Министр мұғалімдерге жазда қосымша жұмыс істемей демалуды ұсынды
Фото: kasheloff.ru
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімдерге қосымша жұмыс іздемей, жаз мезгілінде демалу керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министр мұғалімдердің демалыс кезінде жұмысқа тартылуына қатысты сауалға жауап берді. Оқу-ағарту министрі жаз уақытында мұғалімдердің қосымша жұмыс істеуі өз еркіндегі мәселе екенін айтты.
"Қосымша табыс табу әр педагогтың өз еркінде. Бірақ жаз мезгілінде мұғалімдерге көбірек демалуға кеңес беремін. Егер мүмкіндік, уақыт пен ниет болса, әрине, ешкім тыйым салмайды", – деді министр.
Алайда Ғани Бейсембаев жаз мезгілінде мұғалімдерді су қоймалары маңында кезекшілік ету, тазалық жұмыстарына қатысу сынды істерге тартуға жол беруге болмайтынын жеткізді. Бұл туралы әкімдіктерге ескерту бергенін де айтты.
"Біз үнемі айтып келеміз: жергілікті атқарушы органдар "Педагог мәртебесі туралы" заңды қатаң сақтау керек. Мұғалімнің келісімінсіз оны мамандығына қатысы жоқ жұмыстарға тартуға болмайды. Бұл – заң бұзушылық", – деді министр.
Оның айтуынша, мұндай жағдайлар анықталса министрлік облыстық білім басқармаларына ресми талап жолдайды. Ал бұл мәселені Білім сапасын қамтамасыз ету департаменті бақылауда ұстайды.
"Біз жазалаушы орган емеспіз. Бірақ заң бұзылса, жауапкершілік бар. Ол біз арқылы емес, бірақ заңда қарастырылған", – деді Ғани Бейсембаев.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанайда министрліктің тыйымына қарамастан мұғалімдерді жағажайға кезекшілікке шығарып жатқаны айтылған еді. Қала әкімі Марат Жүндібаев су айдындарын тексеріп кезекшілікке шығуға педагогтарды тартуды ұсынған. Бұл шешім суға батқан оқушының қайғылы қазасынан кейін пайда болған. Алайда Білім басқармасы мұғалімдердің жағажайға кезекшілікке шығуға міндетті емес екенін бірден айтқан.

Қазақстандық қыз күйеу жігіттен қалыңмалын алып, артынша полицейге тұрмысқа шығып кеткен
