Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Министрлік Қазақстан экономикасының "қызып кетуі" туралы болжамды жоққа шығарды

Министрлік Қазақстан экономикасының

Фото: depositphotos.com

Ұлттық экономика министрлігі Халықаралық валюта қорының Қазақстан экономикасының “қызып кетуі” мүмкін деген болжамына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрлік негізгі макроэкономикалық көрсеткіш дұрыс трансформация кезеңін көрсететінін және Қазақстанда ресурс тапшылығы жоқ екенін айтты.

"Қызып кету" ұғымы ресурс тапшылығына әкелетін ықтимал мүмкіндіктен артық өсуді білдіреді. Қазіргі уақытта Қазақстанда мұндай белгі байқалмайды. 2023 жылдан бастап жұмыссыздық деңгейі тұрақты, 4,6-4,7% деңгейінде. Жалақының өсу қарқыны ЖІӨ динамикасынан артта қалып отыр. Бұл қызып кеткен экономикаға тән емес. Нақты сектордың немесе тауар өндірісінің өсуі (2025 жылы 8,7%-ға) қызмет көрсету секторының өсуінен (5,3%-ға) айтарлықтай озып кетті. "Қызып кету" кезіндегі классикалық көрініс керісінше жүріп, қызметтер мен сатылмайтын секторлар нақты секторға қарағанда тез өспек”, – делінген министрліктің хабарламасында. 

Министрлік Қазақстанда қалпына келтіру және құрылымдық өсу байқалатынын мәлімдеді.

“Өткен жылы экономиканың 6,5%-ға өсуі және 2026 жылы жоспарланған динамика 5,0%-дан кем емес деңгейде өндірістік қуаттың нақты артуымен, өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асырумен нығайтылды. Бұл ұзақмерзімдік перспективада экономиканың сапалы өсу әлеуетін қалыптастырады. Бұл ретте 2025 және 2026 жылдардағы экономиканың негізгі драйвері мұнайға жатпайтын сала, атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, логистика және ішкі сауда болып қала береді”, – делінген ақпаратта. 

Оған қоса, министрлік ортамерзімдік перспективадағы экономикалық саясатта сауда секторын дамытуға, өңдеу өнеркәсібін қолдауға, инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылатынын нақтылады.



Министрлік өкілдері тау-кен өндіру секторы, атап айтқанда мұнай-газ секторы экономика өсуінің негізгі көзі ретінде қарастырылмайтынын айтады. Өңдеудегі өсу тау-кен секторындағы өсуден едәуір асып түсуі ықтимал.

“Үкімет қабылдаған тарифтік саясатты түзету мен ӘМАТ бағасының өсуін тежеу шарасының арқасында 2025 жылғы қазаннан бастап, жылдық инфляцияны бәсеңдетудің нақты тренді байқалды (қыркүйекте 12,9%-дан желтоқсанда 12,3%-ға дейін). 2025 жылғы ең жоғары мәндерден кейін (қыркүйекте 12,9%) инфляция жоспарлы төмендеу кезеңіне өтті. Болжам бойынша, ағымдағы жылы инфляция деңгейі төмендей береді. Ағымдағы жылдың соңына қарай 9-11% таргеттелетін дәлізде қалыптасады”, – дейді министрлік өкілдері.

Биылғы жылғы маңызды дезинфляциялық фактор 2026 жылғы бюджет пен бюджеттік ережелерді, оның ішінде Ұлттық қордың трансфертін, бюджеттік шығыстың өсуі мен борыштың деңгейін қатаң сақтауға негізделген фискалдық саясат параметрі болмақ.

“2026 жылғы бюджетте Ұлттық қордан нысаналы трансферт тарту көзделмеген. Кепілдендірілген трансферт 2 770 млрд теңге мөлшерінде қатаң шектелген. 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетке сәйкес мұнайға жатпайтын тапшылықты 2025 жылғы 7,3%-дан биыл ЖІӨ-ге 4,9%-ға төмендету жоспарланған. Осылайша, бүгінгі таңда қазақстандық экономика – өсуді ынталандыру мен макроэкономикалық тұрақтылықты қолдау арасындағы прагматикалық теңгерімнің мысалы. Ағымдағы динамика "қызып кетуді" емес, үдемелі құрылымдық трансформацияны көрсетеді: еліміз тек тұтынып қана қоймай, негізгі қаржылық көрсеткішті бақылап, бюджеттік тәртіптің белгіленген ережесін сақтай отырып, өз болашағына белсенді инвестиция салуда”, – делінген министрліктің хабарламасында.

Айта кетейік, осыған дейін Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасы жедел өсім, жұмсақ бюджеттік саясат және халықты несиелендірудің белсенді жүргізілуі аясында қызып кету белгілері бар екенін мәлімдеген. Валюта қоры 2023 және 2024 жылдары шамамен 5 пайызға өскен ел экономикасы 2025 жылы мұнай өндіру көлемінің артуы, квазибюджеттік операциялардың кеңеюі және тұтынушылық несиелендірудің қарқынды өсуі есебінен одан әрі жеделдеп, 6,5 пайызға дейін өседі деп күтілетінін айтқан.

Сонымен қатар, сарапшылар инфляцияның тұрақты түрде жоғары деңгейде қалып отырғанын, ал ағымдағы шот тапшылығының ұлғайып келе жатқанын атап өтеді. Халықаралық валюта қоры мамандарының пікірінше, экономикаға төнетін қосымша тәуекелдер сыртқы жағдайдың белгісіздігімен және мұнай бағасының төмендеуі ықтималдығымен байланысты.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 28 Қаңтар, 2026 22:55