Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Министр белгілі дзюдошының Қазақстан азаматтығынан бас тартқанына байланысты жауап берді

Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов кезінде ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен Галбадрах Отгонцэцэгтің Қазақстан азаматтығынан бас тартқаны жайлы пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: olympic.kz

14 қаңтар күнгі үкімет отырысынан кейінгі баспасөз конференциясында министр дзюдошы қыздың бұл әрекетін түсіндірді.

"Галбадрах азаматтықтан бас тартқан жоқ. Оның біздің елмен келісімі аяқталды. Ол өзінің контрактын толық ақтады деп ойлаймын. Спорттық карьерасын аяқтаған соң, төрт жыл ұлттық құрама сапында консультант болып жұмыс істегені тағы бар", – деді министр.

Моңғол спортшысы Қазақстан төлқұжатын 2015 жылы иеленген еді. Сол кезден бастап ұлттық құрама сапында бес жылдан аса уақыт өнер көрсетті. Осы аралықта ол 2016 жылы Рио олимпиадасында еліміз үшін қола жүлдені иеленді. Және сол жылы Азия чемпионатының алтынын олжалады.

Ербол Мырзабосынов өз сөзінде "дәл осы келісімнің арқасында елімізде мықты бәсекелестік болды” деді.

“Нәтижесінде Ақмарал Науатбек Қазақстан қоржынына паралимпиададан алтын жүлде алып келсе, 48 келі салмақта Ғалия Тынбаева секілді әлемге танымал спортшылар шыға бастады", – деді.

Еске салсақ, бұған дейін Галбадрах Отгонцэцэг Қазақстан азаматтығынан бас тартқаны жайлы айтылған еді.

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 14 Қаңтар, 2025 16:26
Талқылау