Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұғалімге балағат сөз айтқан Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы қарапайым мектепке ауысты

Фото: Видеодан скрин

"Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин Алматыда 11-сынып оқушысының оқудан шығарылуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әнуар Жанғозин оқушымен, ата-аналармен және педагогикалық ұжыммен кездесу өткізгенін мәлімдеді.

“Талқылауға Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты. Кездесу барысында бұған дейін қабылданған шешім қайта қаралып, тараптар өзара түсіністікке келді. Назарбаев Зияткерлік мектебі өз шешімін өзгертпейді. Оқушы мектептен шығарылып, мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке ауыстырылды. Оқушының ата-анасы тарапынан ешқандай қарсылық жоқ”, – деп жазды Жанғозин.

Жанғозиннің айтуынша, Назарбаев Зияткерлік мектептері шәкірттерге әрдайым құрметпен қарап, қолдау көрсетеді.



“Назарбаев Зияткерлік мектептері өзара сыйластыққа негізделген сындарлы қарым-қатынасты басты қағида ретінде ұстанады. Дегенмен мұғалімдерге құрметпен қарау – мектеп үшін өзгермейтін және қатаң сақталатын талап. Қоғамның бұл мәселеге бейжай қарамай, белсенділік танытқанына алғыс білдіремін. Біз кері байланыс пен ашық диалогты жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ Оқу-ағарту министріне, министрлік өкілдеріне және бала құқықтары жөніндегі уәкілдерге аталған жағдайға жіті көңіл бөліп, қолдау көрсеткендері үшін ризашылығымды білдіремін”, – деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыны бітіру кешіне бір күн қалғанда оқудан шығарып жібергені айтылды. Кейін оқушы кешірім сұрап, өз нұсқасын айтып, президентке үндеу жолдаған еді.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 28 Мамыр, 2025 12:18
Талқылау