Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Микеланджело салған аяқтың суреті аукционда 23 миллион долларға сатылды

Микеланджелоның жақында табылған аяқтың суреті АҚШ-тағы аукционда 23 миллион долларға сатылды

Фото: Christie's

Жақында табылған Микеланджелоның туындысы Нью-Йорктегі Christie’s аукционында 23 миллион долларға сатылды. Christie’s мамандары бұл жұмыстан екі миллион долларға дейін табыс түседі деп болжағанымен, оның нақты бағасы күткеннен он есе жоғары болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлы италиялық суретші әрі мүсінші Микеланджело бес жүз жылдан астам уақыт бұрын салған аяқтыңэскизі бейсенбі күні “Байырғы шеберлердің туындылары” атты аукционда саудаға шығарылды.

Сарапшылар бұл сурет Ватикандағы Сикстин капелласының жазбасында бейнеленген пұтқа табынушы көріпкел – Ливия сивилласының аяғының эскизі екенін анықтаған. Аукционның мәліметінше, суреттің иесі оның қаншалықты құнды екенін білмей, бағасын анықтау үшін Christie's-ке суретке түсіріп жіберген. 

Суреттің иесі өзінің аты-жөнін жарияламауды жөн көрген. Тек оның АҚШ-тың Тынық мұхиты жағалауында тұратыны және бұл суреттің әжесінен мұраға қалғаны белгілі.

“Бұл сурет әулетімізде XVIII ғасырдың соңынан бері, ата-бабамыз Еуропада тұрған кезден бастап сақталып келді”, – дейді ол.

Christie’s аукцион үйінің “Байырғы шеберлердің туындылары” департаментінің жетекшісі Эндрю Флетчер бұл олжаны өзінің мансабындағы ең жарқын сәттердің бірі деп атады. Қызыл бормен салынған шағын нобайды Микеланджело Сикстин капелласы төбесінің екінші бөлігін безендіруге дайындалып жүрген де, шамамен 1511 немесе 1512 жылдары салған болса керек.

“Байырғы шеберлердің туындылары” департаментінің маманы Гиада Дамен эскизді “инфрақызыл рефлектография” әдісімен зерттеп, оның артқы бетінде Микеланджелоның өзге де жұмыстарына ұқсас басқа суреттердің іздерін анықтаған.

Кейін ол бұл нобайды Нью-Йорктегі Метрополитен музейінде сақтаулы тұрған Микеланджелоның басқа бір суретімен салыстырып, нәтижесінде мұның ұлы италиялық шебердің бұрын белгісіз болып келген туындысы деп қорытынды жасады.

Өткен дәуір суретшілерінің туындылары аукциондарда жиі қомақты сомаға сатылады. Алайда бұл эскиз соңғы жылдары рекорд орнатқан толық салынып біткен картиналармен бәскеге түсе алмайды.

  • Тарихтағы ең қымбат картиналардың бірі – 2017 жылы Нью-Йорктегі аукционда сатылған Леонардо да Винчидің “Әлем құтқарушысы” атты туындысы. Онда Иисус Христос бейнеленген. Ол үшін 450 миллион доллар төленді.
  • 2025 жылғы қарашада австриялық суретші Густав Климттің қылқаламымен салынған Элизабет Ледерер портреті Нью-Йоркте 236,4 миллион долларға сатылды.
  • Былтыр қарашада әйел суретшілердің ең қымбат жұмысы рекорды да жаңарды. Мексикалық суретші Фрида Калоның сюрреалистік картинасы аукционда 54,7 миллион долларға сатылды.
Айым Болатқызы
Жұма, 06 Ақпан, 2026 11:11