Министр мұғалімдердің жалақысын көтеруге уәде бере алмайтынын айтты
Сенатта өткен парламенттік талқылауда орта білімді дамыту талқыланды. Әсіресе, ұстаздардың мәртебесі мен еңбекақысын көтеру – көптің көкейіндегі мәселе. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осы мақсатта қандай жұмыс атқарылып жатқанын айтты.
Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.
Парламенттік тыңдауда сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаз кәсібінің төмен мәртебесі орта білімді дамытуды тежеп отырғанын айтты. Қазіргі уақытта білім саласы қызметкерлері жалақысының деңгейі ең төмен еңбекақының қатарында қалып отыр екен. Ол орташа республикалық деңгейдің 66 пайызын құрайды.
“Үкімет экономикалық жағдайды ескере отырып, мұғалімдердің жалақысын көтеру жағын ойластыруы қажет”, — дейді Тоқаев.
Палата спикерінің айтуынша, мұғалімдерді мемлекеттік наградалар, сыйақылармен ынталандыру қажет. Олардың еңбегін бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау да аса маңызды.
“Материалдық және моральдық ынталандыруды дұрыс жолға қоймасақ, біз мұғалім кәсібінің мәртебесін жоғарылата алмаймыз. Қазіргі уақытта талапкерлер көп жағдайда педагогикалық жоғарғы оқу орындарына оңай түсуге болатын оқу орны деген қағидат бойынша таңдайтыны жасырын емес. Өйткені педагогикалық мамандықтар бойынша оқуға түсуге қажетті балл саны басқа мамандықтармен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Мұндай жағдай келешекте оқытушылар құрамының сапасына тікелей кері әсер ететінін анық”, — деген пікірін білдірді сенат төрағасы.
Ал депутат Мұрат Бақтиярұлын Білім министрлігінің мұғалімдерді материалдық ынталандыру мәселесіндегі ұстанымы қызықтырды.
“Қазақстандағы мұғалімдер категориясы бар, жоқтарын қосқан кезде, 100 мың теңге, яғни 300 доллар көлемінде айлық алады. Ал кішкентай мемлекет – Словакияда ұстаздар 1 мың доллар көлемінде жалақы алады. Сонда үш есе айырмашылық бар. Сіздің министрлік жалақыны көбейтуге байланысты қандай ұстаным ұстанып отыр?”, — деп сұрады депутат министр Ерлан Сағадиевтен.
Сағадиев болса бұл тек білім министрлігінің қолындағы мәселе емес екенін айтты.
“Қазіргі уақытта білім саласында көп бағыттарға ақша керек болып тұр. Жаңа мектеп салу керек, халық қалаға көшіп жатыр. Құралдарды сатып алу керек. Оқулықтарды өзгертіп, басу қажет. Бәріне ақша керек. Бізге берілген бюджетте ақшаны жұмсау тиімділігін көтеріп, жұмыстарымызды жасап жатырмыз. Бірақ қосымша ақша бөлінетін болса, басқа салалардан кесіп, бізге берсе, керемет болар еді. Бірақ ол тек қана біздің қолымыздағы мәселе емес”, — деді министр.
Отырыстан кейін министр бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатына мұғалімдердің жаласықын көтеру түйіткілді мәселе екенін айтты. Оны қолдайды, бірақ қолы қысқа.
“Бұл өте маңызды сұрақ. Ұстаздардың еңбекақысын көтеру керек, ол барлығына түсінікті. Мен оны қос қолдап қолдаймын. Бірақ көптеген сұрақ біздің ведомствоның құзыретінен тыс жатыр. Көп мәселе қазіргі бюджеттің мүмкіндігіне байланысты. Біз қолдан келгенімізді жасап жатырмыз”, — деген министр ұстаздардың жағдайын жақсарту үшін қандай шаруа жасалып жатқанына тоқталды.
“Мұғалімнің мектепте болатын уақытын қысқартып жатырмыз. Жарайды, 5 минутқа қысқарттық делік. Ол 20 сағатта 100 минут болады. Сенбі күні мұғалімге 100 минут демалуға берілді. Аз болса да, демалсын. Біз мұғалімдерге оқу жүктемесін азайтуды жалғастыра береміз. Бұл сұрақ та қаржыны талап етеді. Аталған мәселені Қаржы министрлігімен, Мәжіліс және Сенатпен талқылаймыз”, — деп сендірді Сағадиев.
Бұған дейін министр 0-сыныптың қашан енгізілетінін және ұлдар мен қыздарды бөлек оқытуға қатысты да пікірін білдірген еді. Сондай-ақ, Сағадиев дау тудырған орыс тілі оқулығына байланысты да өз байламын жеткізді.
Оқи отырыңыз:
Ақсақал президент Назарбаевқа қалай сәйгүлік сыйлағанын айтып берді
Сыныптастарын ұрып, ұстазына қол көтерген оқушы диспансерге жатқызылды
Айгүл Болатханқызы: Біздегі бағдарламалар қазақты қайыршылыққа үйретіп жатқан сияқты
Ақтөбелік мүгедек бала әлеуметтік желі арқылы бизнесін дөңгелетіп отыр