Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мораторий енгізілген кейін бензин бағасының өсуі: Энергетика министрлігі әр жағдайды жеке тексеруге уәде берді

Фото: istockphoto.com

Энергетика министрлігі Қазақстандағы бензин бағасына қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Энергетика министрлігі АИ-92 маркалы бензиннің бағасы өскені туралы ақпаратқа түсініктеме беріп, елде жанар-жағармай бағасын көтеруге қатысты мораторий әлі де күшінде екенін мәлімдеді.

Бұған дейін БАҚ-та ірі жанармай құю желілерінде АИ-92 бензинінің бағасы литріне 241 теңгеге дейін жеткені туралы ақпарат тараған еді. Ал мораторий енгізілген кезеңде баға 239 теңге деңгейінде болған.

Алайда энергетика министрлігі АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасы мораторий енгізілген 2025 жылдың 16 қазанындағы көрсеткішке сәйкес сақталып тұрғанын атап өтті.

“АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасы 2025 жыдың 16 қазанындағы жағдай бойынша бекітілген деңгейде сақталады. Ақпараттық қызметтер мен цифрлық карталардағы деректер бағаны қайта қарауға негіз бола алмайды. Белгілі бір жанармай құю бекеттерінде белгіленген баға шегінен асып кеткен жағдайда уәкілетті органдар әр деректі жеке тексереді”, – делінген энергетика министрлігінің хабарламасында.

Қазақстанда келесі жылы қандай бензин түрлерінің бағасы қымбаттайды


Энергетика министрлігі бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және өңірлік штабтармен бірлесіп жағдайды тұрақты түрде қадағалайтынын атап өтті.

“Нарық субъектілері тарапынан негізсіз баға өсіру анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады”, – делінген хабарламада. 

Министрлік қазақстандықтарды бағаның негізсіз өсу деректерімен кездескен жағдайда Call-орталықтарға хабарласуға шақырды: +7 (701) 855 02 48, +7 (7172) 57 44 81.

Еске салсақ, бұған дейін үкімет дағдарысқа қарсы шаралар аясында 16 қазаннан бастап инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізген еді. Ал 1 қарашадан бастап қазақстандықтар АИ-92 бензині мен автогаз қымбаттауына шағым түсіре алатын жедел желі ашылды.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 01 Желтоқсан, 2025 21:42