Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Миланда Қайрат Нұртастың әні хитқа айналды: “Интер” “Қайратқа” қарсы матчта қазақ жанкүйерлерін “алдады” ма?

Фото: Stan.kz collage

Чемпиондар лигасының 4-турында “Қайрат” сырт алаңда Миланның “Интер” клубына қарсы матч өткізді. Ойын қарсаңында “Интер” өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында қазақ тілінде жазбалар мен қазақ әндерімен сүйемелденген видеолар жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл қадам қазақстандық жанкүйерлердің ерекше қызығушылығын тудырып, “Интердің” жазбалары қаралым, пікір және “лайк” саны бойынша бұрын-соңды болмаған рекорд орнатты.

Алайда кейіннен белгілі болғандай, бұл посттар тек Қазақстан аумағындағы желі қолданушыларына ғана көрінетін болып шықты. Матчтан кейін де “Интер” қазақша контент жариялауды жалғастырды. Клуб Қайрат Нұртастың әнімен атақты футболшы Роналдуның бұрынғы гол соққан кадрдың үзіндісін салды.

“Матч өтті, бірақ эмоциялар әлі де жалғасуда! Қазақстандық жанкүйерлерге арналған арнайы контентті көру үшін бізбен бірге болыңыздар” – деген жазба қалдырды.

Дегенмен бұл жазбалардың тек Қазақстан аймағында ғана көрсетілетіні белгілі болған соң, жанкүйерлер арасында түрлі пікірлер пайда болды. Әлеуметтік желілерде қолданушылар:

“Қазақ-Италия бір туған”, “Қызыл өрікті қосшы бауырым”, “Бауырсақ пен пицца бір туған”, “Мейлі Қазақстанға ғана көрінетін болса да, біз үшін пост шығарып жатыр”, “Интер инстадағы қаралымды қалай көтеру керегін түсінген сияқты”, “СММ-нің түскі асын тегін берсін, қазақтар айтып жатыр деп айт”, “Интердің парақшасын қазақ біреу жүргізіп отырған сияқты” – деген секілді әзіл-қалжың аралас пікірлер жазды.

Айта кету керек, бұл қазақша контенттер тек Қазақстан аумағында ғана қолжетімді. Егер Еуропадан VPN арқылы кірсеңіз, жазбалар көрінбейді. Ал қазақ тіліндегі постылардың алды 2,8 миллионнан астам қаралым жинаған. Салыстырмалы түрде, “Интердің” өзге жазбалары орта есеппен 500–550 мың қаралым ғана болған.

Еске сала кетейік, “Интер” мен “Қайрат” арасындағы матч 2:1 есебімен миландық клубтың пайдасына аяқталды. Тартысты ойында “Қайрат” сапынан Офри Арад “Интердің” тас қамалын бұзып бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартқан. Бұл матч қазақстандық клубтар арасындағы ең көп жанкүйер жинаған ойындардың бірі болып тарихта қалды. Себебі стадионға шамамен 70 мың көрермен жиналды.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 12 Қараша, 2025 17:37
Талқылау