Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мүгедек болып қалуы мүмкін": Алматылық әйел саябақта ашық құрылыс алаңындағы арматураға құлаған

Әлеуметтік желіде алматылық Асқар Қаймақов анасының 28 панфиловшылар паркінде құрылыс жүргізіп жатқан мердігерлердің кесірінен төсек тартып жатқанын айтады. Оның айтуынша, анасы жерден шығып тұрған арматураға сүрініп құлаған. Иық сүйегін сындырып, бас-ми жарақатын алған. Сол жердегі жұмысшылар да әйелге көмектеспеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: facebook.com/askar.kaimakov

Асқар Қаймақовтың сөзінше, анасы "Көк базарға" бара жатып, 28 панфиловшылар паркі арқылы өткен. Панфилов ескерткішінің жанында жұмысшылар плитканы алып, жаңасын төсеп жатыр екен. 

"Аумақ  мүлдем қоршалмаған. Анам жерден шығып тұрған арматураға сүрініп құлаған. Иық сүйегін сындырып, бас-ми жарақатын алған. Жұмысшылар оған көмектеспей, анам жерде шамамен 20 минут жатып қалған. Әкем анамның құлағанын естіп, жүгіріп келді. Содан кейін жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер анамның жасын ескеріп, сүйек дұрыс бітіспеуі мүмкін деді. Тіпті мүгедек болып қалуы мүмкін екенін айтты. Мен ауруханадан кейін бірден оқиға орнына барып, 102 шақырдым", – деп жазды Асқар Қаймақов.

Оқиға орнына барғаннан кейін Қаймақов аумақ шынымен қоршалмағанын көрген және құрылыс объектісінің паспорты жоқ екенін білген.

"Құрылыс басшысы да жоқ, жұмысшылардың біздің азаматтар емес екені көрініп тұр. Еңбек келісімшарттары мен қауіпсіздік нұсқамасы жоқ. Тіпті кімге жұмыс істейтінін де білмейді. Мен болған кезде тағы бірнеше адам сүрінді, бірақ құламады. Полицияның жедел әрекет етіп, сапалы жұмыс істегеніне ризамын. Алайда әкімдіктің белгісіз мердігерді жалдап, жұмыс сапасын бақыламауына ренжідім. Жұмыстарды бақылау бөліміне оқиға орнына келіп, акт жасауын сұрадым. Бірақ олар уақыт жоқ деп жауап берді. Мен Қылмыстық кодекстің 277-бабы “Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу” бойынша алдын ала тергеу басталуын талап етемін. Сондай-ақ осы учаскеге жауапты әкімдік қызметкері жауапкершілікке тартылуы керек деп санаймын. Мұны барынша таратуды және тиісті мемлекеттік органдарды белгілеуді сұраймын", – деді Асқар Қаймақов.

Біздің редакция Медеу ауданы әкімдігіне осы мәселеге қатысты сұрақ қойып, мердігер кім екенін анықтады.

"28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта Панфиловшылар ескерткішінің айналасында қазір жөндеу жүргізіліп жатыр. Жұмысты "Тұран қоры" ЖШС жүргізіп жатыр. Оқиғаға байланысты мердігерге Алматы қаласын абаттандыру ережесіне сәйкес әкімшілік шара қолданылады", – деп жауап берді Медеу ауданы әкімдігі.

Талқылау