"Мына дүкенді тексеріңіздер": Сауда комитетінің төрағасы маңызы бар тауардың бағасын өсірген сатушыны өзі анықтады
Видеодан скрин
Астанада әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасын күрт қымбаттату фактісі анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев Астанадағы сауда базарларын аралады. Комитет төрағасы мереке қарсаңында базардағы бағаларға мониторинг жасап, сауда үстемесін арттыру фактілерін анықтады.
Мәселен, елорда базарында орналасқан азық-түлік дүкенінде қарақұмық бағасы 500 теңге деп көрсетілген. Баға комитет төрағасының бірден назарын аударды. Өйткені Ернұр Жәутікбаевтың айтуынша, қарақұмықтың бағасы қалай алғанда да 500 теңгеге жетпейді.
"Дүкен қарақұмықты 275 теңгеден сатып алған, артынша 82 пайыз сауда үстемесін қосып, 500 теңгеден саудалаған. Әлеуметтік маңызы бар тауар түрлеріне максимал сауда үстемесі 15 пайызбен есептегенде, осы дүкендегі қарақұмық бағасы көп дегенде 316 теңгеден сатылуы керек болған", – делінген хабарламада.
Сауда комитетінің төрағасы Астана қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне факт бойынша тексеріс жүргізуді тапсырды.
Ернұр Жәутікбаев Астанадағы "Сауран", "Шанхай-Көк базар", "Шарын", "Сарыарқа", "Асем", "Астаналық", "Ұлжан" және "Соғым фест" ет жәрмеңкесі өтіп жатқан "Керуен Жолы" базарларын аралады. Базар иелері және елордаға көкөніс пен жеміс-жидек жеткізетін импорттаушылармен кездескен комитет төрағасы мереке қарсаңында бағаны негізсіз көтермеуді, ет өнімдерін делдалсыз тікелей шаруалардан жеткізуді ұйымдастыруды тапсырды.
"Сауда министрлігі мереке қарсаңында нарықтағы бағаны тұрақты ұстау үшін кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Тек қана сауда желілерімен емес, сауда базарлары да қатаң бақылауда болады. Ірі импорттаушылармен жеке жұмыс жүргізіп жатырмыз. Соның негізінде қараша айында әлеуметтік азық-түлік бағасы тұрақты болды. Мереке қарсаңында тек әлеуметтік азық-түлік қана емес, халық жиі тұтынатын тауар бағаларын тұрақтандыру шараларын қабылдаймыз", – деді сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев.
"Акушерьге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады