Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Министр Жұманғарин жұбайының 88 миллион теңге табысты қайдан тапқанын айтпай қойды

Фото: Видеодан скрин

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен жұбайының табысы туралы сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министр жариялаған декларацияға сәйкес, оның жұбайы 88 миллион теңгеден астам табыс тапқан. Шенеунік заң талаптарының бәрін орындағанын айтып, жасыратын ештеңесі жоқ екенін мәлімдеді.

Журналистер министрдің жұбайы мұндай қомақты қаражатты қалай тапқанын сұрады.

“Егер адам декларация тапсырса, демек онда жасыратын ештеңе жоқ қой, дұрыс па?”, – деді Жұманғарин.

Журналистер бұл жерде табысты жасыру туралы емес, қаражаттың қалай табылғаны туралы сұрап отырғанын нақтылады. Олардың айтуынша, қоғамға мұндай деңгейдегі табысқа қалай жетуге болатыны қызық.


Ең көбі 528 миллион теңге: Қазақстандық депутаттардың табыс декларациялары жарияланды


Үш жылда 805 миллион теңге: "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы табысын декларациялады


Бұған жауап ретінде министр заң талаптарының бәрін орындағанын айтты.

“Заңда декларация тапсырып, оны жариялау қажет деп жазылған. Мен соны жасадым. Айтыңыздаршы, маған тағы қандай сұрақ болуы мүмкін?”, – деді ол.

Сонымен қатар журналистер қоғамда шенеуніктердің жұбайының табысы мемлекеттік қызметкердің өз табысынан қалай жоғары болады деген сұрақ туындағанын айтты.

Жұманғарин егер заң талап етсе, қаражаттың қайдан келгенін түсіндіруге дайын екенін айтты.

“Егер заңда жұбайым бұл табысты қалай тапқанын, қандай бағалы қағаздарды сатып алып, қайсысын сатқанын түсіндіру керек деп жазылса, мен оны түсіндіремін”, – деді министр.

Сонымен қатар ол декларацияны толтырып, жариялау арқылы заңда қарастырылған барлық рәсімді орындағанын тағы атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін шенеуніктер арасында алғашқылардың бірі болып ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2024 жылғы табысы туралы мәліметтерді жариялаған еді. Жұманғариннің жұбайы Сәния Садықовамен бірге жалпы табысы 88 678 984 теңге болған. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 04 Наурыз, 2026 13:23