"+43°С-қа дейін ыстық болады": Синоптиктер маусым айына арналған ауа райы болжамын жариялады
Фото: pixabay.com
Маусым айында Қазақстанда ауа райы сан алуан болмақ. Себебі жазға тән ауа ағындары кейде аптап ыстықты, кейде жаңбыр мен желді ала келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ыстық пен салқын кезеңдер алмасып отырады. Кей күндері найзағай соғып, жаңбыр жауып, бұршақ пен шаңды дауыл болады.
“Маусымның бірінші онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ауа температурасы жоғары болып, найзағай соғып, жаңбыр жиі жауады. Кей күндері тропикалық ауа массаларының орнына салқындау Атлантика ауасы келіп, ыстық аздап басылады. Мәселен, бірінші онкүндіктің ішінде республиканың батысында түнгі ауа температурасы +17 +22°С-тан +7 +12°С-қа дейін, күндіз +27 +32°С-тан +20 +25°С-қа дейін төмендейді. Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай және Ұлытау облыстарында түнде +18 +28°С-тан +12 +23°С-қа дейін, күндіз +30 +38°С-тан +20 +30°С-қа дейін төмендеуі мүмкін. Алайда онкүндіктің соңында қайтадан күндізгі температура +25 +32°С-қа дейін көтеріледі”, – делінген хабарламада.
Солтүстік пен орталық өңірлердің тұрғындары үшін де ыстықтың беті қайтады. Бірінші онкүндіктің ортасына қарай түнде ауа температурасы +10 +15°С, ал солтүстік шетінде +7°С-тан +15 +20°С-қа дейін, күндіз +25 +30°С-тан +18 +25°С-қа дейін төмендейді.
Республиканың шығысында онкүндіктің басым бөлігінде түнгі ауа температурасы +10 +15°С аралығында, ал оңтүстігінде +20°С-қа дейін, күндіз +22 +30°С, оңтүстікте +35°С-қа дейін жетеді. Бірінші онкүндіктің соңы мен екінші онкүндіктің басында күн салқындайды.
Оңтүстік және Жамбыл облыстарында түнде де ыстық сақталады. Температура +20 +28°С-қа дейін көтеріледі, күндіз +35 +43°С-қа дейін аптап ыстық болады. Алайда бірінші онкүндіктің соңына қарай ауа температурасы аздап төмендеп, күндіз +28 +33°С аралығында болады.
Оңтүстік-шығыста – Алматы және Жетісу облыстарында түнде ауа температурасы біртіндеп +10 +15°С-тан +15 +20°С-қа дейін, күндіз +20 +25°С-тан +30 +35°С-қа дейін жоғарылайды. Таулы аймақтарда түнде +2 +7°С-тан +7 +12°С-қа дейін, күндіз +10 +15°С-тан +20 +25°С-қа дейін көтеріледі. Екінші онкүндіктің соңында күндіз +25 +30°С шамасында болады.
“Маусымның екінші және үшінші онкүндігінде еліміздің батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында ең ыстық күндері ауа температурасы +33 +40°С-қа дейін, ал оңтүстік пен оңтүстік-батыстың шеткі аймақтарында +43°С-қа дейін жетуі мүмкін. Салқын күндері +22 +27°С аралығында болады. Ал елдің солтүстік жартысында, орталығы мен шығысында түнгі ауа температурасы +15 +23°С-тан +2 +10°С-қа дейін, күндіз +25 +38°С-тан +15 +27°С аралығында құбылады”, – деп хабарлады "Қазгидромет" мамандары.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтар мереке күндері мен қолайсыз ауа райында такси бағасының өсуіне шағымданғаны туралы жазған еді.

Биыл қай салаға қанша грант бөлінді: Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар аталды
