Мобильді құрылғыларды тіркеу: Премьер-министр заңға өзгеріс енгізуді тапсырды

Фото: depositphotos.com
Премьер-министр Олжас Бектенов елдегі смартфондарды верификациялау туралы заңға жаңа өзгерістер енгізуді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Олжас Бектенов президент тапсырмалары шеңберінде экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Отырыс барысында деректерді сәйкестендіру кодтарының базасына енгізу үшін қажетті мобильді құрылғыларды верификациялау мәселесіне де назар аударылды.
“Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев "Телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту туралы" заң жобасы шеңберінде жүргізіліп жатқан институционалды жұмыстар туралы баяндады. Верификация рәсімін заңнама арқылы нақты бекіту тіркеу жүйесінің орнықтылығын және цифрлық инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді”, – делінген ақпаратта.
Одан бөлек электрондық құжат айналымы жүйелері нарығын дамыту және цифрлық секторда бәсекелестік ортаны қалыптастыру бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарланды.
- Қазақстандықтар ресми тіркелмеген смартфондарын дүкенге кері қайтара алады
- "Сұр" тізімдегілер бұғатталады: Қазақстандықтар жаңа ережеден кейін смартфондарды қалай және қайдан сатып ала алады?
Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылдың 24 наурызынан бастап мобильді құрылғыларды тіркеу ережелері өзгерді. Бұл жаңашылдықтар тек сол күннен кейін елге әкелінген телефондарға қатысты.
Бұл шара смартфондардың көлеңкелі нарығына қарсы күресу мақсатында қабылданды. Билік өкілдерінің мәліметінше, Қазақстанда сатылатын смартфондардың шамамен 75%-ы көлеңкелі жолмен әкелінген. Мәселен тек бір бренд бойынша ғана төленбеген салық көлемі 156 миллион долларға тең.
Қазақстандықтар өз смартфондарының тіркеуі туралы мәліметтерді eGov Mobile мобильді қосымшасы, www.gov.kz және imei.rfs.gov.kz порталдары арқылы өз бетінше тексере алады.
Сонымен қатар, верификациямен жеке компания — ATS Mediafon KZ айналысады. Қазіргі таңда барлық жаңа құрылғылар осы компания арқылы өтеді. Алайда нарық үшін міндетті қызметті жеке құрылымның атқаруы күмән тудырып отыр.
Верификация үшін төлемді (1 құрылғы — 1 АЕК) импорттаушылар төлейді және бұл қаражат бюджетке емес, жүйе операторына бағытталады. Билік өкілдері алдағы уақытта бұл нарықта басқа компаниялар да пайда болатынын мәлімдеді.