Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанадағы LRT 2025 жылдың соңына дейін іске қосылады

City Transportation Systems басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың LRT-ны іске қосу 2025 жылдың соңына жоспарланғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет баспасөз қызметінің дерегінше, бүгінде LRT эстакадасының арқалықтарын төсеу кезеңі аяқталды. Cтанциялардың негізгі темірбетон конструкциялары құрылысын 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Келесі жылы рельстерді төсеу, стансаларды әрлеу және жылжымалы құрамдарды жеткізетін депо құрылысын жүргізу, Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдаяқов көшесі бойындағы эстакадалық бөлікті абаттандыру жүргізіледі.

Айта кетейік, жеңіл рельсті желінің жалпы ұзындығы 22,4 шақырым құрайды. LRT құрамына 18 станция кіреді. 652 адам сыятын 19 жылжымалы құрамды іске қосу жоспарланып отыр. Қозғалыс аралығы 4-5 минут. Бастапқы кезеңде тәулігіне 25 мың адам жолаушылар ағыны болады деген болжам бар. Бұл ретте жолаушылар ағыны ең жоғары уақытта тәулігіне 92 мың адамға жетуі мүмкін. Төлем жүйесі қалалық аналогы бойынша көлік картасын валидациялау немесе QR-код арқылы төлеу арқылы қарастырылған.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

"Құрылыс жұмыстарына танымал қытайлық жетекші компаниялар тартылған. Соның ішінде China Construction Sixth Bureau, Yunnan Construction and Investment Holding Group Co., Longjian Road and Bridge Co., Tianjin Rail Transit Group Co., CRRC Tangshan Co LTD. сияқты мекемелер бар. Ал CRSCInternational, CASCO, HUAWEI Smart Transport BU компаниялары дабыл және автоматтандыру жүйелерін реттеуге қатысады", – деді үкімет баспасөз қызметі.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

City Transportation Systems басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, барлық құрылыс жұмыстарын аяқтап, LRT-ны іске қосу 2025 жылдың соңына жоспарланған. Пилотсыз пойыздарды сынақтан өткізу үшін қосымша 6 ай қажет.

Олжас Бектенов жобаның сапасы мен іске асырылу мерзімдерін бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі



Еске салайық, бұған дейін Astana LRT компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан мен елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков интерполда жеңіл рельсті көлік құрылысы жобасын іске асыру кезінде сыбайлас жемқорлық пен жымқыру ісі бойынша іздеуде болған. 2020 жыл­дың қазан айында басталған Astana LRT ісі бойынша жеті сотта­лушыға жеңіл рельсті трассаны салу кезінде 5,7 млрд теңгені ұрла­ды деген айып тағылған еді. Кейін оларға қатысты үкім сырттай шығарылды. Оларға мемлекеттік салада қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Талқылау