Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаев Бозымбаевқа: Сөгіс берілді деген сөз - қызметтен босатумен бірдей

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада энергетика министрі Қанат Бозымбаевты қабылдады.

Фото: Ақорда

Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Кездесу барысында министр президентті жанғыш-майлы материалдар нарығы және мұнай өңдеу зауыттарының модернизациялануы туралы хабардар етті. Президент елде отын қорының жетіспеушілігі үкімет пен энергетика министрлігі тарапынан дер кезінде шаралардың қабылданбағандығынан екенін айтты.

“Энергетика министрлігі елдің отын-энергетикалық кешені үшін жауап береді. Оның ішінде ішкі нарықты жанғыш-майлы материалдармен қамтамасыз ету де бар. Елдегі жетіспеушілік үкімет пен энергетика министрлігі тарапынан немқұрайлылықтың, жауапкершіліксіздіктің болғанын аңғартады. Сіздер мамыр айында мұнай өңдеу зауыттарының жөндеу жұмыстарының графигіне қол қойдыңыздар. Және күзде үш зауыттың екеуінің жөндеу жұмыстарына жабылатынын білдіңіздер. Бұл туралы білгеннен кейін дайындалып, халықты тиісті деңгейде қамту үшін шаралар қабылдау керек еді. Жыл да осы қателік жіберіледі. Бұлай болмауы керек еді”, – деді президент.

“Отын жетіспеушілігінен құтылу үшін бағаға мемлекеттік бақылау орнатуды алып тастау ұсынылды. Алайда нарықта сол баяғы жетіспеушілік орын алып жатыр. Осыған байланысты үкіметтің ұсынысымен мен сізге сөгіс жарияладым. Бұл деген қызметтен босатумен бірдей шара”, – деді Назарбаев.

Ал министр президентке Павлодар мен Атыраудағы мұнай өңдеу зауыттарының модернизациялануы туралы баяндап берді.

“Екі зауытты модернизациялау осы жылы аяқталады. Қараша айында Павлодар зауыты іске қосылады деп жоспарлануда. Ал Атыраудағы зауыт 16 желтоқсанға дейін жөнделіп аяқталмақ. Мұнда алғаш рет каталитикалық крекинг құрылғысы пайдаланылып, мұнай өнімдерінің саны артып, сапасы күшейтіледі”, – деді Бозымбаев.

Сонымен қатар, министр аталмыш құрылғының Шымкент мұнай өңдеу зауытында да іске қосылып, жоғарғы сапалы бензин шығаруға мүмкіндік беретінін де атап өтті. Министр президентті келесі жылы ел нарығы, оның ішінде авиация саласы да жоғарғы сапалы отынмен қамтамасыз етілетініне сендірді.

Бұған дейін премьер-министр бензин тапшылығына байланысты жауапты шенеунікті қызметінен босатып, мемлекет басшысынан Бозымбаевқа сөгіс жариялауды сұрайтынын айтқан еді. Кейін президент үкімет басшысының бұл өтінішін қанағаттандырған.

Тағы да оқыңыз:

Алладан басқа ешнәрсеге ешқашан сенбеймін: Жээнбеков туралы не білеміз?

Желіде қазақ-қырғыз шекарасынан тараған видео бірнеше жыл бұрын түсірілген

Қырғызстан Қазақстанның гуманитарлық көмегінен бас тартты

Назарбаев Қырғыз еліндегі сайлауға араласуға қатысты: Мұның бәрі жалған (видео)

Талқылау