Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұрат Әбенов шетелдік компанияларды қолдауды тоқтатуды талап етті

Мұрат Әбенов шетелдік компаниялар Фото: Мәжіліс видеосынан скрин

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов шикізат олигархтары мен шетелдік компаниялардың мүдделерін қолдайды деп үкіметті сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әбеновтің айтуынша, "Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) үкіметтің нұсқауымен ірі тау-кен металлургия компанияларына жеңілдіктер береді. Көмір, кен және металдар шетелге – Ресей мен Қытайға төмен тарифтермен тасымалданады. Бұл шетелдік зауыттарға тиімді. Ал қазақстандық компаниялар шикізатты қымбат бағаға сатып алады немесе мүлде қол жеткізе алмайды.

"Мысалы, сол “КарМет” Қазақстандағы компанияларға металл сатпайды. Қызылордадағы стадионды да қытайлық металмен салып жатыр. Ал Қарағанды металлургиялық комбинаты өндірген өнімнің бәрін шетелге шығарып жатыр", – деді ол.

Депутаттың пікірінше, бұл жеңілдіктер 30 жыл бұрын, ескі жүйе кезінде, олигархтарға берілген. Алайда жаңа үкіметтегі кейбір шенеуніктер сол артықшылықтарды қорғауды жалғастырып отыр. Соның салдарынан шағын және орта бизнес зиян шегуде. ҚТЖ шығындарын жабу үшін басқа тасымалдаушыларға тарифті көтеруге мәжбүр.

"Жеңілдіктер осыдан 30 жыл бұрын, бұрынғы президенттің жақын достарына, яғни “ескі Қазақстан” дәуірінде берілген. Бірақ, қызығы сол, қазіргі үкіметтегі кейбір шенеуніктер әлі де сол бизнесмен-олигархтардың мүддесін қорғап отыр", – деп атап өтті мәжілісмен.



Ол шикізатты Қазақстанда өңдеп, жұмыс орындарын ашып, дайын өнімді экспорттауды ұсынды. Бұл мәселемен премьер-министр Олжас Бектеновке жүгінді. Әбеновтің пайымынша, премьердің маңайында олигархтардың мүддесін көздейтін лоббистер болуы мүмкін.

"Мен оған сенемін, рет орнатуға тырысып жатқанын да көріп отырмыз. Мүмкін бұл мәселеге қолы әлі жете қоймаған болар. Бірақ ол өз айналасын мұқият зерттеп шыққаны дұрыс. Себебі, оның жанында жасырын лоббистер отырса, түрлі сылтаумен шикізатты шетелге жеңілдетілген шарттармен шығаруды қолдап, шетелдік компаниялардың мүддесін қорғап отырған болуы мүмкін. Тіпті олардың мақсаты тек материалдық емес шығар", – дейді депутат.

Енді Әбенов бұл мәселені парламентте көтеріп, тексерулер жүргізуді бастамақ. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 29 Шілде, 2025 17:36
Талқылау
`