Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Миллиондаған теңге қарыз": Алматыда құрылыс компаниясы тұрғындардың пәтерін толық жөндеп беремін деп сан соқтырған

Фото: Видеодан скрин

Алматыда 23 тұрғын "ремонт под ключ" қызметін ұсынған құрылыс компаниясына алданып қалды. Үйлерін жөндетемін деп миллиондаған теңге төлеген азаматтар уәде етілген жұмысты көрмеген. Қазір тұрғындар ресми түрде жәбірленуші деп танылып, іс алаяқтық бабымен тергеліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы тұрғындары құрылыс компаниясының иесіне жаппай арыз түсіріп, полицияға жүгінді. Компания "толық жөндеу" қызметін ұсынған. Клиенттер келісімшарт жасап, алдын ала төлем аударып, пәтерлерінің кілтін тапсырған. Алайда уәде етілген жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Алданған тұрғындардың айтуынша, компания оларға миллиондаған теңге қарыз.

Марина есімді тұрғын күйеуімен бірге өз пәтеріне тамыз айында көшіп баруды жоспарлаған. Бірақ олардың баспанасы әлі күнге дейін қаңырап бос тұр. Ерлі-зайыптылар туыстарының үйінде тұрып жатыр. Айтуларынша, олар күрделі жөндеу жүргізуді ұйғарып, әлеуметтік желіден компания тауып, несие рәсімдеп, 3 миллион теңгеден астам қаржы аударған. Бастапқыда жұмысшылар іске кіріскен, бірақ кейін бәрі тоқтап қалған.

"Үнемі сылтау айтатын. Бірде "бүгін базар жұмыс істемей жатыр", бірде "жұмысшылар жоқ", "бүгін демалыс" деп уақытты соза берді. Біз 20 маусымда келісімшартқа отырдық, ал қазір пәтерде тек демонтаж жасалған. Электр сымдарын ауыстырды, бірақ біз сұраған материалмен емес", – деді Марина Турутина.

Компания "жөндеу жұмыстарын толық аяқтап тапсырамыз" деп жарнамалаған. Алайда клиенттердің айтуынша, құрылысшылар тек қара жұмысты бітіріп, кейін із-түзсіз жоғалып кеткен. Компания 100% алдын ала төлемді талап еткен, ал көптеген клиент осы шартқа келіскен.

"Қазір пәтеріміз тек қара күйінде тұр, қабырғалар сыланған, сымдар тартылған, бірақ олардың бәрін қайта істеу керек екен. Біз 5 миллион 700 мың теңге төледік, оны бөліп төлеу арқылы рәсімдегенбіз. Қазір әрі сол несиені төлейміз, әрі жалдамалы пәтерге ақша жұмсап отырмыз", – деді Айя Байқұлова.

Жұрт уәде етілген жөндеуді күтуден түңілген соң, компания басшысымен хабарласуға тырысқан. Бірақ ол телефонды көтермей, кейін кеңсесін босатып кеткен.

Полицияның мәліметінше, қазіргі таңда 23 адам ресми түрде жәбірленуші деп танылған. Қылмыстық іс алаяқтық бабымен тергеліп жатыр.

"Қылмыстық іс бойынша 23 азамат ресми түрде жәбірленуші ретінде танылды. Күдікті анықталып, ұсталды және полицияға жеткізілді. Сот санкциясымен ол үй қамаққа алынды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр", – деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Алданған алматылықтар ақшаларын қайтарып алуға әлі де үмітті. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, оған 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қолданылуы мүмкін.


Вице-министр пәтерін жалға беріп, бірақ салық төлемейтіндерді қалай анықтайтынын айтты


Қазақстандық көпбалалы ана "Асар Уме" қайырымдылық қорын апатты үй берді деп айыптады


Еске салайық, бұған дейін бұдан былай құрылыс құжаттарына сәйкес келмейтін нысандарды салуға рұқсат берілмейтінін жаздық. Оның айтуынша, бұрын тек қаланың Бас жоспары ғана міндетті сараптамадан өтетін. Ал нақты жоспарлар жергілікті деңгейде әкімнің шешімімен бекітіліп, тексеріссіз қабылданатын. Соның салдарынан құрылыс нормалары жиі бұзылып, ретсіз және заңсыз нысандар бой көтерген жағдайлар болған.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 22 Қазан, 2025 17:08
Талқылау