"Менің өтінішім мақұлданды, бірақ ақша түскен жоқ" - Вице-министр 42500 теңге төлемді кешіктірудің себебін түсіндірді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемін кешіктірудің ықтимал себептерін түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Вице-министр Instagram-дағы парақшасында 42500 теңгеге байланысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді. Соның бірі - "Менің өтінішім мақұлданды, бірақ ақша түскен жоқ. Неге?".
"Өздеріңіз білесіздер, мен осы сұрақтарды ала отырып, жақында телеграмм-арнамда қаражатты ұзақ есептеуге қатысты сауалнама жүргіздім. Нәтижелері бойынша біз банктермен осы мәселелер бойынша жұмыс жасадық. Мысалы, кейбір банктерде кідірістердің барын анықтадық, бірақ қазір олар жойылды", - деді вице-министр.
Сонымен қатар, ол өтініш берушілерді өтінімді ресімдеу кезінде мұқият болуға шақырды.
"Сандармен айтар болсақ, бүгінгі таңда 930 мыңға жуық өтініш беруші шот нөмірін көрсетпеді немесе IBAN жазу кезінде қате жіберген. 800 мың өтінім бойынша біз банктермен талдау жүргіздік, есепке алу тетігін пысықтадық. Қалған 130 мың IBAN табылмады. Бүгін осы азаматтардың барлығына телефон нөміріне шот нөмірі сұралған СМС жіберіледі. Оған шот нөмірін дұрыс көрсете отырып, жауап беру керек. Тағы бір рет жіберер алдында мұқият және қайта тексерулеріңізді сұраймын", - деді Н. Мұқышев.
Бұған дейін Нариман Мұқышев әлеуметтік төлемнің тағайындалмауының себептерін атады.