Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қатаң ескерту жасадық": Бас Мүфти даулы пікір білдірген имамдар мен уағызшыларға қатысты айтты

Бас Мүфти даулы пікір білдірген имамдар мен уағызшыларға қатысты айтты

Видеодан скрин

Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай Тағанұлы әйелер, қазақ тілі мен дәстүр туралы даулы пікір білдірген имамдарға қандай шаралар қолданылғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы кейбір уағызшылар мен қоғам қайраткерлері қазақтың құндылықтары, тілі және әйелдер туралы қорлайтын пікірлер білдіргенін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай жағдайларда олармен түсіндірме әңгімелері жүргізілген. 

“Бір адамның қате сөзі талай адаммның адасуына себеп болуы мүмкін. Өкінішке орай кейде мүфтиятқа қарасты адамдар, кейде мүфтиятқа қарасты емес адамдар да уағыз айтады. Дегенмен біз олардан басымызды алып қашпаймыз. Бізге қатысты азаматтарға хабарласып, түсіндіріп, қатесін ұғындыруға тырысамыз. Уағызшылар қалай уағыз айтады? Біздің елде адам діни оқуды бітіреді, одан кейін діни салаға жұмысқа келеді. Діни салада жұмыс істеп жүріп қате жіберетіндер де аз емес.  Біз “Білмейтін тақырыпқа кірмеңіздер” деп қатаң ескерту жасап отырамыз. Діни тақырыпта ашық айтуға болатын сөздер болады, жекеленген жерлерде айтылатын сөздер болады. Оларды ескеру керек. Дінді насихаттауды көркем түрде жүзеге асырған абзал. Өкінішке орай кейбір уағызшының, ұстаздың, имамның тәжірибесінің жоқтығынан осындай қате пікірлер айтылып жатады”, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.

Бас мүфти қазақ халқы жолынан жаңылмағанын, ал рухани жетекшілер әрдайым сенім мен ізгілікке сүйенгенін атап өтті.

“Кейде танымал болуың өзі адамды дертке шалдықтырады. Қазір ұстаздар оқырман санына қарап өздерін дәріптеп кетіп жатады. Халық бізден жоғары, біз халықтың қызметшісіміз. Мен үнемі ескертіп отырамын. Халыққа қызмет ету үшін адам қарапайым болуы керек. Сондықтан кез келген уағызшы, имам, ұстаз, уағызын негізге сүйеніп айту қажет. Қазақтың құндылықтарына тіл тигізгендер де болды. Оларды шақырып, ескерту жасадым. Қазақ жыраулары, ақындары адаспаған. Әрине, әрқайсысының өз ерекшеліктері болған, бірақ жалпы алғанда домбыра, поэзия және ақындардың шығармашылығы әрдайым дінді, ізгілікті және халық өмірін жырлаған”, – деді Бас мүфти. 

Сондай-ақ сұхбат барысында Наурызбай Тағанұлы имамдардың әлеуметтік желідегі белсенділігіне қатысты пікір білдірді.

“Бізде әлеуметтік желіде басқарманың арнайы парақшаларының барлығы бар. Көптеген имамдар, менің өзім де індет уақытында желіге шықтық. Мүфтият желіде дәріс беретін, уағыз айтатын сабақтар өткізді. Індет уақытында ұстаздар желі арқылы жұмыс жасады. Сол уақыттан бері имамдарымыз қазіргі күнге дейін парақшаларында белсенділік көрсетіп, дәрістерін беріп жатыр. Ол бағытта мүфтият белсенді түрде жұмыс атқарып келеді. Арнайы әлеуметтік желі бойынша бөлім бар. Кәсіби журналистер жұмыс жасайды”, – дейді Бас мүфти.  

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 16 Қыркүйек, 2025 22:52
Талқылау