Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мені жүкті етіп тастап кетті": Желіде қазақстандық қыз Оразалы Досбосыновтың ұлына ауыр айып тақты

Оразалы Досбосынов ұлына айып тағылдыФото: https://www.threads.com/@nadirrovva_?

Threads желісінде Назерке Надирова есімді қыз Оразалы Досбосыновтың ұлына ауыр айып тақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Назеркенің айтуынша, өзін Оразалы Досбосыновтың ұлымын деп таныстырып жүрген ер адам – оның бұрынғы күйеуі.

“Бүгін TikTok желісінде бұрынғы күйеуімді “Оразалы Досбосыновтың ұлы” ретінде таныстырып жатқанын көрдім. Бірақ әдемі көріністің артында әрдайым басқа шындық жатады. Бәрі оны “Оразалы Досбосыновтың ұлы” ретінде біледі, ал мен ол 9 ай бойы мүлде хабарласпай, тастап кеткен әйелімін”, – деп жазған ол.

Екі жас 2024 жылғы ақпанда шаңырақ көтерген. Қыздың анасы бұған қарсы болмағанымен, ол анасына қарсы шығып, үйінен кетіп қалған. Назерке бұл әрекетін болашаққа сенгендіктен жасағанын түсіндірді.

Назерке 2024 жылғы қазанда жүкті екенін білген, алғашында бәрі жақсы болғанымен, бірнеше күннен кейін жағдай түбегейлі өзгерген. Оның сөзінше, күйеуі 16 жасынан бері тексерілгенін, өзі бедеу екенін айтып, құрсағындағы сәбиді өзге ер адамның баласы деп айыптаған.

“Жүкті екенімді білгенде екеуміз де қатты қуандық. Бірнеше күннен кейін қиындық басталды. Ұрыс-керіс, қорлау, төмедету. Түнгі сағат 3.00-те жылап, өз үйіме кетіп қалдым. Ұялы телефонымды сындырды, мені видеоға түсіріп, баланы өзге адамнан көтергенімді күштеп айтқызды. Жағдайымның нашарлағаны соншалық, ол үйден аман шықпаймын ба деп қорықтым. Әрі қарай жүктілігіме қарамастан анаммен тұрдым”, – деп жазды ол.

Жас ана бұрынғы күйеуі 9 ай бойы мүлде хабар-ошарсыз кеткенін, бірақ ол үмітін үзбегенін жасырмады.

“9 айда бір де бір рет “Қалайсың?” деп қоңырау шалмады. Менің жүктілігіме қауіп-қатер төнді, жыладым, жалғыздық. Мен мұның бәрінен жалғыз өттім. Бұған қарамастан ол бір күні келеді деген үмітті үзбедім”, – деп жазған ол.

Назерке босанғанда да жағдай түзелмеген. Перзентханадан шығар кезде жігіт ештеңе болмағандай келіп, “Бұл менің балам, мен білемін” деп айтқан. Алайда сол күннен кейін ол тағы да із-түзсіз жоғалып кеткен.

“12 шілдеде менің ұлым Мұхаммед-Али дүниеге келді. Осы уақытта ғана байланысқа шығып, “Бұл менің балам” деді. Перзентханадан шығаруға келіп, өтірік түр жасап жүрді. Осымен ол қайтадан жоқ болып кетті. Балаға көмектеспейді, ол туралы сұрамайды. Бұған қарамастан, өзін таза адам секілді ұстайды, ешнәрсе болмағандай көрсетеді. Мен ше? Мен 9 ай бойы барлық қиыншылықты жалғыз еңсерген адаммын. Мен оның баласын дүниеге әкеліп, оны өсіріп отырған адаммын. Мен баланы өзге біреуден тумадым, бұл оның баласы. Балам әкесінен аумайды”, – деп жазды ол.

Назерке Надирова Оразалы Досбосыновтың ұлы туралыЖазба авторы көпшілік жігітті марқұм Оразалы Досбосыновтың ұлы болғаны үшін ақтап алуға тырысып жатқанын жазды.

“Адамдар біреуді “мен Оразалы Досбосыновтың ұлымын” деген сөзі үшін ғана мінсіз санауын доғарғанын қалаймын. Жұрт оны судан таза, сүттен ақ көреді. Ол ата-анасының атын жамылып, өзін де жақсы адам ретінде көрсетіп жүр. Бірақ шындықтың беті мүлде басқа еді”, – деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін марқұм Оразалы Досбосыновтың немересі дүниеге келгені хабарланған еді.

Өнер иесінің атымен ашылған парақша жақсы жаңалықты сүйіншіледі.

“Ораз ағамыздың немересінің бауы берік болсын, үлкен азамат болсын!” – делінген жазбада.

Желі қолданушылары айтыскер ақынның ұлы, әке атанған Нұрсұлтанды құттықтап жатыр. 

“Бауы берік болсын! Атасының жолын жалғайтын текті ақын болсын!”, “Адам ұрпағымен мың жасайды. Бұл өмірден ерте кеткен Ораз ағамыздың рухы шат болсын”, “Ата мен апа бұл сәтті көрмей кетті, әттең-ай... Бір кем дүние...”, – деп жазды көпшілік. 

Балнұр Жұмаділла
Дүйсенбі, 08 Желтоқсан, 2025 12:45