Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мыңнан астам малды қырып кетті": Абай облысында қасқыр қаптап, шаруаларды шығынға батырған

Видеодан скрин

Абай облысында қасқыр қаптап, шаруаларды шығынға батырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Берекесі қашқан жұрт қасқырлар мыңнан астам малды қырып кетті деп күйінеді. Халық мәселені жауапты органдар бақылауға алмаса барымыздан айырыламыз деп отыр. Жыртқыш аңнан зәрезап болған көпшілік аңшылар қауымдастығынан көмек сұрайды. Себебі, тау-тасы көп, жолы қиын аймақта арнайы техникасыз қасқырларды ату өте қиын екен.

Отар қойынан айырылып, шығынға батқандардың бірі Айқын Ақболатовтың айтуынша, малшылар қазір өріске мылтық асынып шығатын болған. Себебі, азық іздеген қасқырлар өрістегі төрт түлікке күні-түні тыныштық бермейді екен.

“Қойшының алдынан табын қойды алып кетіп, екі жүз басқа шығынға ұшыратты. Жалпы ірі қараларымды басқа сиыр, жылқыларымды айтпаған кездегі дүние. Біз өзіміз тұратын ауылда қазіргі күнде қожалық иелері осыдан кәдімгідей зардап шегуде”, – дейді шаруа Айқын Ақболатов.

300 сиыр, 400-ге жуық бас жылқы, жыл басынан бері қырылған төрт түлікте есеп жоқ дейді шаруалар. Малмен күн көретін халық жауапты органдардан көмек сұрайды. 

“Қасқыр көбейіп кетті. Қожалықтың жанына келіп сол жерден жеп кетеді. Мен өзім шаруа қожалығының жетекшісімін. Жылқыдан жылқыдай, сиырдан сиырдай, міне неше жыл болды басып қалады. Мынау деген сұмдық болды”, – дейді шаруа Талғат Ерденбеков. 

Аудан әкімінің айтуынша, жағдай ушыққан соң аңшыларды шақырып, оларға қару-жарақ, оқ-дәрі де берілген дейді. Бірақ қасқырлардың азаятын түрі жоқ. Сондықтан шенеуніктер қожалық иелеріне аң аулауға байқау жариялауға рұқсат беріпті.

“Негізі қойылып отырған талаптар мұнда аңшылық куәлігі, арнайы қару атуға рұқсаты, сондай-ақ қасқыр атуға лицензиясы болуы керек. Сонымен қатар бұл ауданның аумағындағы жерден ғана қасқыр аулау керек. Бұның барлық жүлде қорларын тігіп жатқан, ұйымдастырушы тарапынан жасалып отырған жүлденің қоры ешқандай бюджет қорынан емес. Бізге ең бастысы нәтиже”, – дейді Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов.

Өйткені, жауапты инспекцияның өкілдері жыртқыштарды толық атуға қауқарымыз жетпейді деп отыр. Әзірге тек 11 қасқыр ғана атылған. 

Еске салсақ, бұған дейін Абай облысында қасқырлардың шабуылынан шаруалар 160 миллион теңге шығынға ұшырағаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 05 Желтоқсан, 2025 22:59