Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

NASA: Адамдар алдағы 10 жылда Айда өмір сүреді

Ғарышкерлер 2030 жылға қарай Айда өмір сүріп, жұмыс істейтін болады. Бұл туралы АҚШ ұлттық аэронавтика және ғарыш басқармасының (NASA) өкілі BBC телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Америкалық NASA агенттігінің Orion ай ғарыш кемесі бағдарламасының жетекшісі Говард Худың сөзінше,  “Артемида” миссиясы аясында Orion кемесімен Space Launch System зымыранын ұшыру адамның ғарышқа ұшуы үшін тарихи күн болады. Қазіргі таңда миссия сәтті өтіп жатыр, барлық жүйелер жұмыс істеуде, команда ғарыш кемесін айдың алыс орбитасына шығару үшін Orion қозғалтқыштарының келесі ұшырылымына дайындалуда.

"Әрине, осы онжылдықта бізде Ай бетінде өмір сүретін адамдар болады. Олардың мекендейтін жерлері болады, айға ұшатын аппараттары болады және олар ғылыммен айналысады", - деді NASA өкілі.

Қазіргі уақытта Orion айдан шамамен 134 мың шақырым қашықтықта орналасқан. Кеменің бортында ұшудың адам ағзасына әсерін тіркейтін арнайы манекен бар.

"Бұл  ғарыш кеңістігін ұзақ мерзімді зерттеуге жасап жатқан алғашқы қадамымыз. Бұл АҚШ үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін жасалып жатыр", - деді Говард Ху.

Сонымен қатар, агенттік өкілі NASA Orion кемесінің көмегімен адамдарды айға қондыруға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді бағдарлама құру бағытында жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, егер “Артемиданың” қазіргі рейсі сәтті өтсе, келесі рейс экипажбен бірге болады. Содан кейін ғарышкерлердің 1972 жылы желтоқсанда “Аполлон 17” рейсінен кейін алғаш рет Айға қайта қонатын үшінші рейс жоспарлануда.

Талқылау