Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Менің қаным — қазақ, жаным — қазақ": Әділбек Ниязымбетов "оралман" деп төмендететіндерді орнына қойды

Бұрын артық ауыз жақ ашпайтын, сұхбат беруге аса құштарланбайтын әуесқой бокстан әлем чемпионаты мен Лондон, Рио олимпиадаларының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, біраз сырын бөлісті. 

Әділбек НиязымбетовСурет: olympic.kz

— Әділбек, сәлем. Нұрсұлтанға қоныс аударған екенсіз. Құтты қоныс болсын. Үйрендіңіз бе? Қоныс аударуға не себеп болды? Мұндай шешімге келудің себебі неде?

—    Көп-көп рахмет. Иә, елордаға осыдан бір жыл бұрын көшіп келдім. Тез үйрендім. Басқа мемлекет емес, өзіміздің бас қаламыз ғой. Сондықтан аса бір шеттету немесе қиыншылық көрмедім. Ал қоныс аударудың басты себебі – өсу деп айтқаным дұрыс шығар. Елордамызда жаңа белестерді, қызметтерді бағындыруды жөн санадым. Бір түнде буынып-түйініп келдім деп айта алмаймын. Біраз ойландым, ата-ана, бауырларыммен, жаттықтырушыларым мен спорттағы ағаларыммен ақылдасып, кеңесіп, бір шешімге келдім. Өкінбеймін. 

—   Бірнеше жыл бұрын сұхбаттасқанда «Өзімді тек бокста көремін. Бокстан бөлек елестете алмаймын» деген едіңіз. Қазір іштей қимастық, сағыныш бар ма?

—    Әрине, шаршы алаңды сағынамын ғой. Бірақ, соншалықты қимай күйзелісте жүрмін деп айта алмаймын. 60-70 жасқа дейін бокстасып жүрмейтінім белгілі еді ғой. Бокстағы қадамдарымның ертелі-кеш аяқталатыны анық болды. Сол сәт осы кезеңге келген шығар. 


Ешкім күтпеген еді: 22 жастағы қазақ жігіті төрт дүркін әлем чемпионын ойсырата жеңді (видео)


—   Ойланып отырсаңыз, «Әттеген-ай шаршы алаңда жетпеген жетістігім, биігім» деген өкініш бар ма? 

—    Әрине, алтынға бір қадам жетпей қалғаны кейде ішті қынжылтады. Бірақ, күнде соны ойлап сары уайымға салынып жүрмін деп айта алмаймын. Өткенге өкінішпен қарайтын адам емеспін. Бәріне шүкірлік пен тәубе етемін.

—    Өзіңізді бокстан көрмесек те, шәкірттеріңізді көре аламыз ба? Мектеп ашу, тренер болу жоспарда жоқ па?

—    Жоқ, мен тренер бола алмаймын. Оған рұқсат жоқ. Ал өзімнің жеке мектебімді ашуды әзірге жоспарлап жүрген жоқпын. Мүмкін алыс болашақтың еншісінде бар шығар. Бұйырғанын көрерміз. Қазір мен қағаздармен жұмыс жасап, құжаттардың тілін үйренудемін. Әзірге осы саланы бағындырып, жақсы қызметкер болу мақсатым.

—    Бұрын бокста жүргенде, көп сұхбат бермейтінсіз. Қазір барлық жерден көруге болады. Неге? Еркіндіктің белгісі ме? Әлде танымалдылықты арттыру, хайп ұстаудың амалдары ма?

—  Ешқандай да хайп емес. Танымалдылықты арттыру немесе мені ұмытып кетпесін деп жылтыңдап теледидарға шығып жүрген жоқпын. Спортта жүрген кезімде расында уақыт болмайтын. Күніне екі рет 2-3 сағаттан жаттығу жасайтынбыз. Ал бос уақытымыз болған кезде ұйқымды қандырып, отбасыма көңіл бөлуді жоспарлайтын едім.

Өздеріңіз байқасаңыздар, Серік Сапиев, Бақтияр Артаев секілді ағаларымызда шаршы алаңға шығып жүрген кезде артық сұхбат бермейтін. Оларды өте сирек көретін едік. Ал спорттан кеткен соң міне кез келген жерде сұхбат беріп, ойларын ашық айтып жүр. Менде де сондай позиция. Кезінде уақыт болмады, қазір күн тәртібім аса тығыз емес, ретін табуға болады. 

— Қазір шоу бағдарламадан көрініп жүрсіз. Шақыртуды қалай қабылдадыңыз? 

—  Бастапқыда сәл жүрексіндім. Кейін мұндай мүмкіндіктің жиі болмасын біліп, келістім. Халықтың қолдауымен жобада Балжан екеуіміз өнерімізді көрерменге ұсынып келеміз. Бізді қолдаған әр көрерменге алғысым шексіз. 

— Негізі сахнада, сьемкада кездесіп, кейін махаббат болып шаңырақ көтергендер аз емес. Балжан Бидаш әдемі, бойдақ, жерлессіздер. Айтар әңгімелеріңіз оңай жарасатын шығар. Шоудан соңға тойға ұласуы мүмкін бе?

—   Жоқ, ол мүмкін емес. Балжанның жігіті бар. Тек қарындасымдай сыйлаймын. Бақыт тілеймін.

—   Қай сала оңай: әншілік пе әлде шаршы алаңға шығу оңай ма?

—  Әр саланың өз қиындығы бар ғой. Бірақ, шаршы алаң мен әншілікті салыстыруға келмейді. Рингке шығу үшін біз жылдар бойы дайындаламыз. Тек физикалық емес, психологиялық, адами тұрғыдан да үлкен дайындық керек. Шаршы алаңда аяқ, қол, екі көз, ми бәрі қатар жұмыс жасау керек. Қарсыласқа жұдырық тисе болды емес, қарсыластық соққысын өткізбеуді, былай ұрсам, былай қорғанамын деген секілді стратегияның бәрін ойлап жүреміз. Ал ән айту оның қасында оңай болып қалды. Мәтінді жаттап алып, ырғаққа түсуге тырыссаңыз, әнді сезінсеңіз жеткілікті. 

—  Болашақта кәсіби әнші болуыңыз мүмкін бе?

—  Жоқ, әншілердің нанын тартып жеп жеккөрінішті болғым келмейді. Әзіл ғой. Әркім өзінің қолынан келетін іспен айналысқаны абзал деп ойлаймын. 

— Сізді «оралман» деп төмендетіп, намысқа тиюге тырысқысы келетіндер болды ма?

—   Жоқ,  мұндай сөздерді ешқашан естіген емеспін. Тіпті, айтса да мән бермейтін едім. Бастысы, менің қаным — қазақ, жаным — қазақ. 

— Instagram желісінде неге аса белсенді емессіз? Сізге Instagram табыс әкеле ме?

—  Instagram желісінде аса белсенді емеспін. Тұрақты түрде пост салу керекпін, керемет мәтін жазу керекпін деген ережелер жоқ. Тек естелік альбомы секілді қолданамын. Инстаграм арқылы ешқандай табыс табуды да  мақсат еткен емеспін.

—  Қашан үйленесіз? 

—  Алла қаласа, келесі жылы үйленемін деп жоспарлап жүрмін.

— Талғамдағы ару қандай?

— Оны нақтылап айта алмаймын. Мен үшін барлық қазақ қызы әдемі. Бастысы, ер адамның қасиетін түсінетін, ата-ананы сыйлайтын ізгі жан болса деп тілеймін. 

— Ендеше, бағыңызды еселеп, бақытыңызды арттыратын аруды тілейміз. Тойыңызға біздің ұжымды шақырып, сүйінші сұрауды ұмытпаңыз. 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Талқылау