Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нан мен май кесетін асхана құралы": Шерзаттың өліміне қатысты сотта Қаржаубай дүкеннен алып шыққан пышағының фотосы көрсетілді

Фото: Жоғары сот кадрларынан

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта Қаржаубай Нұрымов дүкеннен алып шыққан пышағының фотосы көрсетілді. Кадрларда нан мен май кесуге арналған пышақ болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада жанжал басталған кезде Қаржаубай Нұрымов дүкеннен пышақпен шығып кеткені көрсетілген. Бұл туралы айыпталушылар да мәлімдеді. 

Шерзаттың әкесі алып шыққан пышақ нан мен майды кесуге арналған асханалық құрал болып шықты. Ас пышақтың ұзындығы 29 см, жүзі 15 см. Нұрымов дүкенде басқа пышақтар болмағанын айтты.



Алайда сотталушылардың бірі көз жұмған жасөспірімнің әкесінде басқа сары пышақ болғанын айтты. Судья Ержан Жанұзақов айыпталушыға бұл туралы жарыссөз кезінде айта алатынын жеткізді.

Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Алайда үйді өртеген күдіктілер әлі күнге табылған жоқ

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 22 Мамыр, 2025 12:42
Талқылау