Мүфтият марқұмдардың фотосына “жан бітіруге” белгілі бір жағдайларда ғана рұқсат берілетінін айтты
Видеодан скрин
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы марқұмдардың фотосын Жасанды интеллект көмегімен “жандандыруға” белгілі бір жағдайларда ғана рұқсат берілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мүфтият мәліметінше, Deep Nostalgia технологиясын кез келген жағдайда қолдануға болмайды. Әсіресе, оны марқұм адамның бейнесін “жандандыру” үшін қолдану кезінде ерекше сақ болған жөн дейді.
Діни басқарма Deep Nostalgia-ны қолдануға мына шарттар орындалған жағдайда ғана рұқсат етілетінін мәлімдеді:
- сурет марқұмды кемсіту, мазақ ету немесе қорлау мақсатында қолданылмауы тиіс;
- жасалған ыидео ешкімге зиян келтірмеуі, туыстарының қайғысын күшейтпеуі қажет;
- марқұмның видеосына қатысты құқық туыстарына тиесілі болғандықтан, олардың рұқсатын міндетті түрде алу керек;
- алдауға жол берілмейді, яғни, Жасанды интеллект көмегімен "жандандыру" нәтижелерін ресми құжаттарда немесе нақты бейнежазба ретінде таратуға қатаң тыйым салынады.
Муфтият психологтардың пікіріне сүйеніп, бұл технология бастапқыда жұбаныш сезімін бергенімен, уақыт өте келе эмоциялық және психологиялық күйзеліс тудыруы мүмкін екенін де ескертті. Мұның салдары депрессияға, ұйқының бұзылуына, психологиялық тәуелділікке және әлеуметтік оқшаулануға әкелуі ықтимал дейді.
Мүфтият мәліметінше, егер Deep Nostalgia алдауды, марқұмды кемсітуді немесе туыстарының қайғысын күшейтуді көздесе оған тыйым салынады. Ал жоғарыда аталған барлық талап сақталған жағдайда, бұл технологияны қолдануға рұқсат беріледі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін IMAM AI мобильді қосымшасын іске қосатыны туралы жазған едік.
"Разы болмаймын": Қазақстандық әйел офисінің жанына киіз үй тігіп, мәйіт қойған көршілерінің әрекетіне шағымданды (видео)