Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Миллиардерлер елді құртып жатыр": АҚШ-та 7 миллион адам Трампқа қарсы жаппай наразылыққа шықты (видео)

Фото: ruskom.org

18 қазанда АҚШ тұрғындары Трамптың “авторитарлық ұстанымдары мен шектен шыққан сыбайлас жемқорлығына” қарсы шығып, жаппай наразылық акцияларын өткізді. Ел бойынша 2500-ден астам митинг өткен. Олардың ең ірілері Вашингтон, Нью-Йорк және Чикагода ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, наразылыққа шамамен жеті миллион адам қатысқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Америкалықтар қолдарына ұлттық тулар мен “Біз монархияға қарсымыз”, “Миллиардерлер АҚШ-ты құртып жатыр”, “Режимнен құтылыңдар”, “Монархия емес, демократия!” деген жазулары бар плакаттарды ұстап шыққан. Reuters агенттігінің жазуынша, акциялар бейбіт түрде өтті. Оған қарт адамдар мен балалы отбасылар да қатысқан. Ешқандай зорлық-зомбылық немесе тұтқындау жағдайлары тіркелмеген.

“Патшаларға қарсылық білдіріп, бейбіт түрде өз пікіріңді айту бұл нағыз америкалықтардың әрекеті”, – деді Indivisible ұйымының тең құрылтайшысы Лия Гринберг.

Аталған ұйым митингілерді ұйымдастыру және жоспарлау жұмыстарына жетекшілік еткен. Бұл наразылықтар көптеген америкалықтардың ел болашағына деген алаңдаушылығын көрсетеді. Себебі елде Трамптың саяси қарсыластарына қарсы қылмыстық әрекет жасауы, иммиграцияны күшпен шектеу шаралары, Трамптың бастамасымен қалаларға Ұлттық гвардия әскерін енгізу секілді оқиғалар қоғамды дүрліктіріп жіберген. 

Ал Республика партиясы бұл наразылықтарды “Америкаға деген өшпенділік митингілері” деп атады.

Митингілер мемлекеттік шатдаун кезінде өтті. Оның салдарынан бірқатар әлеуметтік бағдарламалар тоқтап, ондаған мың мемлекеттік қызметкер ақысыз демалысқа жіберілген. Бұл маусым айының ортасында өткен акциялардан кейінгі екінші жаппай наразылық толқыны.

Осы жағдайға пікір білдірген АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Bluesky әлеуметтік желісінде жасанды интеллект арқылы жасалған видео жариялап, наразылыққа шығушыларды келемеждеді. Роликте Трамп патша бейнесінде, ал танымал демократтар бұрынғы өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси мен сенаттағы демократтар көшбасшысы Чак Шумер оның алдында тізерлеп тұрғаны көрсетілген. Ал АҚШ президенті жаппай наразылық өткен күні Флоридаға барып, гольф ойнаған.

Жұмаділлә Нұрила
Жексенбі, 19 Қазан, 2025 09:27
Талқылау