Атом энергиясы жөніндегі агенттік құрылды, ұлттық киім рекордтар кітабына енді, жер сілкінді: Наурыз айы Қазақстан үшін несімен есте қалды
Биыл наурыз айы Рамазан айымен тұспа-тұс келіп, қазақстандықтар Наурыз бен Ораза айтты қатар атап өтті. Оған қоса Наурыз мерекесіне орай Ақтау халқы ұлттық киім киіп, рекорд орнатты. Сонымен қатар осы наурызда Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болғанына алты жыл толды. Stan.kz ақпарат агенттігі 2025 жылдың наурыз айында болған бұдан өзге оқиғаларды шолып шықты.
Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтті
14 наурыз күні Бурабайда Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтті. Жиынға Құрылтай мүшелері мен басқа да делегаттар қатысты. Құрылтайда мемлекет басшысы елде қосылған құн салығын көтеруге қатысты пікір білдіріп, уақыт белдеуін өзгертілмейтінін айтты. Сонымен қатар елдегі жат діни ағымдар туралы сөз қозғап, қара жамылғанша, өзіміздің ұлттық киімдерді құптайтынын жеткізді. Тоқаев кәмелетке толмаған балалары бар жазасын өтеп жатқан әйелдердің мәселесін қарауды тапсырды. Сонымен қатар ол қазақстандықтарды өткенге деген өкпе-реніштен арылуға шақырды.
"Осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жарияладым, оны білесіздер. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім. Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды", – деді президент отырыста.
Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы Қызылорда қаласында өтетін болды.
Елімізде атом энергиясы жөніндегі агенттік құрылып, Сатқалиев төрағасы болып тағайындалды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атом энергиясы жөніндегі агенттік құру жөнінде жарлыққа қол қойды.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі құрылды", – делінген Ақорда сайтында.
Мемлекет басшысының жарлығымен Алмасадам Майданұлы Сәтқалиев Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы болып тағайындалды. Ол бұрын атқарған энергетика министрі лауазымынан босатылды.
Айта кетейік, Қазақстанда екінші және үшінші атом электр станцияларын салатын жерді таңдау жұмыстары басталды. Сонымен қатар энергетика министрлігі еліміздегі АЭС құрылысы шетелдік несиелер есебінен салынатынын жеткізді. Айтуынша, АЭС салуға Ұлттық қор мен зейнетақы қорындағы ақша жұмсалмайды. Ведомство жеткізушілерге АЭС салу жобасын қаржыландырудың түрлі нұсқасын ұсынатынын айтты. Яғни экспорттық несие мен халықаралық қаржы институттарын қаржыландыруды тартатынын атап өтті. Сонымен қатар атом электр станцияларын салу жобасын қаржыландырудың әртүрлі нұсқалары ұсынылмақ.
Шерзат ісінде жәбірленушілер жаңа қорғаушылар тобымен жұмыс істейтін болды
Шерзат Полаттың ісі Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық сотына түсті. Жәбірленушілердің мүддесін бұрынғы қорғаушылар Саида Тәуекелева мен Айтбек Амангелдінің қатысуынсыз жаңа адвокаттар тобы қорғайтын болды. Олар – Мейірман Шекеев, Әлім Мұстафаев, Бекзат Миязов, Жандос Палманов, Бағдат Амандосұлы, Нұрболат Ибраев және Дина Досаева. Қорғаушылар тізімінде бұған дейін тергеу сатыларына қатысқан Саида Тәуекелова жоқ. Сот кеңсесінің мәліметінше, іс материалдары 26 наурызда келіп түскен. Қылмыстық іске тоғыз адамның қатысы бар:
- Белгожаев Шыңғыс Айдосұлы;
- Әскентай Дархан Баялханұлы;
- Ильясов Нұрқияс Толетбекұлы;
- Сакиев Равиль Магамедович;
- Тоқтаубаев Нұрбол Маратбекұлы;
- Қалиахмет Дидар Еркінұлы;
- Тоқтаубаев Азамат Маратбекұлы;
- Ысқақ Думан Қайдарұлы;
- Шынасыл Абзал Нұрғалиұлы.
Десе де, бұған дейін Шерзаттың ісіне 11 адам қатысты деген ақпарат тараған еді. Сот жақындағанда Айтбек Амангелді мен Шерзат Полаттың отбасының арасында жанжал туды. 18 наурызда Салтанат Нүкенованың ағасы істі сотқа жіберу кезеңінде қаза болған жасөспірімнің туыстарымен түсініспей қалды. Айтбек Амангелді Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовпен мессенджерде сөйлескен әңгімесін жариялады. Хабарламада Қаржаубай Айтбекке берген сенімхатын кері қайтаратынын айтып, өзін мазаламауын өтінген.
“Қаржау (Шерзат Полаттың әкесі) кешкісін бізге берген сенімхатты кері қайтаратынын және басқа адвокаттарды жалдайтынын жазды. Қаржаудың мінез-құлқын білетіндіктен, бірден жауап бермейміз деп шештік. Кеше бізге жаңадан бес адвокаттың іске қосылып жатқаны туралы хабарламалар түсе бастады. Отбасымен хабарласуға тырыстық, бірақ еш нәтиже болмады”, – деді Айтбек Амангелді.
Айтбектің бұл мәлімдемесінен кейін жәбірленуші тарап адвокаттардан бас тартпағанын айтты. Алайда олар бұл іске Айтбек Амангелдінің араласуына тыйым салды.
“Мән-жайды түсіндіргіміз келеді. Отбасымыз қорғаушылардан бас тартқан жоқ. Сондай-ақ осы жарты жылда атқарылған жұмыс үшін алғыс білдіреміз. Бірақ соңғы жағдайларға байланысты Айтымнан бұл іске араласпауын сұраймыз”, – деді Қаржаубайдың әпкесі.
Алматы облысының сотының мәліметіне сенсек, іс бойынша алдын ала тыңдалым ашық режимде 10 сәуір күні сағат 12:00-де Талдықорған қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот ғимаратында, Қаблиса Жырау көшесі, 65-үй мекенжайында өтеді.
Қазақстанда смартфондарды міндетті тіркеу екі айға шегерілді
Жаңа ережелер 25 наурыздан бастап күшіне енетіні хабарланған, бірақ өзгеріс екі айға кейінге шегерілді. Бұл ережелер тек осы күннен кейін әкелінген құрылғыларға қолданылады. Қазақстанда қазір тіркелген телефондар автоматты түрде "ақ" тізімге енгізіліп, шектеусіз жұмыс істей береді.
Қазір елде 3,7 миллионға жуық телефонның IMEI коды қайталанып тұр. Бұл заңсыз әкелінген құрылғылардың көп екенін көрсетеді. Мұндай жағдай телефон ұрлығын көбейтіп, құрылғылардың қайдан келгенін бақылауды қиындатады. Сонымен қатар әділетсіз бәсекелестікке жол ашады дейді мамандар. Мемлекеттік радиожиілік қызметінің өкілі Сәуле Темірхан жаңа ережелерге сәйкес ұялы байланыс желісінде телефондар іске қосылған кезде олардың верификация статусы тексерілетінін еске салды.
"Верификация сәтті аяқталған жағдайда абоненттік құрылғылар сәйкестендіру кодтарының дерекқорындағы "ақ" тізімге енгізіледі. Мұндай құрылғылар кейін ұялы байланыс қызметтеріне кедергісіз қосылады. Егер желіге тіркелген құрылғы "ақ" тізімде болмаса, ол уақытша "сұр" тізімге енгізіледі. Мұндай құрылғыға 30 күнтізбелік күнге уақытша желіге қосылу мүмкіндігі беріледі. Осы уақытта пайдаланушы құрылғыны верификациядан өткізуге тиіс. Егер 30 күн ішінде құрылғы тіркелмесе, оның ұялы байланыс қызметтері бұғатталады және ол "қара" тізімге енгізіледі", – деп түсіндірді ол.
Алайда министрлік "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңға өзгерістер енгізу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Қазіргі заңнамаға сәйкес құрылғыда зауыттық ақау болғанда ғана оны сатушыға қайтаруға болады.
Бірқатар аймақта жер сілкінді, оны бәрінен бұрын Тараз өңірі сезінді
28 наурыз сағат 03:42-де Қазақстанның бірнеше аймағында жер сілкінді. Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 323 шақырым жерде орналасқан. Ол бірнеше аймақта сезіліпті:
Меркі – 5 балл;
Құлан – 4 балл;
Шу – 2 балл;
Төле би – 2 балл;
Сарыкемер – 2 балл;
Тараз қаласы – 2 балл;
Қордай – 2 балл;
Аса – 2 балл;
Мойынқұм – 2 балл.
Қирандылар, дүмпуден зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Барлығы қалыпты жұмыс істеп тұрды. Төтенше жағдайлар министрлігінің басқару орталығында сейсмикалық жағдайды бақылау бойынша жедел штаб құрылды.
28 наурыз күндіз Қазақстанның оңтүстігінде тағы да жер сілкінісі болды
Еуропалық Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының мәліметінше, магнитудасы 4,8 болатын жер сілкінісі сағат 15:56-да Жамбыл облысы Меркі ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде тіркелген.
Әлеуметтік желіде Қазақстанның оңтүстік аймағында түнде болған жер сілкінісінің видеолары тарады. Видеода Жамбыл облысының Меркі ауылында болған жер сілкінісінің сәті мен оның салдары көрсетілген. Сейсмологтардың мәліметінше, дүмпулер дәл осы елді мекенде ең қатты сезілген. Жамбыл облысындағы жер сілкінісі салдарынан Қарақыстақ ауылындағы Мәдениет үйінің қабырғасында, Меркі аудандық ауруханасы мен Ойтал ауылындағы мектеп ғимараттарында жарықтар пайда болған. Қазір жағдайды облыстық жедел штаб зерттеп жатыр. Ал зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Тоқаевтың президент болғанына 6 жыл толды
2019 жылдың 19 наурызында елді 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына сол кездегі сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Қазіргі мемлекет басшысының билікті тізгіндегеніне биыл – 6 жыл.
Тоқаевты экс-президенттен ерекшелендіретін нәрсе – сайлау. 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс сайлау өтіп Тоқаев 70,96 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Ал оның басты қарсыласы Әміржан Қосанов 16,23% дауыс жинады.
2022 жылы Қаңтар оқиғасында Тоқаев билікке толық бақылау орнатуға қадам жасады. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Кәрім Мәсімовті қызметінен босатып, қамауға алды. Ал Назарбаевты Қауіпсіздік кеңесі басшысы қызметінен шеттетті. Ал 2022 жылдың маусымында Конституциялық реформа нәтижесінде Назарбаевтың ерекше мәртебесі жойылды. 2022 жылдың қарашасында Тоқаев кезектен тыс президент сайлауында 7 жылдық мерзімге қайта сайланып, толыққанды билікке ие болды.
Еліміздегі саясатшылар мен сарапшылар осы уақыт ішінде жасалған реформалар мен экономикалық жетістіктерді Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Қазақтың ұлттық киімі Гиннес рекордтар кітабына енді
Қазақстандықтар жаңа Гиннес рекордын орнатып, Каспий теңізінің жағалауында ұлттық киімде бас қосты. Ақтауда арнайы алаңда бес мыңнан астам адам жиналып, "Қазақтың ұлттық киіміндегі ең көп адам" номинациясы бойынша қатысты.
Ақтауда күн бұлтты әрі жаңбырлы болса да, бұл мыңдаған қазақстандық алаңға жиналды. Гиннес рекордын ресми түрде тіркеу үшін Лондоннан арнайы комиссия өкілдері келді. Қатысушылар алаңға таңғы 09:00-ден бастап жинала бастады. Сағат 11-де ұйымдастырушылар төрт мың адамды тіркесе, 12:01-де қатысушылар саны бес мыңнан асты. Сол кезде Ақтаудың алаңы адамға лық толы болды. Бұдан кейін комиссия өкілдері рекордтың ресми түрде тіркелгенін растап, арнайы сертификат табыстады.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Best Fest Nauryz шарасына 5500-ден астам адам тіркелген. Олардың қатарында түрлі сала қызметкерлері, этностық топтардың өкілдері, аға буын өкілдері және бұл оқиғаға арнайы алыс ауылдар мен басқа аймақтардан келген тұрғындар болды.
Арнайы сертификатты табыстаған Гиннес рекордтар кітабының ресми өкілі Ричард Стэннинг қазақстандықтарды жоғары жетістікпен құттықтады.
Рамазан айы Наурыз мерекесіне тұспа-тұс келді
Биыл қасиетті Рамазан айы 1 наурыз күні басталып, Наурыз мерекесі Оразаға тұспа-тұс келді. Ниет еткен жамағат ай бойы аузын тамақтан тыйып, ораза ұстады. 26-сынан 27-cіне қараған түн Қадыр түні деп белгіленіп, наурыздың соңында Ораза айт мерекесі басталды.
Оға қоса әз-Наурыздың қарсаңында қазақстандықтар арасында тартыс туды. Өзін мұсылманмын деп есептейтін, Ислам дінін ұстанатын кей жұрт "Наурыз табиғатқа табынудан қалған мереке, оны тойлау Аллаға серік қосу" десе, мерекені күтіп, тойлауға асығып жүргендер "Наурызыма тимеңдер, ата-бабамның мейрамын тойлаймын" деп жауап беріп жатыр. Stan.kz тілшісі Наурызды қуана тойлайтындар мен оны құптамайтындардың пікірін біліп көрді әрі ҚМДБ өкілі мен этнографтың бұған қатысты ұстанымын сұрады.
Айта кетейік, 2030 жылы мұсылмандар екі рет ораза ұстайды.
ҰҚШҰ Еуропа елдері Украинаға әскер кіргізген жағдайда не болатынын айтты
6 наурызда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) Еуропа елдерінің әскери контингенттерін Украина аумағына енгізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.
ҰҚШҰ баспасөз хатшысы Наталья Харитонованың айтуынша, Еуропа елдерінің әскери контингенттерін Украинаға енгізу жағдайында "аймақта жаңа қауіпсіздік тәуекелдері пайда болады".
“Бұл жағдай ұйымның мүше-мемлекеттері мен ұйымды алаңдатпай қоймайды. Ұйым қажетті көмек сұраған мемлекетке әртүрлі көмек көрсету мүмкіндіктерін ұсынуға дайын. Алайда барлығы ҰҚШҰ жарғылық құжаттарына және ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімдеріне толық сәйкес келуі қажет", – дейді ұйымның баспасөз хатшысы.
ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов "Известия" басылымына сұхбат беріп, халықаралық қауіпсіздіктегі өзгерістерге қатысты ұйымның ұстанымын түсіндірді.
Тасмағамбетовтың айтуынша, Еуропа елдері Украинаға әскер жіберу туралы бұрыннан талқылап келеді, бірақ бұл идея әлі іске асқан жоқ. Себебі мұндай шешім бүкіл аймаққа қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен қатар экономикалық және әлеуметтік қиындықтарға тап болған Еуропа халықтары өз үкіметтерінің мұндай қадамын қолдай қоймайды.
Егер Еуропа әскер жіберетін болса, ҰҚШҰ өз жарғысы аясында Ресейге көмек көрсетудің түрлі нұсқаларын қарастырады. Бірақ барлық шешім мүше елдердің ортақ келісімімен қабылданады. Сұхбат барысында Тасмағамбетов Арменияның ҰҚШҰ-дағы мәртебесі өзгермегенін атап өтті. Ол Ереванмен тұрақты байланыс сақталып отырғанын және ұйым өз міндеттемелерін орындауды жалғастыратынын айтты.
Әлемде не болды
Түркияда Ыстамбұл мэрінің қамауға алынуына байланысты жаппай наразылық болды
19 наурызда Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлу мен оның серіктестері қамауға алынды. Имамоғлуға сыбайлас жемқорлық, пара алу және заңсыз келісімдер жасады бойынша айып тағылған. Осы оқиғаға байланысты Түркияда жаппай наразылық шерулері басталды. Көшеге шыққан халық бұл әрекетті “демократияға жасалған шабуыл” деп бағалады. Оппозиция бұл қадамды саяси қысым деп санаса, ал халықаралық қауымдастық жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр.
Айта кету керек, Экрем Имамоғлу – оппозициялық Республикалық халық партиясының (CHP) алдағы президент сайлауындағы президенттікке үміткері, әрі қазіргі президент Ердоғанның басты қарсыласы. Ол Ыстамбұл қаласының басшысын сайлау үшін өткізілген 2019 және 2024 жылғы жергілікті сайлауларда екі рет Ердоған басқаратын Әділет және даму партиясының (АКР) үміткерлерін айқын басымдықпен жеңген.
Ыстамбұл университетінің студенттері қала басшысының ұсталуына қарсы наразылық шеруге шықты. Студенттердің қалың нөпірі жолдағы полиция бөгетін жарып өтіп, қала әкімшілігінің ғимаратына қарай аттанған. Полиция мен шерушілер арасында қақтығыстар болып, полиция көз жасаурататын газ бен резеңке оқтар қолданған.
Студенттерден бөлек қала тұрғындары да қала басшысының ұсталуын заңсыз деп айыптап, шеруге шықты. Азаматтар Имамоғлуды тұтқындалғаннан кейін апарылған Ыстамбұл полициясы ғимаратының алдында нарызылық білдірді. Ыстамбұлмен қатар елдің Анкара, Измир, Ризе секілді қалаларында да наразылық шерулері басталып, шерушілер үкімет пен президент Ердоғанның отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Ал Экрем Имамоглу ресми түрде Түркия президенттігіне үміткер атанды.
Митинг бүгінге дейін жалғасып жатыр. AFP агенттігінің бағалауынша, митингке жүзмыңдаған адам қатысқан. Бірақ ең ірі оппозициялық Республикалық халық партиясының жетекшісі Озгур Озел 2,2 миллион наразылық білдіруші бар екенін жариялады.
Қазақстанның Сыртқы істер вице-министрі Ақан Рахметуллиннің айтуынша, шеру кезінде зардап шеккендердің қатарында қазақстандықтар жоқ. Ол отандастарға әзірге Түркияға бармауға кеңес берді.
Stan.kz тілшісі түркиялық сарапшыларды әңгімеге тартып, елді алда не күтіп тұрғанын сұрап көрді.
Мьянма мен Таиландта жер сілкінді
28 наурыз күні Оңтүстік-Шығыс Азияда екі күшті жер сілкінісі болды. Соның салдарынан Бангкокта салынып жатқан көпқабатты ғимарат құлады. Жерасты дүмпулерінің эпицентрі Мьянмада тіркелді. Қазір адамдар эвакуацияланып жатыр.
Эпицентр Мандалай қаласынан 33 шақырым оңтүстік-батысқа қарай орналасқан. Бұл қалада 1,2 миллионнан астам адам тұрады. Жер сілкінісінің ошағы 10 шақырым тереңдікте болды. Күшті жер сілкінісінен бірнеше минут өткен соң 6,4 магнитудалы афтершок тіркелді.
Әлеуметтік желіде кран орнатылған биік ғимараттың құлап, үлкен шаң бұлты көтерілгені, ал адамдардың айқайлап, жан-жаққа қаша бастағаны көрсетілген видеолар тарады. Бангкоктағы биік ғимараттардың төбесіндегі бассейндерден жер сілкінісінің салдарынан су ағып, көптеген ғимараттың қасбеттерінен сынықтар құлаған.
28 наурызда жер дүмпуінен 2056 адам қаза тапты деп хабарланды. Ел билігі алты аймақта төтенше жағдай жариялады.
Мьянма билігі кез келген елден, ұйымнан гуманитарлық көмек сұрап, "шетелдік көмек үшін барлық жолды ашқанын" мәлімдеді. Жерасты дүмпулері Таиланд, Бангладеш, Лаос, Қытай және Үндістанда сезілді. Таиландта 6 адам қаза тауып, 16 адам жарақат алып, 100-ден астам адам із-түзсіз жоғалып кеткен.
Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының мәліметінше, 29 наурызда Мьянмада тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Оның магнитудасы – 5,1. Мамандардың айтуынша, жер сілкінісінің ошағы елордадан оңтүстік-батысқа қарай 19 шақырым жерде орналасқан, онда шамамен 925 мың адам тұрады.
БАҚ хабарлауынша, Мьянма астанасы мен ірі қалаларда төтенше жағдай жарияланған. Жарық, су, байланыс, көлік және әуе қатынасында ақаулар бар. Әуежайдың радар жүйесі жойылды. Құтқарушылар зардап шеккендерді іздеп жатыр.
Сонымен қатар 30 наурызда Тынық мұхитының оңтүстік-батысындағы Тонга корольдігінде 7,1 балдық жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері эпицентрден 76 шақырым жерде орналасқан Пангай қаласында сезілді. Жер сілкінісінің ошағы 10 шақырым тереңдікте орналасқан. Әзірге қираулар мен зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Метеорологтар цунами қаупі туралы ескертті.
Оңтүстік Кореяда орман өртенді, өрт Жапонияда да байқалды
Оңтүстік Кореяда орман өртеніп, қатты желдің салдарынан жалын 17 мың гектарға тарады. Кейінгі мәліметтер бойынша, 26 адам қаза тапқан. Оның ішінде тікұшақ ұшқышы да бар. Жалын тұрғындар бар аудандарға тез жетті. Салдарынан 27 мың адамды шұғыл эвакуациялауға тура келді. Билік жүздеген тұтқындарды түрмеден шығаруға мәжбүр болды.
ТЖМ мәліметтері бойынша, өрт бүкіл ауданға зардап әкелген. 200-ден астам үй өртеніп, 1300 жылдан асқан Гунс ескі будда ғибадатханасы да қираған. Жалынды сөндіруге 9 мың өрт сөндіруші, құтқарушылар мен әскери адам жұмылдырылған. Олар 500-ден астам арнайы техника мен тікұшақтарды пайдаланып жатыр. Алайда ұшақ апатынан кейін билік жанып жатқан жерлердің үстінде ұшуға тыйым салды.
Өрттің күшеюі мен таралуына қатты жел мен құрғақ ауа райы ықпал етті. Қазір үш өңірде төтенше жағдай режимі жарияланды.
Кейіннен ірі орман өртіне күдікті анықталды. 56 жастағы ер адам Солтүстік Кёнсан провинциясы Уисон округіндегі отбасылық бейітте ата-бабасының жерлеу рәсімі кезінде өрт қойды деп айыпталды. Отқа немқұрайлы қарау салдарынан Оңтүстік Кореяның оңтүстік-шығысындағы орманды өрт шарпыды. Полиция 30 наурыз күні елдің оңтүстік-шығысында жаппай орман өртін тудырды деген күдікпен ер адамды ұстады. Орман өртті салдарынан 4 мыңға жуық ғимарат отқа оранды. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген Гоун ғибадатханасы, тұрғын үйлер, зауыттар және басқа нысандар жойылды. Полицияның мәліметінше, күдікті өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып отыр.
Орман өрті Жапонияда да байқалды. Жапонияның батыс бөлігінде екі бөлек орман өрті жалғасып жатыр. Эхиме префектурасындағы Имабари қаласында басталған өрт көршілес Сайджо қаласына тараған. Өрт бірнеше үй мен қойманы қоса алғанда, 400 гектардан астам аумақты шарпыған. 6 мыңға жуық адамға эвакуациялауға бұйрық берілді. Аймақтың электр желісін басқаратын компания егер өрт жалғаса берсе, Имбари электр қуатының толық сөніп қалуы мүмкін екенін ескертті.
Ал Окаяма қаласында орман өрті 500 гектардан астам аумақты шарпыған. Бұл – Окаяма префектурасындағы ең ірі өрт. Олар кейбір ғимараттарды зақымдағн, бірақ зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ. Жапонияның өзін-өзі қорғау күштері мен өрт сөндірушілері орман өрттерімен әуеден және жерден күресуді жалғастырып жатыр.