Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Наразылық білдірген ШҚО тұрғындары ауруханадан кереуеттер мен төсек-орындарды шығарып тастаған

ШҚО тұрғындары екі күннен бері коронавирус мәселесіне қатысты дау-дамайдың астында қалған. Олар Қытайдан ауру жұқтырғандар қалаға кіріп кетеді деп қауіптенген. Осыған қарсылық ретінде Қытай шекарасына жақын орналасқан Зайсан ауданындағы ауруханадан төсек-орындарды, матрацтарды, көрпені далаға шығарып тастаған.

Тұрғындар шекараны жауып, инфекция жұқтырғандарды ауыл-аймаққа кіргізбеуді талап етіп отыр. Облыс әкімі үрліккен халықты тыныштандыру үшін оқиға орнына келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп. 

Бүгін әкім бірнеше ауыл тұрғындарымен кездесті. Қытай шекарасына жақын орналасқан ауыл тұрғындарымен кездесуге келген Даниал Ахметовке адамдар наразылықтарын білдірді. Басты сауал: коронавирус жұқтырған Қытай азаматтарын не себепті Зайсан ауруханасында емдеу керек?

Әкім мұнда қауіпті инфекциясы барларды кіргізбейтінін айтып сендірді. Ол өкпе қабынудың жаңа түрі тез таралып жатқан уақытта Қазақстанға шетелдіктер кіре алмайды, Қытаймен шекара жабық екенін айтқан. 

Алайда әкім Қытайдан қазақстандық бес азамат келетінін айтты.

"Қазір бірде-бір адам келген жоқ, бірақ ол жақта біздің студенттер бар, балаларымыз оқып жатыр. Егер олар қайтып келетін болса, біз шекараны жауып тастай алмаймыз ғой. Өз балаларың болса не істер едіңдер?", - деді әкім. 

Тұрғындар келушілерді кеденде оқшаулау керек екенін айтты. Сарытерек пен Айнабұлақ ауылдарының тұрғындары дүрліккендері соншалық ауруханадағы төсек-орындарды далаға шығарып тастаған. Белгілі болғандай, ауылдық ауруханада карантиндық бөлімше ашылған. Сол үшін жиырма орын дайындалған.

Әкімдік коронавирус жұқтырғандарды ауруханаға кіргізу туралы жоспар болмағанын, ол жерге тек Қытайдан оралған  дені сау қазақстандықтарға арналғанын айтты. Жаңа ереже бойынша олар 14 күн бойы дәрігерлер қарауында болады. "Ал елге ҚХР-дан ауру жұқтырғандарды кіргізгелі жатыр деген ақпарат - жалған", - дейді әкімдік.

Еске салсақ, Шығыс Қазақстан облысындағы екі ауылдың тұрғындары аймақта коронавирус жұқтырған қытайлық жұмысшылар жүр деп шу шығарып, желіде бұл ақпарат қызу талқыға түскен.

Талқылау