Михаил Шайдоровқа есе жіберген Илья Малинин Олимпиадада беделді марапатқа ие болды
Америкалық мәнерлеп сырғанаушы Илья Малинин қазақстандық Михаил Шайдоровтан жеңілгеніне қарамастан, Олимпиаданың ең беделді марапаттарының біріне ие болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол 1962 жылдан бері Халықаралық Олимпиада комитеті табыстап келе жатқан Fair Play Awards ("Әділ ойын үшін") сыйлығының лауреаты атанды. Биыл жеңімпазды таңдауға рекордтық мөлшерде жанкүйер қатысты.
Жанкүйерлер тарапынан "төрттік секірулердің королі" атанған спортшының сенсациялық жеңілісіне қарамастан жеке ренішін ысырып қойып, қазақстандық Михаил Шайдоровты шын жүректен құттықтағанын жоғары бағаланды.
Fair Play Awards–2026 сыйлығына бұдан бөлек тағы бес үміткер ұсынылды:
Эмбер Гленн (АҚШ) – мәнерлеп сырғанау. Ол жапониялық күміс жүлдегер Каори Сакамотоны ыңғайсыз сәтті түсірген камералардан қалқалап, оның психикалық саулығы мен адамдық қадір-қасиетін көрермен назарынан жоғары қойды.
Италия мен АҚШ әйелдер құрамалары – керлинг. Тасқа қатысты даулы жағдай матчты ұзақ талқылауға ұластыруы мүмкін еді, алайда екі команда да артықшылықтан гөрі әділдікті таңдады.
Канада әйелдер хоккей құрамасы – Финляндия құрамасында норовирус таралған кезде канадалықтар техникалық жеңісті талап етпей, алғашқы олимпиадалық матчты кейінге қалдыруды қолдады.
Джули Зелингрова (Чехия) – аралас жұптар керлингі. Ешкім байқамаған сәтте де ережені сақтаудың үлгісін көрсетті: қозғалып тұрған тасқа байқамай тиіп кеткенін төрешілерге өзі хабарлады.
Юма Кагияма (Жапония) – мәнерлеп сырғанау. Ұлттық құрамадағы әріптесі Сюн Сато қола медаль алған кезде оның шынайы қуанышпен тойлауы достық пен әріптеске деген қолдау кез келген бәсекеден жоғары екенін дәлелдеді.
Айта кетейік, Милан төрінде өткен Олимпиадада ерлер арасындағы мәнерлеп сырғанау аса тартысты өтті. Қысқы бағдарламада бірінші орын алған АҚШ елінің өкілі Илья Малинин жарыс фавориті саналған. Алайда ол еркін бағдарламадағы өнері сәтсіз болды.
Нәтижесінде барлық элементті сәтті орындаған қазақстандық Михаил Шайдоров Олимпиаданың алтынын жеңіп алды.
Бұл Қазақстан үшін 32 жылдан кейін түскен тарихи алтын жүлде.
Осы сәттен кейін Михаил Шайдоровты Илия Малинин келіп бірден құттықтап, құшақтады.