Желіде Алматыдағы мектептерге қарулы шабуыл жасалатыны туралы ақпарат тарады
Фото: Видеодан скрин
Әлеуметтік желіде Алматыдағы бірнеше оқу орындарына террористік шабуыл жасалатыны туралы хабарламалар тарады. Аталған жағдайға полиция түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Хабарламада шабуылдың 20 қаңтар күні 8 мектепте болатыны айтылған.
“Жақын арада… 2026 жылы 20 қаңтар күні Алматы қаласы мәңгілікке есте қалады. Мектептерде жаппай атыс ұйымдастырғымыз келеді. Мүмкіндігінше көбірек адамды өлтіруге тырысамын. Біз баратын мектептер: №6, №18, №157, №144, №134, №166, №156, №135. Осы мектептерде жаппай террористік акт болады”, – деп жазылған хабарламада.
Фото: Threads
Аталған жағдайға Алматы қалалық полиция департаменті пікір білдірді. Олардың мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
“Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматы қаласындағы бірқатар мектептерде террористік актілер дайындалып жатыр деген мазмұндағы хабарлама тарап жатыр. Бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз. Қазір қаладағы білім беру мекемелеріндегі жағдай толық бақылауда. Полиция мен өзге де жедел қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Балалар мен педагогтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда”, – делінген хабарламада.
Атырау облысында оқушы мектептерге террористік шабуыл жасалады деп қорқытқан
Сондай-ақ жалған ақпарат тарату дерегі бойынша жедел-іздестіру шаралары басталған.
“Фейк хабарламаның авторы мен бастапқы көзі анықталып жатыр. Оны таратқан тұлғалар Қазақстанның заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Азаматтарды сабыр сақтауға, дүрбелеңге берілмеуге және тек ресми ақпарат көздеріне, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының хабарламаларына ғана сенуге шақырамыз. Балалардың қауіпсіздігіне қатысты жалған ақпарат тарату ауыр құқықбұзушылық саналады және заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады”, – делінген хабарламада.
Полиция тексерілмеген хабарламаларды таратпауды және қайта жолдамауды сұрады.
Айта кетейік, бұған дейін Әлеуметтік желіде Шымкенттегі мектептерге шабуыл жасалатыны туралы ақпарат тараған еді.
Жаңа үйленсе де өзге қыздарға жазады: Қазақстандық психолог неліктен ерлердің опасыздыққа баратынын айтты