Назарбаев кеңсесінің тағдыры не болады? Cенат спикері жауап берді
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесінде жұмыс істейтін адам саны қысқартылды, бюджеті де азайтылады. Бұл туралы сенат спикері Мәулен Әшімбаев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бүгіне сенат отырысынан кейін журналистер спикерден экс-президенттің кеңсесі туралы сұрады.
"Менің білуімше, сонда істейтін адамдардың санын күрт қысқартқан. Қазір нақты санын айта алмаймын. Бірақ бұрыңғыдай біраз адам істеп жатқан жоқ. Қазір үлкен функциялары да жоқ. Соған байланысты бюджетті қараған кезде біз қаржы мәселесін де қарайтын шығармыз", – деді Әшімбаев.
Спикердің ойынша, Назарбаевтың кеңсесі батыстың үлгісімен қалуы мүмкін.
"Мысалы, АҚШ-ты алып қарасақ, ол жақта экс-президенттердің кітапханалары бар, өздерінің музейлері болады, өздерінің ішкі аппараты болады. Бұл жалпы дамыған мемлекеттерде бар үрдіс. Егер ол президент біраз еңбек етсе, өзінің кітаптары, қағаздары болады. Бір-екі көмекшісі болуы керек шығар. Сондықтан біз өзіміз бір нәрсе тауып отырған жоқпыз. Бірақ бұрынғыдай кеңсе жоқ", – деп атап көрсетті спикер.