Наурызбай қажы Тағанұлы Бас мүфти болып қайта сайланды
Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандарының Х Құрылтайы өтті. Жиында Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти лауазымына қайта тағайындалды. Оның кандитатурасына 300-ге жуық делегат дауыс берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Мuftyat.kz
“Құрылтайға еліміздің әр облысынан келген 300-ге жуық делегат менің кандидатурама дауыс беріп, сенім білдіріп, Бас мүфти лауазымына қайта сайлады. Бұл сенімді абыроймен ақтауға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Жоспарлап отырған бірқатар жұмыстарымыз бар. Мәселен, алдағы 2025 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дербес мүфтият болып құрылғанына 35 жыл толады. Мерейтой аясында жоспардағы көптеген игі істерді жұрт болып жұмылып, халық болып бірігіп атқаруға баршаңызды шақырамын”, – дейді Бас мүфти.
Еске салайық, Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти лауазымына екінші рет сайланып отыр.
Айта кетейік, Наурызбай қажы Тағанұлы 1977 жылдың 13 наурызында дүниеге келген. Еңбек жолын 1997-2006 жылдары Республикамыздың түрлі мешіттерінде имамдық қызметтерден бастаған. 2006-2011 жылдары ҚМДБ-ның Қарағанды өңіріндегі өкілі, Қарағанды қалалық №1 орталық мешітінің Бас имамы, 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі басқарманың Бас сарапшысы тағайындалды. 2013-2018 жылдары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, "Нұр Астана" орталық мешітінің Бас имам болса, 2018 жылдың шілде-қазан айлары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсе басшысы, Түркістан облысы бойынша өкіл имамы болып қызметін атқарды. 2018 жылдың қазан айынан бастап ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, Республикалық "Әзірет Сұлтан" мешітінің Бас имамы болып тағайындалды. 2020 жылдың 7 ақпанында елордасы Астанада өткен Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс ІХ құрылтайында Бас мүфти болып сайланған еді.
Бұған дейін Бас мүфтидің сапарына байланысты Түркістан облысындағы имамдардан ақша жиналғаны туралы ақпарат тараған еді.