыз иемденді деп айыпталған Арыстанбек Мұхамедиұлы 11 жылға сотталды. Оған екі эпизодты қамтитын қылмыстық іс бойынша үкім шықты.
Марат Бекетаев
Марат Бекетаев 2016-2022 жылдары Әділет министрі қызметін атқарды. Ал 2023 жылы ол қамауға алынды. Оған лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айып тағылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтың мәліметінше, бұл істердің "Құпия" грифі бар, өйткені төрелік істер болып жатыр. Миллиондаған доллар сыртқа кетіп, тиісті жұмсалмағандықтан, мемлекетке зиян келгендіктен, бұл іс тергелген.
Ал биыл маусым айында Бекетаев 9 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Оған қатысты қылмыстық іс алаяқтық, аса ірі көлемде ұрлық және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу фактілері бойынша тергелген.
Ерлан Тұрғымбаевт және “Құпия санатындағы” іс
Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер министрлігін 2019 жылдың ақпан айынан бастап басқарды. Ал қаңтар оқиғасынан кейін көп ұзамай 2022 жылдың 25 ақпанында қызметінен босатылды. Одан кейін 2022 жылдың 17 тамызына дейін алты айға жуық президенттің кеңесшісі болды.
Ал 2024 жылы 29 сәуірде Ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы Ерлан Тұрғымбаев Қаңтар оқиғасы бойынша ұсталды. Оған 2022 жылы қаңтардағы қайғылы оқиғалар бойынша лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану бабы бойынша қылмыстық іс аясында қабылдады.
Ал 30 сәуірде ол екі ай мерзімге қамауға алынды. Кейін оның ісі Астана сотына жолданды. Ал Астана соты бұл істі "өте құпия" санатта деп атады. Ал 2024 жылы тамыз айында экс-министрге қатысты іс сотта қаралды. Бұл "құпия санатында" болғандықтан оны қарау жабық форматта өтті.
Сотта ол өз кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінетінін жеткізді. Нәтижесінде Тұрғымбаев 10 жылға белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Дегенмен оның ісінде сыбайлас жемқорлық қылмысының белгілері болмағандықтан жазаны шартты деп санау туралы шешім қабылданды.

Назарбаев кезінде билікте болған шенеуніктер қазір қайда жүр
