Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Науқасқа шұғыл ота жасау үшін жоғары жылдамдықпен жүрген": Сот қазақстандық дәрігерге салынған айыппұлдың күшін жойды

көлік қатты жылдамдықпен жүрді

Фото: Freepik.com

Түркістанда кардиохирург миокард инфаркті диагнозымен түскен науқасқа шұғыл ота жасау үшін жолға шығып, жылдамдықты асырған. Сол үшін маманға айыппұл салынған. Ол шешіммен келіспей, сотқа шағым түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

29 маусым қалалық орталық аурухананың кардиохирургы У науқастың жүрегіне шұғыл түрде ота жасау үшін көлік тізгіндеп ауруханаға жол жүрген. Полиция қызметкерлері көліктің алдыңғы әйнектеріне перде (шторка) орнатылғаны үшін оны тоқтатып, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 5-бөлігі бойынша хаттама толтырылған.

Кейін полицейлер оның науқастың жүрегіне жедел ота жасауға асығып тұрғанын біліп, қызметтік автокөлікпен сүйемелдеп алып жүру туралы ұсыныс білдірген. Ол ұсынысты қабылдап, Майкотов көшесінде жылдамдықты асырып жүргізген. Алайда автоматты режимде жұмыс істейтін камераға түсіп, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама шығарылған. 


Көлігін эвакуатормен тасымалдаған қазақстандық жылдамдық үшін айыппұл алған


“Сот іс құжаттарды зерттеп, шағымданушының, полиция қызметкерлерінің түсініктемелерін қарап, құқықбұзушының әрекетіне баға бере келе, оның белгіленген жылдамдықты асырып, көлік құралын басқару әрекеті өзге адамның өмiрiне, денсаулығына, тiкелей қатер төндiретiн қауiптi жою үшiн аса қажеттiлiк деп бағалады”, – делінген хабарламада.

17 қыркүйек Түркістан қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманың күші жойып, іс жүргізуді тоқтатты.
Ал көлік әйнегіндегі пердеге салынған айыппұлды кардиохирург ерікті түрде төледі.

Еске салсақ, Қазақстанда қалалардағы рұқсат етілген жылдамдық төмендетілмек екені айтылды. 

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 23 Қыркүйек, 2025 16:01
Талқылау