"Намысым "штраф стоянкада": Қазақстандықтар Тәуелсіздік күні полицияның ту ұстап жүруге тыйым салғанына шағымданды

Қазақстандықтар Тәуелсіздік күні елордалық полиция қызметкерлері ту ұстап жүруге тыйым салды деп шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана тұрғыны 16 желтоқсан күні көк туын қолына алып, сурет, видео түсіру үшін Бәйтерек жаққа қарай бет алған. Алайда тәртіп сақшылары оларға тумен жүруге және суретке түсуге тыйым салды.
“Мерекелік көңіл күймен көк туымды алып Бәйтерек жаққа суретке, видеоға түсуге барғанбыз. Сол жерде жүрген полиция қызметкерлері бірден келіп бүгін “тумен жүруге болмайды” деді. “Қай заңда олай жазылған?” десем, “еш жерде жазылмаған, бізге жоғарыдан солай деп айтты” деді. Одан соң олар жарайды түсе беріңдер деп кетіп қалды. Кейін біз түсіп болғасын қайтадан келді. Сөйтсек олар ол уақытта басқа қызметкерлерді шақырып үлгеріпті. Олар келіп “бүгін тумен жүруге, сурет, видеоға түсуге болмайды, суреттерді еш жерге салмаңыздар” деді. Жеке деректерімізді сұрап, түсіндіру жұмыстары жүргізілгені туралы жазатынын айтты. Сонда өз елімде, өз мерекемізде емін-еркін туымызбен жүріп, суретке түсе алмасақ, не болғаны”, – деп жазды желі қолданушысы.


Мұндай жағдайға тап болғандар көп. Отандастырымыз тәртіп сақшыларының еш негізсіз көк байрақты ұстап жүруге тыйым салғанын айтып, наразылығын жеткізді.
“Бізді де тоқтатты, құрбым екеуіміз туды көлікке іліп, “Қазақстан” шоколадын таратып жүргенбіз. “Туды алыңдар” деді. “Не үшін, қандай заңға қайшы келдік?” деп сұрадық. Жауаптары “жай ғана болмайды” болды. Туды тартып алмақ болды, бермедік. “Намыстарыңыз қайда” дегенде “штраф стоянкада” деп жауап берді”, – деп басынан өткен жағдайды баяндады.

Қазақстандық қаржыгер Айбар Олжаев Тәуелсіздік мерекесі күні көшеде ту көтеріп жүргені үшін айыппұл арқалағандардың айыппұлын төлеп беремін деп жазды.

Әлеуметтік желіде көлікке ту бекіткен алматылық жүргізушілерді де тәртіп сақшылары тоқтатып тұрған видеолар да тарады.
Болған жағдайға қатысты Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов пікір білдірді. Ол ту ұстап жүргендерге ешқандай жауапкершілік қарастырылмағанын айтты.
“Ешқандай тыйым да, заң талаптары да жоқ. Біз бұл деректі тағы да тексереміз. Егер адамның тәртібінде, әрекетінде әкімшілк немесе қылмыстық жауапкершілікке жататын әрекеттер болмаса біз процессуалдық баға береміз. Ту үшін ешқандай жауапкершілік көзделмеген”, – деді Санжар Әділов.
Сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің вице-министрі Ерлан Саиров тәртіп сақшыларының бұл әрекетін “шаш ал десе, бас алатын” асыра сілтеушілікке балады.
“Қазақтың кей кездері “шаш ал десе, бас алатыны” бар. Негізінде көк туымызды желбіретіп, оны халыққа насихаттаудың еш зияны жоқ. Сондықтан бұл фактілерді тексеру қажет. Керісінше, біз көк туымызды насихаттап, осы мемлекетіміздің бұлжымастығын көрсететін әр түрлі жобаларды жүзеге асыруымыз керек”, – деді Ерлан Саиров.
Жарыстан екінші орын алсам әкем ұрсып, скакалкамен ұратын — Әсел Қанай каратэден әлем чемпионатының қола жүлдегері