Мереке: Сіздер бала көріп жүрген адам мені көзбен отырғызып-тұрғызады
Қыздар университетінің түлегі, «Жайдарман» мен КТА сахнасында өнер көрсететін әзілкеш сылқым, «Тек қана қыздар» командасының капитаны Мереке Бауыржанқызымен өнердегі жетістіктері мен өмірдегі өзгерістеріне қатысты сұхбатына назар аударыңыздар.
— Қыздар университетінің намысын қорғап, «Жайдарман», КТА-да өнер көрсетіп, ел алдында әзілді-қалжынды шындық айтып, бір жігіттің жұмысындай істі жылдар салып атқардыңыз. Қиындығы мол, xалықтың сынына жиі ұшырайтын өнер жолын таңдауға не себеп?, деп сұрады arhar.kz.
— 2008 жылы ерекше оқу орны Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне оқуға түстім. Әлем бойынша үштікке кіретін, ал Қазақстанда жалғыз Қыздар университетіне тапсырғанымда бойымды бақыт кернеді. Баршаға белгілі қыздар қауымы өмірде өзгеге ұқсамайтын, қайталанбайтын айрықша дүниеге жаны жақын болып келеді. Сондықтан бұл оқу орнына түскенімді мақтаныш санайтынмын. Бастапқыда оқуымды оқып жүрдім. Бір күні жатақханадағы кино залға кірсем, түрлі әзілдермен КВН ойнап жатқан адамдарды байқадым. Топтар арасындағы сайыста қыздар университетін жерден алып, жерге салып, намысқа тиетін сөздермен әзілдеді. Өзім эмоцияға бай адаммын. Бөлмеме кіріп тоқтаусыз жыладым. Өзегім өртеніп барады. Неге қыздарды төмендетеді деген сұрақ мазалады. Шындығында бізде бәрі басқаша еді. Мінекей, сол күннен бастап, намысты арқалап, қыз бала болсақ та, біз де сахна төріне шығып, қыздар университетін дәлелдеп, таптаурынды қалыптасқан ойды бұзамын деп бел будық. Аллаға шүкір, сахнаға шыққан күннен бастап, құрама командалар сұрпайы әзілдерге қоспайды, мазақ етпейді, келемеждемейді. Керісінше, «Жайдарманда» да, КТА-да барынша сыйлап, төріне шығарады.
— Демек, өмірлік жолыңыздың қалыптасуына бірден-бір себепкер Қыздар университеті болғаны ма?
Иә, солай деп айтсам артық емес. Өйткені Қыздар университетінің қара шаңырағын жақсы көргенім соншалық, 4 жыл бакалаврды және 2 жыл магистратураны аяқтадым. 2014 жылдан бастап аталмыш оқу орнының жастар саясаты бөлімінде маман болып жұмыс істедім. Еңбекақым 11 000 теңге болды. Бұған дейін телеарнадан айлығы 100 000 теңгеге жететін жұмыстан бас тарттым. Себебі Қыздар университетінің «Тек қана қыздар» командасын жайдарманда чемпион қыламын деген мақсатым болды. Уақыт өте келе айлығым 30 000 теңгеге көтерілді. Жан-жағымдағы адамдар аз айлыққа қалай өмір сүресің десе де, барды қанағат тұтып, соңына дейін еңбек етуге тырыстым. Сондықтан адам кез келген қиындыққа төзімді болып, нәтижені күте білу керек. Былтыр Медиа департаментіне жұмысқа ауысып, айлығымды директорым Әділхан Дүйсенбекұлы 80 000 теңгеге көбейтті. Әділхан мырза мені бірден танып, Қыздар университетінде «Тек қана қыздар» құрамасының жетекшісі етіп тағайындап, еселі еңбек етуге жағдай жасады. Сондай-ақ, сахнада өнер көрсетуімізге үнемі қолдау білдіретін Қыздар университетінің ректоры Алдамбергенова Гаухар Төремұратқызына алғысымды білдіремін. Мұнымен не айтқым келеді? Әліптің аяғын бағып, әрекеттен қашанда берекет болатындығын естен шығармай, бастаған істі соңына дейін жеткізсең жемесін көресің.
— Өнердің артықшылығы өмірлік жолдасыңызды табуыңызда дейді жұрт. Қалай таныстыңыз? Ел білмейтін сырыңызбен бөліссеңіз — Өнерге өмірлік серігімді табамын деп бармадым. Шынымды айтсам, сахнадан табатынымды да білмедім. Жалпы өмірде ешқашан «мен бүйтпеймін» деп ат тонды ала қашатындай әңгіме айтып, астамшылдыққа салмау керек екен. Себебі бұрындары кәрістің жігіттеріне ұқсайтын нәзік жігеттерді көрсем, «құдай сақтасын», «ешқашан мұндай жігіттерге күйеуге шықпаймын» дейтінмін. Қайта жасы да, денесі де менен үлкен жігітпен отбасын құрамын деп ойлайтынмын. Бұл сырт-келбеті тұрғысында ғана ойым. Менен 2-3 жас кіші жігіттер сөз салса, «жолама», «ары ойна» деп алыстан сыйласатынмын. Осыдай 5 жыл бұрын «Арал-ас» КВН командасының бес жылдық мерей тойына Арал қаласына концертке барғанымда, «мынадай құмды әрі желді жерге қандай жағдай болмасын келін болмаймын» деген оймен қайттым. Көріп тұрғандарыңыздай адамның дегені емес, Алланың дегені болады. Барлық іс жаратқанның қолында! Өмірімде түрлі жігіттермен таныстым, араластым. Барлығы дос, аға, бауыр болды. Жүректен теппеді де (күлді). Өйткені маған сөзбен емес, іспен дәлелдейтін жігіт ұнайтын. Өнерге қатысы жоқ ер азаматтар да кездесуге шақырып, сөз салған. Қоғамдағы адамдар ешкім болмаған соң, жас баланың басын айналдырып алған ойлайтында шығар. Жоқ, ақиқатты білмейді жұрт. Жасы үлкен жігіттер жанұя құруға ниет білдіргенімен, әңгімелері «сен жұлдызсың», «әртіс емеспісің», «әлеуметтік желіде подписчигің көп» деген сөздерден болатын. Жасы отыздан асқан білдей дәрігер, директор болған азаматтардың әңгімесі осындай майда болғанда таң қалатынмын. Бәріне топырақ шашпаймын, алайда адамдар солай сыйласатын болған. Бұл жалған өмірде бәрі уақытша екенін ұмытып кеткендей. Сондықтан мен қыз баласын сыйлайтын, ішпейтін, шекпейтін, өзін тыңдата білетін және жақсылыққа жетелейтін ерекше жанды іздедім. Солай іздеп жүргенде тағдырдың тоғыстыруымен Арсенді жолықтырдым. Менің жолдасыммен таныспай, біліспеген кісі менің айтқан сөздерімді өтірік санауы мүмкін. Сіздер бала көріп жүрген адам мені көзбен отырғызып тұрғызады. Өзіме де сол керек болған.
— Жылдарға созылып келе жатқан жеке өміріңізге қатысты түрлі алып-қашпа әңгімеге нүкте қойыңызшы — Сөз сүйектен өтеді деген мақалдың мәнін толық түсінгендеймін. Осы уақытқа дейін маған ешкім ауыр сөздер айтпайтын, желіге жазған күннің өзін де қабылдамаған болуым керек. Бірақ, осы жолы тым шеттен шықты. Барлық айтылған ғайбат сөздерге жауап бергім келеді. Алайда, виртуалды өмірде бәрі батыр, бәрі Қобыландыдай көрінгісі келеді. Орта жасқан келген бәйбішелер мен қыздар жауыздықпен, ащы сөздермен табалайды. Мәселен, «құдай сақтасын», «жаныңдағы бала ғой», «мұндайды баламыздың басына бермесін» деген сияқты ауыр сөздер жазады. Осы кісілерге айтар жауабым, мен ешқайсыларыңызға ренжімеймін, жамандық тілемеймін, көңіліме де алмаймын. Тек, алаңдайтыным аналарымның сол сөздерді оқығаны. Заман дамып кеткені соншалық, егде жасқа келген аналарымыз инстаграмға жазылып, соңғы жаңалықтардан жылдам хабардар болып отырады. Әйтпесе, жамандық тілеген кейбір жұрттың сөзіне мән бергім келмейді. Мен дінге, заңға қарсы тірлік істегенім жоқ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өзінен 15 жас үлкен әйел алып, Хадиша анамызбен шаңырақ құрған. Пайғамбарымыздың ең жақсы көрген, сыйлаған әйелі Хадиша анамыз болған. Сол уақыттан бері әйелдің дәрежесі көтеріліп, құрметке иеленген. Ислам дінінде рұқсат берілген. Сондықтан басқа-басқа пайғамбарымыздың жолын қуып жатсақ, онда бақытты болғанымыз. Барлығы өз орнымен, заңды түрде орын алып жатқан жағдай. Мен оны жақсы көрдім. Ол мені сүйді. Бірінші қадам бастап, сөз салған ол. Бірінші үйленейік деп ұсыныс жасаған да жолдасым. Алып-қашпа сөзге ілігіп, «бас айналдырып алды» немесе «екі қабат болды» деген адамдарға нүкте қояр сөзімді жеткізгім келеді. Күнә жасамаңыздар, жалған сөз таратпаңыздар. Себебі кімге не тілесең, ол өз басыңа келеді. Жақсылыққа жақсылық еселеніп қайтады. Сүттен ақ, суда таза болсаңыз да, өзгенің көңіліне кірбің түсірсеңіз күнәға жатады. Осы уақытқа дейін әкеме жігіт жайлы сөз айтып, ата-анаммен махаббат жайлы сырласпағанмын. Анам алғашқыда түсінбеді, қорықты. Халық сияқты ол да сұрақтарын жаудырды. Бірақ, жігіттің өзімен жүздесіп, танысып, барлығын білгеннен соң, батасын берді. Ең соңғы болып жаңалықты әкеме айттым. Ал әкем бірден келісті. Неге? Себебі маған сенді. Артық сөз айтпай, ақ батасын беріп, ақ жол тіледі. Анамның жігіт кішілеу екен деген сөзіне он жас үлкен болса да, махаббатпен қосылған жастарға бақыт тілейтіндігін жеткізді. Менің әке-шешем мен Арсеннің анасы мен бауырлары қолдап отырған да, өзгелердің пікірі талқыланбайды.
— Жұбайыңыз жайлы қысқаша таныстырып кетсеңіз. — Өмірлік жолдасым Арсен Амангелдіұлы 1997 жылы өмірге келген. Анасының кенжесі. Өзіне бір жас үлкен Бекен атты ағасы бар. Отбасында үшеуі осы сәтке дейін тату-тәтті өмір сүрген. Арсен кішкентайынан өмірдің сынақтарын ерте көріп, ерте есейген. Ақыл тоқтатқан. Арсенді өзімен қатар жігіттермен салыстырғанда өте сабырлы, ақыл салып, саралап сөйлей алатын, жүрегі «иман» деген жан. Бес уақыт намазы түгел. Кейде мен оның жанында еркелігіме басып, ойланбай сөйлеп, кіші көрініп кетемін. Қазақ тілі мен әдебиет мамандығын бітірген. «Қармақшы» құрамасында жайдарман ойнаған. Сүйікті тағамы палау, манты, пельмень. Басқа тамақ жемейді. Үшеуін айналдырып жей береді. Асты талғап жейді. Жалпы өмірде талғампаз жігіт. Менің идеалымдағы жігіт. Бәрін ерте таныған. Көптеген жастарға үлгі болатындай жан. Сондықтан мен оны әрқашан сыйлаймын және ол сыйлата біледі. Жолдасымды сүйіп, құрметтегендіктен бір жас үлкен ағасына сіз деп сөйлеп, аға деп атап отырмын. Анасын ерекше құрметтеймін. Сондықтан, ойға кірмейтін жаман себеппен қосылған болсақ, мұндай жақсылықтар болмаушы еді. Мұның бәрі Арсеннің ақылдылығы мен білімділігі, әрі алыстан көрегенділік қасиетінің арқасында. Бүгінде бақыттымыз. Арсеннің сценаристік қабілеті бар. Қаламы қарышты. «Тек қана қыздар» жайдарман командамыздың 2 жылдан бері сахнадағы сценарийін өзі жазады. Отандық көгілдір экраннан көрсетіліп жүрген бағдарламаларға сценарий жазады. Атап айтсам, «Бас продакшн», «ДК Продакшн», «Q елі» жобаларында қойылымдарды жазады. Жақында мемлекеттік жұмысқа орналасады. Қысқаша айтқанда мені асырай алады. Отбасында табыс тауып, берекелі ететін де ол. Менің тапқаным өз басымнан артылмайды. Бүгінде Алматыда квартирада тұрамыз. Жүріп-тұруымызбен ас-суымыздың бәрін Арсен табады. Сондай-ақ, Арсеннің өткен өмірі маған маңызды емес. Иә, ол әдемі және қыздардың бәрі жақсы көрді. Оның ақ жүрегі мен ойы таза. Бірден көзге түсетін жігіт. Сондықтан ол менімен кездескеннен бастап, күмән тудыратындай, менің сенімімнен шығатындай іс жасамаған.
— Келін болу оңай емес. Жат жұрттың табалдырығын аттаған соң, тастай батып, судай сіңу қажет. Отбасылы болған соң, өнер жолын тастамайсыз ба? Жолдасыңыз рұқсат береді ме?
— Жат жұрттың босағасын аттап, салты мен дәстүрі өзгеше елге келіп, келін болу оңай емес. Алайда, адам бір адамды шын сүйсе, айналадағы құбылыстар мен өзге заттар көзге көрінбейді. Арсенді сүйіп барғандықтан, Арал өзімнің туған жерімдей болып көрінді. Әрине, бастапқыда өз отбасың мен үйіңді сағынасың. Екінші күні өз еліңді тауып, осы жанұяның түтінін түтететін жан екеніңді мойындайсың. Арал менің өз елім. Тастай батып, судай сіңуге тырысып жатырмын. Бақытты боламын деп емес, бақытты қыламын деп келдім. Менің анам (енесі) керемет жан. Екінші анам бәріне түсіністікпен қарайды. Келгелі қабақ түйген жоқ. Дұрыс істеген, бұрыс жасаған тірлігіме ренжімей, қайта көрсетіп, үйретіп, білгенімді мақтап, білмегенімді үйрететін ана. Өнер жолына келетін болсақ, Арсен өнерді түсінетін жан. Жоғарыда айтып өткенімдей, сахнадағы қойылымдарымызды жазып, бізді сүйреп жүреді. Өз басым тұрмыс құрсам, жайдарманды тоқтатамын деп шешкенмін. Дейтұрғанмен, күйеуім өнерді сүйіп, мақсат жолым бар екенін білгендіктен маған толықтай қолдау білдіріп, сахнаға қайта шығуыма рұқсатын берді. Арсеннің жанұясы да өнерді толық түсінетініне көзім жетті. Сондықтан болашақта көптеген жаңалықтарымызбен қуантамыз деген сенімдемін. (күлді).
— Жақында ғана өткен ұзату тойыңыз қалай өтті. Өнердегі жұлдыздар қуанышыңызға ортақтасты ма?
— «Сахнада жүрген жұлдыздың бірісің. Тойыңызда сахналас өнер жұлдыздарын байқамадық. Есен Елеукен, Тұрсынбек Қабатов сынды өнер майталмандарымен суретке түсеміз деп ойлаған едік» деген жандар болды. Мен өнердегі азаматтардың бірін қалдырмай тойыма шақырдым. Жаныма жақын барлық таныс-тамырға тойдың төрінен орын дайындадым. Бір байқағаным, менің тойым жұмыс күніне түскен көрінеді. Мен ренжімеймін. Демек, солай болу керек болған. Өзім дегенде өзегін жұлып беретін жандар қуанышымызға ортақтасып, жақсы лебізін білдірді. Есен аға әкемдей болған адам. Тойға келмеген себебін білмедім. Тұрсынбек Қабатов ағамдай жан. Ол кісі бір жылдық жоспары құрылған, өте іскер азамат екенін мойындаймын. Бұдан басқа достарымның жанұясы мен жұмыстары барын түсінемін. Екі жылдан бері жақынымызға айналған КТА-да тұрақты әділ-қазы алқаларындағы Болат Бауыржанұлынан бастап, Қанат Әлжаппаров, Ләйлә Сұлтанқызы, Гүлнұр Оразымбетова сынды ел алдында жүрген жандардың бәріне дерлік шақыру қағазын жібердім. Болат Бауыржанұлы мен Ләйлә Сұлтанқызы жақсы тілектерін білдіріп, уақыт болса, қуанышқа келетінін айтты. Жалпы, барша алыстан тойыма келген достарыма мыңда бір алғысымды білдіремін. «Тек қана қыздар» КВН командасындағы барлық қыздардың тойда гүлдей құлпырып, шаш бауымды көтергені нұр үстіне нұр бола түсі. «Тек қана қыздар» командасы үш кезеңге бөлінеді. Ерте замандағы қыздар, орта замандағы қыздар және қазіргі замандағы қыздар. Олардың бәрі қуанышыма ортақтасты. Отыз шақты қыздарым аяғынан тік тұрып қызмет етіп жүргенін көріп, Аллаға шүкіршілік таныттым. Осы қыздардың да бағы ашылып, олардың тойында да қызмет етуді жазсын дегім келеді. Шымкент қаласы мен Жетісайдағы барша достарым мен той тізгінін қолға алған Хамит Ердехан мен Аяддин бауырымызға ерекше ықыласымды білдіремін. Той жоғары дәрежеде өтті. Шымкентте той у-шу болып өтеді. Қуанышты шулап отырып тойлайды. Келген достарым мен келе алмай себебін айтқан достарыма да Алла разы болсын.
— Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
— Кез келген қыздың арманы адал жар, аяулы ана, ардақты әже болу. Алла қаласа алғашқы жоспарым ана атану. Жәй ғана емес, көп балалы ана атанғым келеді. Саналы, салиқалы ұрпақ тәрбиелеу. Өнер жолында киелі сахнаны тастамау, жолдасыммен шығармашылық табысқа бірге жету. Жоспар өте көп. Оның бәрі уақытысында орындалар.
Тағы да оқыңыз:
Ағасы: Әкемнің “Қалаулымнан” әйел іздеп жүргенін көрген қарындасым өзіне қол салмақ болды
Тұрсынбектің әйелінің елдегі қарызы жайлы айтатындай не болды: Журналист ұлттық арнаны сынға алды