"Менің қателігімді қайталамаңыздар": Рэпер Qarakesek аялдама жуып жүр

Психотроптық затты қолданғаны үшін кінәлі деп танылып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған рэпер Qarakesek жазасын өтеуге кірісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Qarakesek лақап атымен танылған рэпер Омар Амантаев бүгінде басқа да көше тазалаушы қызметкерлермен бірге көшеде қоқыс жинап, аялдама жуып жүр. Өнер иесі Ulysmedia.kz-ке видеосыз қысқа сұқбат берген.
Рэпердің айтуынша, мұндай жұмысты алғаш рет істеп көрген.
Сондай-ақ Омар Амантаев сахнадағы Qarakesek бейнесі мен өмірдегі болмысының арасында айырмашылық жоғын жеткізді. Оның сөзінше, әндерінің барлығы өмірден алынған, ал соңғы “Сахара” туындысы тікелей өз өміріне байланысты жазылған.
Ал “Детдом” әніне қатысты сұраққа ол бұл шығарманың өзінің өміріне қатысы жоқ екенін айтты. Рэпердің сөзінше, ән басқа адамның тағдырына негізделген.
“Шүкір, ата-анам бар”, – деді ол.
Омар Амантаев әлеуметтік желіде парақшасы жоқ екенін де жасырмады. Өнер иесі әртіс болу ешқашан басты мақсаты болмағанын ашық айтты.
“Шығарған өлеңім өтіп кетті. Солай танылды. Қазақша рэпермін. Әндерімнің бәрі белгілі бір жағдайға байланысты шықты. Қазір ән шықпай жатқаны менде айтатын ештеңе жоқ. Өзімде қателік көп болған соң ешкімге ештеңе айта алмаймын. Осы жағдай бітсін, сосын кірісемін. Қазір өлең жазатын жағдайда емеспін”, – деді рэпер.
Сонымен қатар ол тыңдармандарына үндеу жасап, қиын сәтте қолдау білдірген жандарға алғыс айтты.
“Өлең айту үшін де көңіл күй мен ішкі дайындық қажет. Менен үміт үзбеңіздер. Менің қателігімді қайталамаңыздар”, – деді ол.
Ал “Ақтөбе билігі рэперге тек таза көшелерден жұмыс берді ме?” деген сауалға мердігер компания өкілі жауап берді. Ақпаратқа сәйкес, Омар Амантаев өзіне белгіленген аумақтың бәрінде жұмыс істеп жүр.
“Біз Заречный-1 және Заречный-3 тұрғын алаптарындағы көше тазалығына жауаптымыз. Қоластымда 18 қызметкер бар. 100-ден аса көше бар, барлығын қоқыстан тазалаймыз. Омар секілді соттың шешімімен келген жұмысшы бізде алғаш рет. Ол 26 наурыздан бері жұмысқа шығып жүр”, – деді “Damu life” мердігер компаниясының басшысы Жандос Ерекешов.
"Аппағым" әні есірткі жайлы": Белгілі заңгер Qаrakesek-тің әндерін тыңдамауға шақырды
Бостандыққа шыққан рэп орындаушы Қаракесекті концертке кіргізбей қойды
Еске салайық, былтыр 4 қыркүйекте Ақтөбе қаласында 31 жастағы рэп-орындаушы есірткіге масаң күйінде көлік жүргізіп отырған жерінен ұсталған еді. Амантаев 15 тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ ол 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Бұған қоса, есірткі заттарын заңсыз қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Омар Амантаевтың кінәсі дәлелденсе, әншіге 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін. Сонымен қатар 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы да қарастырылған.
Рэп-орындаушы Qarakesek сотқа мәжбүрлі түрде жеткізілді. Биыл 19 ақпанда сот рэперді психотроптық затты сату мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады және есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі ем қолдану туралы шешім шығарды.