Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Науқастың туыстары ұрып тастаған дәрігер ісі: Алексей Цой Талғардағы жағдайға түсініктеме берді

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Талғар ауруханасындағы дәрігерді ұрып-соғу фактісі ақылға қонымсыз және ерекше назарды талап ететін жағдай екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Өркениетті қоғамда қақтығыстарды күштің көмегімен шешу ақылға қонымсыз, ал медицина қызметкерін ұру - бұл қоғамдағы жеке адамдардың моральдық құндылықтары мен адами қасиеттерінің төмендеуі туралы алаңдаушылық тудырады", - деп жазды Facebook парақшасында министр.

Министрдің сөзіне қарағанда, зардап шеккен дәрігер қазір медициналық көмек алып жатыр.

"Дәрігерлер, мұғалімдер, әлеуметтік қызметкерлер – мемлекетіміздің негізін құрайды және елдің әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Олар әрқашан қоғамның ілтипаты мен құрметіне лайықты болған. Шамадан тыс физикалық және эмоционалды жүктемелерге, қиын шешімдер қабылдау мен адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін үлкен жауапкершілікті алудың қажеттілігіне байланысты болатын тұрақты күйзеліске қарамастан, олар күн сайын және еш күмәнсіз жұмысына кіріседі. Жауап ретінде негізсіз сын мен қорлауға тап болады", - деді Алексей Цой.

Оның сөзінше, денсаулық сақтау министрлігі мұндай жағдайға қарсы және жәбір көрген хирургтың да, елдің барлық медицина қызметкерлерінің де құқықтарын қорғауға ниетті.

"Бұл үшін денсаулық сақтау министрлігінде барлық дәрігерлеріміздің мәртебесін арттыруға, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған НҚА жобасы әзірленді", - деді министр.

Ол еліміздегі осындай сұмдық тәртіп бұзушылықтарды қоғам жақтырмайды, ерекше жазаланатын жағдай болады деген үміт білдірді.

Еске салайық, Талғар аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөлімінде науқастың туыстары түнгі кезекшілікте болған және науқастарды қабылдаған хирургты ұрып-соққан. Дәрігерге бас-ми жарақаты және мидың шайқалуы диагнозы қойылды.

Талқылау