Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұнай 100 доллар болса, Қазақстан қосымша 20 миллиард доллар табыс табады – Энергетика министрі

Фото: freepik.com

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мұнай бағасы бір баррель үшін шамамен 80 доллар деңгейінде сақталатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, егер мұнай бағасы 100 долларға жетсе, Қазақстан Ұлттық қор мен бюджетке қосымша 20 миллиард доллар кіріс түсіруі мүмкін. Бұл шамамен екі мұнай өңдеу зауытының немесе бір атом электр станциясының құнына тең (АЭС-тің алдын ала бағасы – 15 миллиард доллар).

“Мұнай бағасы күн сайын өзгеріп отырады. Ең жоғары шегі 119 доллар болды. Қазір шамамен 87 долларға түсті. Бағаның 80 доллар шамасында сақталуына алғышарттар бар. Себебі біз ақпарат құралдарынан Парсы шығанағы елдерінің мұнай инфрақұрылымына екі тараптың да шабуыл жасап жатқанын көріп отырмыз”, – деді ол журна.

Министрдің айтуынша, бұл жағдай нарықтағы мұнайдың нақты көлемінің азаюына әкелген.

“Мұнай бағасының әрі қарай өсуі аймақтағы әскери қақтығыстың қалай өрбитініне байланысты. Бұл қақтығыс Парсы шығанағы елдерінде, Солтүстік Америкада және басқа нарықтарда бензин бағасының өсуіне алып келді. Қазақстанда – жоқ (Парсы шығанағындағы қақтығыс Қазақстандағы бензин бағасына әсер етпейді)”, – деді ол.

Сонымен бірге министр мұндай жағдайдың Қазақстан үшін оң әсері де болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, егер мұнай бағасы 100 доллар болса, Ұлттық қор мен бюджетке қосымша 20 миллиард доллар, ал 120 доллар болған жағдайда 37 миллиард доллар түсуі мүмкін.

Қазіргі қолданыстағы бюджетте Brent маркалы мұнайдың бағасы бір баррель үшін 60 доллар. Ал 1 доллардың бағамы 540 теңге деп белгіленген. Сондықтан нақты мұнай бағасы осы көрсеткіштен жоғары болған сайын, бұл бюджет кірісі мен Ұлттық қордың түсіміне оң әсер етеді.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 11 Наурыз, 2026 15:28