Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мораторийді алып тастау туралы сөз болған жоқ": Қаржы министрі депутаттардың сынына жауап берді

Қаржы министрлігінің бизнесті тексеруге қойылған мораторийді алып тастау туралы ұсынысын бірқатар депутаттар сынға алған еді. Бұл мәселе төңірегінде қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Қаржы министрлігі кез келген конструктивті сынды қалыпты қабылдайды. Біз арқашан диалогқа дайынбыз. Бірақ бұл жерде мораторийді алып тастау туралы сөз жоқ. Мораторий Президент Жарлығы бойынша 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін сақталады. Қаржы министрлігі жосықсыз кәсіпкерлерді жауапқа тарту бөлігінде ғана мәселе көтерген болатын. Бірнеше мысал келтірейін: өткен жылы сауда операциялары кезінде түбіртек берілмегені туралы 19 мыңнан астам шағым түсті. Тағы бір мысал: біз жүйеде онлайн бақылау-кассалық машиналарын қолданатын кәсіпкерлердің 50 пайызы ұдайы түбіртек бермейтінін көріп отырмыз", - деді Қаржы министрі. 



Оның айтуынша, Мемлекеттік кірістер комитетінде мұндай заңсыздықтарға әрекет ету механизмі жоқ.

"Осыған байланысты біз қазір түбіртек бермейтін жосықсыз салық төлеушілерге қатысты салықтық бақылау алгоритмін пысықтап жатырмыз. Мораторий президенттің жарлығы бойынша жалғасатынын атап өттім. Түбіртек бермейтін жосықсыз кәсіпкерлерге қатысты біз салықтық жауап беру шараларын әзірлейміз. Тиісті шараларды біз бизнес қауымдастықтарға ұсынып, олармен талқылаймыз. Біз бизнесті реттеуге қатысы бар кез келген шешімімізді қоғамдық тыңдауға шығарып, талқылаймыз. Бұл мәселе бойынша да міндетті түрде қоғамдық тыңдау өтеді. Депутаттар корпусымен де осы бағытта жұмыс істейміз", - деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне тексеріс жүргізуге мораторий жарияланған болатын.

Талқылау