"Менің пәтеріме жүр, демалайық": Талғарда ер адам подьезде 15 жастағы оқушы қызға тиіскен

Фото: Желі кадрларынан скрин
Алматы облысында ер адам подьезде мектептен қайтып келе жатқан 15 жастағы оқушы қызға тиіскен. Ол оқушының артынан еріп құшақтап, пәтеріне шақырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға Талғар қаласында болған. Желіде тараған видеода оқушы қыздың мектептен қайтып, подъезге кіріп бара жатқан сәті түсірілген. Сол кезде оған белгісіз ер адам жақындаған.
Қыз подъезге кіргенде, ер адам оның соңынан ере кіріп, белінен құшақтап, "менің пәтеріме жүр, демалайық" деп ұсыныс жасаған. Оқушы лифтіге мініп, үйіне көтеріліп, болған жайды анасына айтып берген. Анасы полиция шақырған.
Stan.kz тілшісі оқиғаға байланысты Алматы облыстық полиция департаментіне сұрау жолдады.
“24 қарашада полицияға қаладағы шағын аудандардың бірінде кәмелетке толмаған тұрғынға қатысты құқыққа қарсы әрекеттер туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына дер кезінде полиция қызметкерлері келді. Бейнебақылау камераларындағы жазбалар және жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде осы подъезддің тұрғыны, алкогольдік масаң күйде болған азамат анықталып, ұсталды. Ұсталған адам процессуалдық әрекеттерді жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізілді.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, оның аясында мән-жайды жан-жақты анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында”, – деді ведомство.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді