Мұхтар Тайжан: Біз қараған заң жобасында жерді сату туралы бірде-бір сөз жоқ
ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан «Жер жаппай сатылады және шетелдіктерге жалға беріледі» деген мағынадағы әлеуметтік желіде тараған ақпараттар жалған деп мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
«Бұл заң ерекше заң деуге болады. Өйткені, бұл заң жер комиссиясының шешімдері бойынша дайындалған. Мен осында отырған адамдармен (АШМ өкілдерімен – авт.) бір жарым жыл уақыт жұмыс істегенмін. Өкінішке қарай, соңғы күндері әлеуметтік желілерде «ақпанның 14-нен кейін жер жаппай сатылады және шетелдіктерге жалға беріледі» деген арандатушы ақпараттар пайда болды. Ресми түрде айтып отырмын: ол жалған, өтірік әрі арандатушы ақпарат деп есептеймін», – дейді ол.
Мұхтар Тайжанның айтуынша, заң жобасында ол туралы бірде-бір сөз жоқ.
«Мен оған өз басым кепіл бере аламын. Керісінше, біз қараған заң жобасында халыққа пайдалы әрі тиімді нәрселер бар. Мысалы, жайылымдық жер, 10 сотық жер туралы, латифундизмге қарсы нақты нормалар бар. Сондықтан, біздің заңымыз қабылданғаннан кейін «жер жаппай сатылады немесе шетелдіктерге жалға беріледі» деген сөз жалған. Содан кейін хаттың (ақпараттың) авторы да жоқ. Қарапайым сөзбен айтсақ, бұл – анонимка. Егер бұл хаттың авторында фактілер мен дәлелдер болатын болса, неге халықтың алдына шықпайды? Неге дәлелдерін көрсетпейді?», – дейді Мұхтар Тайжан.
«Жан-жақтан, аймақтардан беделді, салмақты азаматтар келеді. Білікті заңгерлер тәуелсіз сараптама дайындап, қоғам талқылауында баяндап береді. Сондықтан, бұл заңда еш халықтан жасыратын немесе халыққа зиянды нәрселер жоқ. Мұны мен сенімділікпен айтып отырмын», – деп түйді Мұхтар Тайжан.
ҚР Парламент Мәжілісінің жұмысында «Жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасы қаралуда.
Тағы да оқыңыз:
Астанада дәрігерлер емін таппаған 5 жасар бала Секен Тұрысбектің күйлерін тыңдап ауруынан айыққан
Абайдың әнін мазақ қылған Байзақова жұрттың ашуын келтірді (видео)
Ұлынын айырылған тележүргізуші: Мен енді бұрынғы Сәуле емеспін