Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Молдовада президент сайлауы мен Еуропалық Одаққа қосылу туралы референдум өтті

Президент сайлауында бюллетеньдердің 70%-дан астамы өңделгеннен кейін қазіргі мемлекет басшысы Майя Санду көш бастап тұр. Оған сайлаушылардың 36,5%-ы дауыс берді. Екінші орында Александр Стояногло, оның 28,95% дауысы бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: veridica.ro

Елдің Еуроодаққа қосылу туралы референдумында 72%-дан астам бюллетеньдер есептелді. Дауыс бергендердің 44,8%-ы елдің ЕО-ға қосылуын қолдаса, шамамен 55,2%-ы қарсы болды.

Сайлау мен референдумда жарты миллионнан астам азамат дауыс беріп, сайлауға қатысу көрсеткіші 50%-дан асты.

Президенттікке Майя Санду да үміткер болған 11 саясаткер таласты. Ол елдің батысқа бағытталған саясатын қолдайды және Еуропалық Одаққа қосылуды жақтайды.

Бақылаушылар президенттік сайлаудың екінші кезеңі өтуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Онда Санду мен оппозициялық Социалистер партиясының қолдауына ие Александр Стояногло басты қарсыластар болуы мүмкін. Партияның жетекшісі, елдің бұрынғы президенті Игорь Додон бұл жолы сайлауға қатысқан жоқ. Бірақ өз жақтастарын Стояноглоға дауыс беруге шақырды. Алайда социалистер өз үміткерін қолдауға басқа партияларды көндіре алмады.

Додон сияқты Стояногло да бірнеше істер бойынша қылмыстық тергеуге тартылған. Ал кейбір істер бойынша сот процесі жүріп жатыр. Бұрынғы президентке сыбайлас жемқорлық және мемлекеттік сатқындық айыптары тағылса, бұрынғы бас прокурорға жемқорлық пен билікті асыра пайдалану бойынша айыпталған. Екеуі де өздеріне қарсы қозғалған істерді саяси негізде жасалған деп мәлімдейді және бұл істер президент Сандудың тікелей бұйрығымен қозғалды деп санайды. Санду бұл айыптарды жоққа шығарады.

Айта кетейік, Молдова билігі АҚШ сияқты бірнеше батыс елдері сайлау алдында Ресейдің сайлау науқанына араласуы мүмкін екенін және оған Молдовадан тыс жерде тұратын, елде сырттай сотталған кәсіпкер Илон Шордың қатысы барын мәлімдеген еді.



Еске салайық, бұған дейін Еуропалық Одақ Қазақстанның санкцияларға қосылмау туралы шешімін құрметтейтінін мәлімдеді. Еуроодақтың санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О'Салливан Қазақстанның санкцияға қатысты ұстанымына пікір білдірді. Айтуынша, Еуразиялық даму банкінің бұғатталған активтері тоқтатылмаған және Қазақстандағы жобаларға бөлінген. Сонымен қатар О'Салливан Қазақстан арқылы санкциялар тізіміне енгізілген өнімдердің импорты мен реэкспортының айтарлықтай ілгерілеуі мен төмендеуін атап өтті.

Талқылау