Қазақстандықтар кибершабуыл салдарынан жарық пен жылусыз қалмақ

Депутат Мүтәлі Әбутәліп елдегі стратегиялық нысандарды басқаратын цифрлық жүйелерді киберқауіптен қорғауды күшейту қажет екенін айтты. Ол сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат автоматтандырылған технологиялық процестерді басқару мен SCADA жүйелері (АСУ ТП және SCADA) өнеркәсіптік және стратегиялық маңызды нысандардың цифрлық инфрақұрылымының негізгі элементтері екенін айтты. Оның сөзінше, бұл жүйелер отын-энергетика кешенінде, өнеркәсіпте, көлік және өндіру салаларында кеңінен қолданылады.
Қазақстан өңірлерінде АСУ ТП және SCADA жүйелері жылу электр орталықтарында, су алу және сорғы станцияларында, электр желілері мен қосалқы станцияларда қолданылып келеді. Олардың үздіксіз жұмыс істеуі халықтың тіршілікті қамтамасыз ету жүйелеріне тікелей әсер етеді.
“Қазір Энергетика министрлігі тарапынан технологиялық желілерді қорғаудың орталықтандырылған тетігі толық қалыптаспаған. Көптеген нысандарда ескірген жабдықтар қолданылады. Нысандардың кибермаңыздылығы бойынша бірыңғай жіктеу жоқ. OT-ортадағы қауіпсіздік шаралары формалды сипатта”, – деді депутат.
Депуаттың айтуынша, халықаралық тәжірибеде өнеркәсіп саласындағы киберинциденттердің 60%-дан астамы АСУ ТП және SCADA жүйелеріндегі осалдықтарға байланысты. Ал нысандардың 70%-дан астамы кибершабуылдарға қарсы тұруға бейімделмеген, сегменттелмеген желілерді пайдаланады.
“Мәселен, 2025 жылы Еуропаның бірқатар елдерінде кибершабуылдар салдарынан блэкаут тіркелген. Ол Испания, Португалия және Франция үшін тәулігіне шамамен 150 миллион еуро көлемінде тікелей экономикалық шығын әкелген”, – деді депутат.
Депутаттың сөзінше, салалық есептерге сәйкес:
- 2023 жылы әлемдегі өнеркәсіптік АСУ/OT жүйелерінің 38,6%-ы кибершабуылдарға ұшыраған;
- 2025 жылдың бірінші тоқсанында OT жүйелерінің 30%-ға жуығында зиянды нысандарды бұғаттау фактілері тіркелген.
“Қазақстанда да өндіріс тоқтап, жарық пен жылу беруде ақаулар пайда болған жағдайлар кездескен. Ықтимал кибершабуылдар ел өңірлерін жарық, су, жылу және газсыз қалдыруы мүмкін. Мұндай жағдай экономиканың негізгі тірегі саналатын отын-энергетика кешені мен өнеркәсіпке елеулі соққы болады”, – деді депутат.
Осыған байланысты депутат стратегиялық нысандардағы OT желілері мен АСУ ТП жүйелерінің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шараларды енгізуді ұсынды. Депутат мынадай ұсыныстар айтты:
- IT және OT желілерін міндетті түрде сегменттеу және орталықтандырылған мониторинг жүйесін құру;
- аномалияларды анықтау жүйелерін енгізу және әрекет ету жоспарларын әзірлеу;
- персоналды оқыту және жаттығулар өткізу;
- салалық құзырет орталығын (OT CERT) құру;
- тиісті шараларды тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету.
Мән-жайы
Айта кетейік, былтыр сәуір айында Испания өз тарихында алғаш рет ауқымды блэкаутты бастан өткерді. 28 сәуір күні сағат 12:33-те ел электр энергиясының шамамен 60%-ынан айырылған. Электр жарығы Испанияда ғана емес, Португалия мен Францияның оңтүстік-батысында да толық сөнген. Кәсіпорындардың жалпы шығыны шамамен 1,6 миллиард еуроға бағаланған.
Апаттың нақты себебі ресми түрде аталмады. Кибершабуыл нұсқасынан бастап техникалық ақауға, соның ішінде күн электр станциясындағы апат болуы мүмкін деген болжамдар қарастырылған.
"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты