Министрлік Қазақстандағы интернеттің нашарлауына байланысты мәлімдеме жасады
Фото: istockphoto.com
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қазақстандықтардың интернет жұмысының нашарлауына қатысты шағымдарына түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік мәліметінше, интернет сапасының нашарлауына байланысты қиындықтар жүйелі түрде емес, жекелеген пайдаланушыларда ғана болған.
“Жекелеген пайдаланушыларда кездескен интернетке қосылу кезіндегі қысқа мерзімді қиындықтар жүйелі сипатта болған жоқ. Аталған кезеңде байланыс операторлары желілерінің жұмысында жаппай ақаулар тіркелмеді, телекоммуникациялық инфрақұрылым штаттық режимде жұмыс істеп тұрды”, – делінген хабарламада.
Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша әлемдік рейтингте қай орында екені белгілі болды
Министрлік байланыс операторларының мәліметіне сүйене отырып, жекелеген пайдаланушылардың интернетке қосылуда уақытша қиындықтарға тап болуы бірқатар факторларға байланысты екенін атап өтті:
- базалық станцияларға түсетін жүктеменің артуы немесе біркелкі болмауы;
- радиожиілік ортасының ерекшеліктері мен құрылыс тығыздығы;
- желіні бір мезгілде көп абоненттің пайдалануы;
- желінің тұрақтылығы мен сапасын арттыруға бағытталған жоспарлы жаңғырту жұмыстарының жүргізілуі.
“Негізгі цифрлық мемлекеттік қызметтер мен ақпараттық жүйелердің жұмысы үзіліссіз жалғасты. Жалпы алғанда, ел бойынша интернетке қолжетімділік тұрақты түрде қамтамасыз етілді”, – делінген министрлік хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар мобильді интернеттің нашарлағанын айтып, дабыл қаққан еді.
"Әлемде мейірім барына сендіретін жандар": 2025 жылғы жан жылытар әрекеттер мен халықты тәнті еткен қазақстандықтар