Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Миллиондаған айыппұл төлейсіздер деп бопсалады": Аягөзде менингиті бола тұра, әскерге жіберілген сарбаз қаза тапты

Фото: pixabay.com

Абай облысының Аягөз әскери бөлімінде Саламат Сәбитов есімді 18 жастағы мерзімдегі сарбаз көз жұмды. Туыстарының айтуынша, оны әскерилер ауруы туралы анықтамасына қарамастан әскерге алып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жігіт наурыз айында Солтүстік Қазақстан облысынан шақырылған. Ол әскерде үш апта ғана болып, тіпті ант қабылдап та үлгермеген. Марқұмның туыстары Саламаттың денсаулығында назар аударарлық мәселелер болғанын айтады.

"Ол әскерге жарамсыз болды. Қолымызда анықтама да болды. Саламаттың омыртқасы ауырған. Көзінде де мәселелер болды. Бұған қарамастан, оны танк бөліміне қызмет етуге жіберді. Ол бір апта ауруханада жатты. Жағдай қалай нашарлады, ата-анасын шақырды", – деді оның туыстары.

Саламаттың анасының айтуынша, басында әскерилер егер баласын жібермесе миллиондаған айыппұл төлейтінін айтып бопсалаған.

"22 сәуірде екі қызметкер түнгі сағат 22.00-де үйге келді. Ұлымды әскери міндетінен жалтарып жүр деп айыптап, қылмыстық қудалау қаупі төнетінін айтты. Тіпті іс әскери прокурорға берілетінін жеткізді. Әйтпесе бізге төрт миллион теңге айыппұл төлеуге тура келетінін алға тартты. Ал менде ондай ақша жоқ. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Таңертең оны сол жерден әскерге алып кетті. Алайда бұл кезде мен жұмыста болдым. Оны пойызда болған кезде ғана көрдім. Мезгіл-мезгіл қоңырау шалып тұрдық. Ештеңеге шағымданған жоқ. Содан кейін ұлым жансақтау бөліміне түсті. Командир бәрі жақсы екенін айтып, алаңдамауымды өтінді. Алайда біз сенбей туысқанымызды жібердік. Туысымыз Саламаттың комаға түскенін хабарлады. Содан мен ауруханаға таңертең жеттім. Сол күні оның жүрегі тоқтап қалды", – деп жылады сарбаздың анасы.



Қазір қаза тапқан сарбаздың ата-анасы Аягөзде. Өлімнің алдын-ала себебі – менингитке байланысты мидағы іріңнің қабынуы.

Қорғаныс министрлігі Саламат Сабитовтың көз жұмғанын растады және кейінірек түсініктеме беруге уәде берді.

"16 мамыр күні кешке сарбаз ауырсыну мен жоғары температураға шағымданып, әскери госпитальға жатқызылды. Алғашқы тексеруден және емдеуді тағайындағаннан кейін оның жағдайы жақсармады. 17 мамырда ультрадыбыстық және КТ-ны қоса алғанда, қосымша тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде пациент одан әрі емдеу үшін орталық аудандық ауруханаға ауыстырылды. 18 мамырда оның жағдайы күрт нашарлады. Медициналық мамандардың күш-жігеріне және жансақтау бөліміндегі қарқынды терапияға қарамастан, оны құтқару мүмкін болмады. Сарбаздың қайтыс болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деді министрлік.

Дереккөздерде Саламат Сәбитовты әскерге жіберген Солтүстік Қазақстан облысының әскерге шақыру комиссиясында ішкі тексеру басталғаны айтылған.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 20 Мамыр, 2025 16:14
Талқылау