ҚМДБ мұсылмандарға әлеуметтік желіде оқырман санын ақыға арттыру күнә деп мәлімдеді
Фото: Freepik.com
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ислам дінін ұстанатын азаматтардың әлеуметтік желіде жазылушылар санын ақы төлеп көбейтуіне қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ҚМДБ бүгінде көптеген адам мен компания өз парақшаларын насихаттау үшін түрлі ұсыныстарға жүгінетінін атап өтті. Мұндай қызметтер жазылушылар, лайк, пікір және өзге де көрсеткіштер санын арттыру арқылы жүзеге асады.
Парақша иелері оқырман санын көбейтетін арнайы қызмет көрсетушілермен келісімшарт жасап, белгілі бір ақы төлейді.
ҚМДБ мәліметінше, әлеуметтік желідегі жазылушылар санын арттырудың екі негізгі жолы бар:
- Нақты қолданушылар арқылы көбейту.
Яғни, қызмет көрсетуші белгілі бір парақшаны, жарияланымды немесе соған ұқсас контентті жарнамалап, оны кеңінен таратуға жауапты болады. Жарнаманы бірнеше рет жариялау арқылы көбірек аудиторияны қамтып, қаралым мен лайк ықтималдығын арттырады. Бұл тәсіл клиентке мақсатына жетуге көмектеседі.
“Бұл жағдайда көрсетілген қызмет үшін төленетін ақы еңбек шартына ұқсас саналады. Шариғатта белгілі бір қызмет көрсету үшін біреуді жалдауға рұқсат етіледі”, – делінген ҚМДБ хабарламасында.
- Жалған (бот) парақшалар арқылы көбейту.
Ал егер жазылушылар саны фейк, бот-парақшалар есебінен жасалса, бұл әрекет шариғат бойынша тыйым салынады, өйткені ол алаяқтыққа тең. Мұндай “қызмет” үшін ақша алу кісі ақысын жеу ретінде бағаланады.
ҚМДБ өкілдері клиент жалған көрсеткішті әдейі тапсырыс берсе, күнәнің ауырлығы арта түсетінін айтты. Себебі ол парақшасын шындыққа сай келмейтін сипаттармен көрсетіп, өзгелерді адастырғысы келеді.
“Бұған шариғатта тыйым салынған. Өйткені мұндай адам “өтірікші, бұрмалаушы және алдаушы” саналады. Мұсылман адалдық пен шыншылдықты ұстанып, табысын да адал жолмен табуы керек”, – деп түсіндірді ҚМДБ.
Осылайша ҚМДБ шешімі бойынша Қазақстан мұсылмандарына:
-
әлеуметтік желідегі жазылушылар санын нақты қолданушылар есебінен (шариғатқа қайшы емес тәсілдермен) арттыруға және мұндай қызметке ақы төлеуге рұқсат;
-
жазылушылар санын фейк, жалған парақшалар арқылы көбейтуге және олар үшін ақша төлеуге тыйым салынады.
Айта кетейік, бұған дейін ҚМДБ адамдардың суреттеріне жан бітіруге қатысты бірнеше пәтуә шығарған еді.
"6 миллион теңгеге дейін табыс табуға болады": Ауылда мал бағып жүріп, ағылшын үйренген 16 жастағы қазақстандық жұртты тәнті етті